Атырау, 29 наурыз 11:50
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Балалар, робот және Рубик кубигі

4 097 просмотра


Сан алуан қызықты эксперименттер, роботтар, компьютерлік бағдарламалар арқылы басқарылатын құрылғылар, аппараттар, қағаздан, ағаштан, металдан жасалған неше түрлі құрал-жабдықтар – бұлардың бәрі Атыраудағы «Білім-инновация» лицейінде өткен «Білім көрмесінде» келушілер назарына ұсынылды.

Осымен екінші рет өткізіліп отырған көрмені облыстық білім басқармасы мен лицей ұжымы бірлесе ұйымдастырған. Лицей директорының орынбасары Нұрбек АМАНОВ:

- Көрменің мақсаты – қызықты эксперименттер көрсету, ғылыми жаңалықтарды балаларға таныстыру, оқушылардың білімге деген қызығушылықтарын көтеру, олардың арасындағы байланысты нығайту, тәжірибе алмасу. Бүгін лицейге 56 қала мектебінің, 5 облыстық мектептің және Мақат, Исатай, Махамбет аудандарының оқушылары қатысып, тағы 1000-ға жуық оқушы тамашалауға келді, - дейді.

Мәселен, оларды лицейдің 10-сынып оқушылары Санжар МУРСАЛИМОВ, Төрегелді ҚАБИЖАНОВ, Нұрберген ХИНАТОЛЛА бірігіп құрастырған әуен ойнатуға арналған құрылғы қызықтырды. Пианино клавиштары сияқты құрастырылған тақтайшаның бетінде сенсорлық нүктелер (фоторезисторлар) бар. Олар қараңғыға және жарыққа әрекет етеді.


- Әр клавишті аяқпен басып көріңіз, түрлі әуен шығады. Және жеке ноталарды да ойнауға болады. Бұл әрекеттердің барлығы ақпараттық код арқылы жүзеге асады, - дейді жас ғалымдар.

Ал, Жәнібек ЖЕКСЕНБАЙ мен Тамерлан ХУСАЙНОВ құрастырып шығарған робот Рубиктің шаршысын (кубик Кубика) әп-сәтте жинап береді.

- Кішкентайымнан осындай бас қатырғыштарды шешкенді жақсы көремін. Шаршыны жинайтын арнайы бағдарлама болған, бірақ ол мүлдем көңілімізден шықпады. Сондықтан біз қателіктерді түзетіп, кейбір бөлшектерін ауыстырып, жаңа бағдарлама ойлап таптық. Робот алгоритм бойынша шаршыны жинап қана қоймайды, сонымен қатар қайта бұзады, түрлі өрнектер салады, - дейді Жәнібек. Ол шаршыны өзі де өте тез жинай алады екен – қолдары қолдарына жұқпайды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Суретті түсірген автор

27 сәуір 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.