Атырау, 29 наурыз 05:13
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Азық-түлік саласында Ресей мен Беларусь тарапынан демпинг байқалуда - «Атамекен» ҰКП

8 117 просмотра


Қазақстанда азық-түлік нарығы тиісті деңгейде қорғалмай жатыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Өсімдік шаруашылығы өнімін өңдеудің проблемалары туралы» тақырыппен өткен дөңгелек үстелде «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Біздің салада екі мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде тек 700-і орта және ірі кәсіпорындар. Сонымен қатар салада 55 мыңнан астам адам еңбек етуде. Барлық өңдеуші өнеркәсіптің 18 пайызға жуығы тамақ өнеркәсібіне тиесілі. Әрине, осы саланың әлеуеті жоғары. Атап айтқанда, біздің өнімге қытайлық нарық пен Таяу Шығыс елдері айтарлықтай қызығушылық танытуда», - деп тоқталды Есенеев. 

Осы орайда ол астықты, майлы дақылдарды қайта өңдеу бағытындағы әлеуетті толықтай пайдалану керектігін атап өтті. «2013 жылдан бергі мәліметтерге тоқталатын болсақ, осы саладағы инвестициялар екі есеге артты, яғни 62 млрд. теңгеге жетті. Алайда біздің кәсіпорындардың жүктемесі тиісті деңгейде емес. Жалпы, өсімдік шаруашылығы өнімін өңдеу көрсеткіші тек 50 пайызға жүктелген. Бұл өз кезегінде бизнесті де, Үкіметті де алаңдатып отыр. Осы тұрғыда негізгі проблема салық жүйесінің жетілдірілмеуінен, сондай-ақ Ресей мен Беларусьтегі әріптестеріміз тарапынан қатаң демпингтің орын алуынан болып отыр», - деді Ербол Есенов. 

Оның сөзіне қарағанда, ішкі нарық тиісті деңгейде қорғалмай жатыр. 

«Барлықтарыңыз тұтынушы болып табыласыздар, осы орайда қазақстандық нарықта азық-түлік өнімінің импорттаушылары қаншалықты емін-еркін сезінетіндігін байқап жүрсіздер. Кейбір мемлекеттік органдар елге қадағалаусыз тасымалданып жатқан өнімге қажетті әрекеттер жасай алмауда. Мәселен, ресейлік «Роспотребнадзор» қандай да бір шектеуді енгізу үшін себептер тауып жатыр. Сондықтан бұл тұрғыда көптеген мәселелер баршылық», - деп түйіндеді сөзін «Атамекен» ҰКП өкілі.

Дереккөз: ҚазАқпарат


27 сәуір 2017, 16:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.