Атырау, 19 сәуір 19:53
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Мәншүк Аймұрзиева: «Мен бұл жерге денсаулық сақтау саласын көтеру үшін келдім»

5 171 просмотра


Активке денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВАНЫ таныстырған облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ оған қарамағындағыларды аттестациядан өткізуді тапсырды. «Сыпырғышты табыс етті», деп әзілдеді кейбіреулер танымал мақалды меңзеп. Басқа жақтан келген әрі қарамағындағылар үшін осындай жағымсыз тапсырма алған жаңа басшыға оңай болмайтын шығар. Бірақ Мәншүк Аймұрзиева бұған қынжылмады. «Мен мұнда денсаулық сақтау саласын көтеру үшін келдім», - дейді ол.

«ЕНДІ ДӘРІГЕРДІ ТАҢҒЫ СЕГІЗДЕН БАСТАП, КЕШКІ АЛТЫҒА ДЕЙІН ШАҚЫРТУҒА БОЛАДЫ»

Мәншүк Құдайбергенқызы, өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Бізге сіздің кәсіби тәжірибеңіз, сіздің Атырауға қандай пікірде келгеніңіз қызықты. 

- Мамандығым – хирург, 1987 жылы Ақтөбе медицина институтын тәмамдадым. Еңбек жолымды медицина колледжінде хирургия пәнін оқытушыдан бастадым, содан кейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде жұмыс жасадым. 9 жыл амбулаториялық хирургия орталығына басшылық еттім. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде сарапшы-хирург болып еңбек еттім. Соңғы 13 жылда Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасында жұмыс жасадым. Алдымен бас хирург, кейіннен медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің бастығы, ал 2009-шы жылдан бастап – басқарма басшысының стратегиялық даму және кадрлық саясат жөніндегі орынбасары болдым. Мемлекеттік денсаулық сақтауды реформалау және дамыту бағдарламасында қарастырылған жаңалықтармен айналыстым. Бұл жүйе жылдам қарқынмен дамуда, денсаулық сақтау мекемелерінің жүйесін қайта қарау, сұранысқа ие қызметтерді ескеріп, бағыттарды қайта бейіндеу, соның ішінде телемедицинаны, көліктік медицинаны дамыту, өңірлерге жоғары технологияларды трансферттеу және т.б. жұмыстар басталды. 

Бүгінде негізгі рөл алғашқы медициналық-санитарлық көмекке бөлінген. Өкінішке орай, Атырау облысында (бұл активте айтылған еді) алғашқы көмек көрсетуде шұғыл шешуді қажет ететін проблема көп. Ең біріншісі – қолжетімділік, бұл дәрігердің қабылдауына жазылудан немесе оны шақырту мүмкіндігінен және алғашқы санитарлық-медициналық көмек мекемесіне есепке тіркеліп, сақтандыру медицинасы жағдайында медициналық көмек алу үшін өз мәртебесін анықтаудан бастап бірқатар ұйымдастыру шараларын қамтиды. Біз бүгін бүкіл облыс бойынша, соның ішінде, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияларға осындай регламент енгізудеміз. Медицина мекемелері бұрынғыдай күндізгі сағат 12-ге дейін емес, жұмыс күндері таңғы сағат 8-ден 18.00-ге дейін және сенбі күні сағат 15.00-ге дейін пациенттердің шақыртуларын қабылдайтын болады. Емханалар ішінде құрылымдық бөлімшелер пациенттердің қолайлы түрде медициналық көмекті, вакцинаны алуын, скринингтен өтуін, алдын алу шараларынан өтуін қамтамасыз ету үшін қайта құрылуы тиіс және сауықтыру-қалпына келтіру кешенін міндетті түрде енгізуі керек. 

- Оқырмандарымыз емханалардың рөлін күшейтуге байланысты пациенттерге стационарға жолдама алу қиындап кетті деп шағымданады. Шақыртумен келген жедел жәрдем қызметкерлері пациенттің ауруханаға жатқызу туралы өтінішіне: «Егер біз қазір дәрі ексек, қан қысымы түседі, бірақ бұл жағдайда сізді ауруханаға қабылдамайды. Ал егер осы күйде алып барсақ, сізді стационар қабылдайды, бірақ сізді жеткізе алмауымыз мүмкін» деп түсіндіреді.

