Атырау, 20 сәуір 04:05
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

«Атырау» енді соңғы орында емес

2 865 просмотра

29 сәуірде футболдан ел чемпионатының 9-шы турында «Атырау» «Таразбен» көшпелі ойын ойнады.

Алаң иелері де турнир кестесінде соңғы орындарда тұр, сондықтан матч олардың шабуылынан басталды. 14-шы минутта «Тараз» пенальти иемденіп, Руслан МҰХАМЕТШИН доп соғып… біздің қақпашымыз Андрей ПАСЕЧЕНКО оның соққысын керемет тойтарып тастады. Андрей мен оның командалық серіктестерінің қалай қуанғанын түсіну қиын емес. Өйткені 11 метрден соққан допты қайтару қақпашының кішкентай ерлігі болатын. Әдетте, мұндай сәттер голдан аман қалған команданы шабыттандырып жібереді. Солай болды да. Ойын тең түсіп, меймандар бәсекелестерінің жарты алаңына жиі шыға бастады. Алайда бірінші таймда ешқайда гол салынбады.

Кездесудің екінші жартысында 63-минутта «Атырау» жақсы шабуыл жасап, Антон ЧИЧУЛИН берген добынан меймандардың шабуылшысы Виталий ЛИ есепті 1:0 қылды. Алайда 10 минуттан соң «Тараздың» жартылай қорғаушысы Бахтиёр ЗАЙНУТДИНОВ есепті теңестірді – 1:1. Осыдан кейін қожайындар бірнеше рет өткір шабуылдар жасап, алға шықты. Бірақ «Атырау» сенімді түрде қорғана білді. 89-минутта шешуші сәт туды. Меймандар айыппұл алаңына жақын жерде айыппұл добына ие болды. «Тараз» қорғаныс тосқауылын құрды. Допты «Атыраудың» сербиялық легионері, командаға биылғы маусым алдында келген Новица МАКСИМОВИЧ соғып, оның соққысы тосқауылды айналып өтіп, қақпаның бұрышына кірді. Есеп 2:1, қалған бірнеше минутта «Атырау» жеңіс есебін сақтап қалды.

Чемпионаттағы «ақ-жасылдардың» алғашқы және өте маңызды бұл жеңісі оларға соңғы орыннан көтеріліп, турнир кестесінен 11-орынға жайғасуына мүмкіндік берді. Қарағандылық «Шахтер» командасында да осындай ұпай, 10-орындағы «Ақтөбеде» 5 ұпай.

«Атыраудың» келесі матчы қызылордалық «Қайсармен» өз алаңында «Мұнайшы» стадионында өтеді.

Марат ТАКУЛИН

30 сәуір 2017, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.