Атырау, 24 сәуір 17:54
 ашықВ Атырау +13
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

«Қызыл балықтың азаюы - адамның қолынан жасалған іс»

7 057 просмотра


Атыраулық инженер Өмірбек ЕРҒАЗИЕВ «Қызыл балық. Өсімді қалай сақтап, көбейтуге болады» тақырыбында жоба қорғап, швейцариялық ASMB Astana School of Management and Business оқу орнының грантын жеңіп алды.

Белгілі оқу орнының Атырауда филиалы ашылғалы жатырғанын және тегін оқу грантын ұтып алуға сайыс жариялағанын Өмірбек әлеуметтік желіден оқып біледі. Бағын сынауға бел байлады. Конкурс талаптары бойынша белгілі бір тақырыпта эссе жазып, оны қорғау қажет болатын. Ол өте өзекті мәселе – бекіре тұқымдас балықтардың азайып кету проблемасын таңдады. Іздену барысында өзі жұмыс жасайтын NCOC компаниясының Каспий теңізі акваториясын зерттеу жұмыстарын, бекіре тұқымдастарының өсіміне байланысты ғылыми ізденістерді пайдаланып, жергілікті мамандардан кеңес алды.

...Мұнайдан бөлек, қызыл балық – Атыраудың басты бренді. Әлде, бұрынғы бренді дейміз бе? Өткен ғасырда Каспий теңізінің бекіре тұқымдас балығы, оның уылдырығы әлемдік нарықтың 90 процентін жауып отырған. Ал қазір осы құнды байлығымыз жойылуға жақын тұрғаны бәріне мәлім. Себеп неде? Өмірбек өз жұмысында осы проблеманың басты себептерін, факторларын ашуға жұмыстанды.

1. 1950 жылдардың соңында Еділдің суының бөгелуі. Сол кезде Еділ өзенінің бойына гидроэлектр станция салынған. Бұл қызыл балықтың уылдырық шашатын жерлерін жауып тастады. Қызыл балықтың уылдырық шашатын жерлері Волгада 80 процентке дейін азайды. 

2. Өткен ғасырдың 1970-1980 жылдарында қызыл балықтың үздіксіз өндірістік аулануы
Балық кәсіпшілігімен айналысатын кәсіпорындар теңіз бен Жайық өзенінен аса көп мөлшерде қызыл балықты аулай отырып, жоспардың орындалуы мен асыра орындалуынан есеп беріп отырды. Бұл арада кейін қалай болатынын көп ешкім ойлана бермейтін.

3. Өткен ғасырдың 90-жылдары мен 2000 жылдардың бас кезінде кең көлемде заңсыз балық аулау
Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы құлдырап, қызыл балықты шет елге тасымалдау жолдарының ашылуы ұйымдасқан қылмыстық топтардың көбейіп, күш ала бастауына алып келді. Олар балық қорларын заңсыз тонап, ол үшін жазаланбады да. Олар қазір де бар, азайып бара жатқан балық қорына қол сұғуда. 

4. Жайықтың тайыздануы
Бұл уылдырық шашу аумақтарының жойылуына әкеп соқтырады. Ресми деректер бойынша, бұрынғы 90 табиғи уылдырық шашу орны бүгінде 18-ге дейін азайған. Каспийге құятын өзен суларының азаюы теңіз суының тұздану деңгейін арттырады. Бұл бекіре тұқымдас балықтар жейтін жемге де кері әсерін береді.

5. Экологиялық фактор.
Бүгінде Каспий теңізінде мұнай өндірісі нысандары өте көп. Бұл Каспий биоресурстарының өмір сүру ортасына кері әсерін тигізеді. 
- Жалпы, критикалық нүктеге әлі жетпеді деп сенемін. Жоғалғанның орнын толтыруға әлі мүмкіндігіміз бар, - дейді Өмірбек. - Рас, билік мәселенің маңыздылығын түсініп, шара қабылдауда, қызыл балықты өндірістік аулауға мораторий жарияланды, бекіре өсіру зауыттарына қомақты қаржылар салынуда. Өзендерді тереңдету жұмыстарын қолға алу жұмыстары жоспарда бар, жыл сайын кең көлемде балық қорғау акциялары ұйымдастырылады. Бірақ, браконьерлікті тоқтатуға әлде де көп күш салу керек, әйтпесе, бекіре тұқымдас балықтардың жойылып кету қаупі бар

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ


27 сәуір 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.