- Сырқаттың ауырлық дәрежесі бойынша сұрыптама бар. Шұғыл әрекетке мұқтаж сырқаттар, өміріне қауіпті, ауыр жағдайдағы пациенттер ауруханаға жатқызылуы тиіс. Ал созылмалы сырқаты бар науқастардың жағдайының нашарлап кетуіне келер болсақ, көбінесе амбулаториялық звено мен жедел жәрдем дәрігерлеріне қант диабеті, қан қысымы жоғары, өкпенің обструктивті ауруы бар пациенттер жүгінеді. Бұл сырқаттарда жиі асқынулар болып тұрады. Мұндай кезде пациенттер жедел жәрдем шақыруға мәжбүр, сосын стационарға түседі. 

Жиі асқынуларға соқтыратын созылмалы сырқаттар жедел жәрдем мен стационарлардың жұмысын арттырады. Ал дүние жүзінде созылмалы сырқаты бар пациенттер Сырқатты басқару бағдарламасына тартылған және олардың өз денсаулығын сақтауға жауапкершілік ынтасы жоғары. 

Егер бұл сырқаттарда, айталық, көтерілген қан қысымы дәрілік препараттарды салған кезде, тиімді және дұрыс тамақтанған кезде түсетін болса, онда пациенттерге өздерін осындай ауыр халге жеткізудің не қажеті бар? Бұл жедел жәрдем мен емханалардың жұмысы. Емханалар науқастарға асқынулардың алдын алуды, дәрілік терапия жүргізуді және препараттарды дер кезінде қабылдауды үйретуі тиіс. Шарасын алуға болатын, бірақ көп өлім-жітім болып жатқан дерт туралы түсінікке ерекше көңіл аударылуы тиіс. Ал стационарлар ауыр науқастарға мамандандырылған, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуі тиіс.


«АДАМҒА ЕКІНШІ МҮМКІНДІК БЕРІЛУІ ТИІС»

- Жақында өткен брифингте облыс әкімі жарияланған конкурсқа қарамастан жергілікті мамандардың облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына өтініш беруге асықпайтындарын айтты. Конкурсқа қатыспас бұрын сіз өңіріміздегі ахуалмен жете танысқан шығарсыз? Бізге сырт көздің пікірі қызықты.

- Атырау облысындағы басқарма штаты өте аз – бар болғаны 20 адам. Сондықтан оларға көп жұмыс жүктелген. Жергілікті кадрлар да мұны біледі. Салыстырар болсақ, Батыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау басқармасында 44 адам жұмыс жасайды, алайда облыс халқы бар болғаны 80 мың адам. Әрине, егер жақсы менеджмент болса, аз адаммен де жақсы басқаруды жолға қоюға болады. Бүгінде басқару аппаратының жұмысы жетілдіріліп, ретке келтірілуде. Маған және басқарма қызметкерлеріне бұл қызмет жақсы таныс. Оның үстіне, республиканың батыс өңіріндегі халықтың менталитеті, сырқат деңгейі мен таралуы, сонымен қатар, 80 пайызы дерлік Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің түлектерінен құралатын кадрлық әлеуеті де ұқсас. Кейбір бағыттар бойынша Атырау облысының көрсеткіштері жақсы: бұл жерде сәби өлімі аз және орташа өмір сүру ұзақтығы жоғары, халықтың өсім саны жақсы. Ұнамды жайттар – облыстың ықшамдылығы, аудандардың радиуста орналасуы (айтпақшы, басқа өңірлерге қарағанда олар да аз). Бірақ соңғы бірнеше жылдарда облыстағы денсаулық сақтауды дамыту қарқыны тоқтап қалды. Туберкулезбен, онкологиялық сырқаттармен ауыру, ана өлімінің көрсеткіштері жоғары. Осы тұрғыда жұмыс жасау керек. Атырауда емдеу мекемесі көп емес. Бар болғаны - 36, бірақ кадрлар тапшы болып отыр. Біз өңірді орта медициналық қызметкерлермен қамти алатын жергілікті медициналық колледжге үміт артып отырмыз. Оның үстіне, қазір медбикелердің кейбір пациенттер санатын қабылдап, өздіктерімен бағыттауға, үйден патронаж жасауға құқылары бар. Біріншіден, олар келген науқастарды қабылдап, олардың дәрігердің қабылдауына қаншалықты мұқтаж екендігін анықтай алады. Науқастарды  дәрігердің қабылдауына дейін тексеруден өтуге жібере алады. Екіншіден, оларға бір жасқа дейінгі балаларды дені сау бала кабинетінде жоспарлы қабылдау, сонымен қатар, созылмалы сырқаттары бар пациенттерді жоспарлы тексеру жұмыстары бекітілген. Үшіншіден, олардың созылмалы сырқаты бар науқастарға рецепт жазып беруге құқығы бар. Мұның бәрі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, емханалардағы кезекті азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде пациенттер бізге сенім білдіру үшін медициналық қызметтер алу, жаңа технологиялар туралы халыққа ақпарат беру жұмыстарын жандандыру өте маңызды болып отыр.

