Атырау, 19 сәуір 05:41
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Жем өзені толықты

7 481 просмотра


Бірақ, бұл жазда құрғақшылықтан құтқармауы мүмкін, деп есептейді Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас ҚУАТБАЕВ.

Биыл Ақтөбенің Мұғалжар тауынан бастау алған бұлақтар мен еріген қар суы былтырғыға қарағанда Жем өзеніне кешігіп жеткен. Келген су мол болғанымен қуануға әлі ерте екен.

- Су 17 күнге кешігіп жетті. Бұл кезде Қамыскөл толыға бастап, ағынды суды шабындықтарға бұра бастайтынбыз, - дейді Н.Қуатбаев. - Былтыр Ембі өзеніндегі су деңгейі 2 метр 30 см шамасын құраса, биыл су деңгейі 20 см-ге төмен болып тұр. Оның өзі көп айырмашылықты көрсетуде.

- Әдеттегіше су қашанға дейін келеді?

- Мамырдың аяғына дейін. Біз Ақтөбе облысы Ембі қаласымен сөйлесіп отырмыз. Онда су деңгейі төмендеп бара жатқан көрінеді. Бізді көктемде жаңбырдың тым аз түсуі алаңдатып отыр. Егер мамырда да аз түссе, өңірді құрғақшылық жайлауы мүмкін. Онда шабындық азайып кетеді. 

Аудандағы жалғыз көл Қамыскөл әлі толықпаған. Ал Құрсай өзегінің кейбір бөлігін қамыс пен түрлі өсімдіктер басып кеткен.
Бұдан төрт жыл бұрын голландық гидротехник Роб Ван БУМЕН су көздерін қорғау жөнінде төрт ірі жоба ұсынғанымен оны іске асыру мүмкін болмаған еді. Ол үшін қыруар қаржы керек болды. 80 мың халық тұратын аудан өңірінде ағынды судың тұрақты болмауы көбірек ойландыруда. Бұл жөнінде Жылыой ауданы әкімі Мақсым ІЗБАСОВ былай дейді: 
- Біз былтыр суды тиімді пайдалану үшін Құрсай өзегін қалыпқа келтіріп, су бөгеттерін жасау үшін шлюздер орнату жұмыстарын қолға алған болатынбыз. «Бақашы» өзегіне шлюзді орта тұсына емес, ағысы жай «Құрсай» өзегі тұсына орнаттық. Негізі Жем өзені екіге бөлінеді: Үлкен Жем және «Құржем» болып. «Құржемге» су келгенімен ол жайылып, сортаңға сіңіп, жоғалып жатыр. Сол жерге екінші шлюзді орнатпақпыз. Егер ол жерге суды бөгесек, шабындық жеріміз көбейіп, мол егін егуге мүмкіндік болар еді. 

- Құрсай өзегін абаттандыру жұмысы қашан жүреді?

- Биыл Құлсары қаласын кесіп өтетін жалпы ұзындығы 30 км. Құрсай өзегінің бойын түгел тереңдете қазып, қалың қамыстан тазартып, көпір тұстары абаттандырылмақ. Қаланың орталық бөлігіндегі екі көпір тұсында да абаттандыру жұмыстары жүреді. Сол көпір тұсындағы өзек бойына плита төсеп, орындықтар қойып, жарық шамдары орнатылып, демалыс орнына айналдырмақ ойымыз бар. Бұл үлкен жобаны жүзеге асыруға қажетті сома - 995 млн теңгені «Теңізшевройл» компаниясы «Игілік» бағдарламасы аясында бөлмек. Жұмыс биыл басталады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА


27 сәуір 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.