- Облыс басшылығы сізге қарамағыңыздағыларды аттестациядан өткізуді жүктеді. Бұл облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері ме, әлде барлық денсаулық сақтау нысандарындағы қызметкерлер ме? Кейбір медиктер аттестациядан өте алмайтын шығар. Қазір кадр тапшы болып тұрған уақытта сіз бұған дайынсыз ба? Кадрлардың орнын қалай толтыруды жоспарлап отырсыз?

- Басқарма аппаратының қызметкерлері қазір аттестациядан өтіп жатыр, бірақ ол мемлекеттік қызмет желісі бойынша жүргізілуде. Облыс әкімі медицина мекемелері басшыларының құзіретін арттыруға тапсырма берді. Денсаулық сақтау саласының басшылары мен орынбасарларын аттестаттау - жаңалық емес. Денсаулық сақтау министрінің  2009 жылғы «Медицина мекемелерінің басшылары мен олардың орынбасарларының құзіреттілігіне қатысты аттестаттау өткізу туралы» бұйрығы бар. Бұл процедурадан олар әрбір үш жыл сайын өтіп тұруы тиіс. Соңғы бірнеше жылда бұл жерде осы жұмыс жүргізілмеген деп ойлаймын. Аттестаттаудың белгілі бір ережесі бар, басшылардың, орынбасарлардың және медицина қызметкерлері лауазымдарының біліктілік сипаттары туралы 2016 жылы жаңартылған бұйрық бар. Мұнда Конституцияны, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, еңбек туралы заңдарды және денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттарды білу керектігі жазылған. Басты шарттардың бірі - бірінші басшылар денсаулық сақтауды ұйымдастыру бойынша, І санаттан төмен емес менеджмент бойынша маманданған болуы керек және белгілі бір жұмыс өтілі болуы тиіс. Кадрларға тексеру жүргізу осы бағытта жүргізілетін болады. Аттестация кезінде басшы өзінің шешім қабылдай білетінін, соның ішінде штаттан тыс жағдайда шешім қабылдай алатынын дәлелдеуі тиіс. Өйткені, адам денсаулығы түрлі жағдайлармен түйіндесіп жатады. Ол бірде-бір кітапта жазылмаған. Аттестациядан бір ай бұрын біз адамдарға ескертеміз, оларға сұрақтар тізімін ұсынамыз. Заң бойынша тестілеуден және әңгімелесуден өтпей қалған қызметкерлердің қайта өтуге құқығы бар. Олардың өз бетімен білім алуларына және өз білімдерін арттыруға мүмкіндіктері болады.
Дәрігерлік қателіктер болып тұрады, бірақ олар аз болуы тиіс. Халықтың денсаулығын сақтауда медицина қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке дейін тарту туралы заң бар. Бірақ медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін қорғау туралы басқа да ережелер бар. Қоғам жазалау шараларының жолымен жүрмеуі тиіс. Мамандарға мамандықтарында қалуға мүмкіндік беру керек. Бәлкім, белгілі бір уақытқа лауазымдарын төмендетіп, қайта даярлануға бағыттап, тәлімгер тағайындап, қайтадан тәжірибеден өтуге жіберу керек. Бірақ медиктер мамандықтарын жоғалтпауы тиіс.


«АЛТЫН УАҚЫТ» ЕРЕЖЕСІ: БІЛУ АЗДЫҚ ЕТЕДІ, ҚОЛДАНУ КЕРЕК

- Жас мамандарды қалай тартпақшысыз?  

- Ақтөбе мемлекеттік медицина университеті деканатының мәліметі бойынша, биылғы жылғы түлектердің арасында Атырау облысынан бар болғаны 29 адам бар екен. Салыстырар болсақ, басқа облыстардағы түлектер саны – 100-ден астам, кейде 200 адам болады. Бәлкім, сіздерде басқа басымдықтар бар шығар, Атырау тұрғындары балаларын медицинаға бағыттамайды. Осы жердегі жас кадрлармен танысқанда, олардың көпшілігінің – 80 пайыздайының басқа өңірлерден келген мамандар екенін білдім. Бірақ басқа өңірлерден үнемі мамандар тарту – мәселенің шешімі емес, жергілікті мамандар пайызы үнемі артып отыруы тиіс. Әрине, адамдар еліміздің кез-келген жерінде жұмыс жасай алады. Бірақ белгілі бір пайызын жергілікті мамандар құрауы тиіс. Біз 2017 жылғы мектеп түлектері үшін медицина мекемелерінің ашық есік күнін ұйымдастыру туралы келісім жасап қойдық. Бағдарламада заманауи жабдықтарды, жаңа емдеу әдістерін, МРТ, КТ, УЗИ кабинеттерін таныстыру қарастырылған. Егер осындай жұмыстар үнемі жүргізіліп тұрса, жағдайдың жақсаратындығына сенімдімін. Әзірге басқа өңірлерден жастарды шақыруға тура келеді. Биыл жас 65 дәрігерді шақыру жоспарланып отыр, соның ішінде рентгенологтар, анестезиологтар, хирургтар, отоларингологтар бар. Облыс оларға баспана, көтерме ақы береді, кәсіби өсуі үшін әріптестерінің көмегін ұсынады. Бірақ бұл мөлшер аз. Бізге ауқымды тексеру жүргізіп, жастарды тарту жоспарын қайта қарау керек. Мемлекеттік бағдарлама аясында медицина мекемелерінен клиникалық фармакологтар, эпидемиологтар, геронтологтардың жаңа жұмыс орындарын ашу секілді бағыттар қабылданды. Мен тексеріп шықтым, бізде мұндай мамандар жоқ, яғни, тағы да оқытып, тарту керек. Біздің медицина мекемелерінің басшылары бос орындар жәрмеңкесіне кетті, оларға бірнеше тапсырма берілді. Соның ішінде, облысқа провизорларды тауып, шақыру туралы тапсырма бар болатын. Медициналық жоғарғы оқу орындарының түлектерімен кездескеннен кейін олардың 30-ымен келісім жасадық, кейбіреулері әзірге облысқа танысу үшін келгілері келеді. Мамырдағы мерекелерде біз Алматы облысынан бірнеше адамды күтіп отырмыз. Тұратын жерлерін қамтамасыз етіп, медицина мекемелерін көрсетеміз, жетекші мамандармен таныстырамыз. 

- Атырауда ана өліміне қатысты жағдай ауыр боп тұр. Арнайы комиссия өткен жылы болған бес өлімнің екеуінде дәрігерлік қателіктер орын алған деген тұжырымға келді. Алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін не істеу керек?

- Бізге барлық деңгейдегі медқызметкерлердің біліктілік деңгейін арттыру жұмыстарын жете қолға алу керек. Өйткені бар мәселе осында жатыр. Бәлкім, патронатты медбике асқынудың даму қаупін дұрыс бағалай алмаған шығар, бәлкім пациенттердің хал-жағдайы қайтымсыз жағдайға әкелген болар. Сараптамалық және құқықтық бағаны өкілетті және құқыққорғау органдары береді. Ал бүгінде бүкіл Алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметі 1 жасқа дейінгі балаларда, 5 жасқа дейінгі балаларда, жүкті әйелдерде, егде жастағы адамдарда, инфарктісі, инсульты бар адамдарда осы қауіп туындаған жағдайлармен жұмыс жасайды. Барлық жағдайда да «алтын уақыт» ережесі әрекет етеді, осы уақыт ішінде көмек көрсетілу қажет.  

- Дәрігерлердің барлығы «алтын уақыт» ережесі бар екенін біледі деп ойлаймын. Бірақ олар дер кезінде қажетті көмекті көрсетпей жатады.

- Дәрігерлердің қателігі, немқұрайлылығы және әрекетсіздігі деген бар. Біз сырқатты анықтау мен емдеуде барлық бекітілген хаттамалардың сақталуына қатысты жұмыс жасауға тиіспіз. Қазіргі уақытта облыста 1279 дәрігер бар. Олардың 19%-ы зейнеткерлік жаста, 32%-ы – зейнеталды жаста. Яғни, қызметкерлердің жартысынан көбінің орнына таяу болашақта басқа мамандар келеді. Ал дәрігерлердің 45%-ының ғана санаты бар. Бұл жерде біліктілікті арттыру үшін қай жерде резервтер бар екенін мұқият талдау керек. Шеберлік дәрістерін, тренингтер өткізу үшін тәжірибелі мамандарды шақырып, дәрігерлерімізді оқуға жіберетін боламыз.

Атырау ешқашан жақсы медицина орталықтарымен мақтана алмады. Біздің дәрігерлерге көрші облыстардан пациенттер келмейді. Керісінше, атыраулықтар сәл мүмкіндік болса, басқа өңірлер мен елдерге баруға тырысады. Өткен жылы Қазақстанның Денсаулық сақтауды дамыту орталығының рейтингінде біздің облысымыз соңғы орында болды. Ал бастысы, Атырауда бес жүкті әйел көз жұмды. Комиссия пікірі бойынша, екі жағдайда әйелдерді құтқаруға болатын еді. Сондықтан Аманбек ЖҰМЫРОВ өз еркімен облыстық денсаулық сақтау басшысы лауазымынан кеткен кезде ешкім таң қалмады. Әділдік үшін айта кету керек, ол бұл лауазымда ұзақ отырған жоқ. 2015 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс жасаған еді. Жаңа басшы туралы әңгіме қозғалғанда, жергілікті кадрлар басқарма орынбасарының жұмыс тәжірибесі үлкен артықшылыққа ие екенін, бұл адамның бүкіл өңір ауқымындағы ұйымдастыру жұмыстарының ерекшелігімен жақсы таныс екенін айтады. Бұдан бұрын Атырауда осы лауазымға стационарлар мен амбулаториялардың бас дәрігерлері тағайындалған еді.

«ОБЛЫС ӘКІМІМЕН ҮЙЛЕСІМДІ ЖҰМЫС ЖАСАЙТЫН БОЛАМЫЗ»

- Тағы бір өзекті проблема – қант диабетімен, жүрек-қан тамырлары және т.б. сырқаттармен ауыратын науқастарды тегін дәрі-дәрмектермен қамту мәселесі. Бізге пациенттер дәрі-дәрмектердің жоқтығына қатысты шағыммен үнемі қоңырау шалып тұрады. Бірақ нәтижесінде мұның себебін анықтау жұмыстары кінәлілерді іздестіруге ұласып кетеді. 

 - Дәрі-дәрмекке қаржы жеткілікті бөлінеді. Проблема - тендерлердің уақытында өткізілмеуінде, жеткізу уақытының сақталмауында. Яғни, ұйымдастыру жұмыстары ақсап тұр. Бұл тек облыстық басқарманың ғана кінәсі емес, өйткені дәрі-дәрмектердің бір бөлігіне министрлік желісі бойынша тапсырыс беріледі. Сатып алуға, фармкомпаниядан бастап медицина мекемесіне дейінгі логистиканың сақталуына бақылауды жолға қою керек. Бүгінде басқармада дәрі-дәрмекпен қамту мәселелерімен бір маман жұмыс жасайды. Штатты қайта қарауға немесе осы жұмыс учаскесі үшін қосымша орган құруға тура келеді. Егер проблема бар болса, мен оны шешуге тиіспін.

- Сақтандыру медицинасын енгізу шарттарының бірі – автоматтанған медициналық ақпараттық жүйені пайдалану. 

Облыстағы кейбір медициналық мекемелерде бұл өткен жылы енгізіле бастады. Әр мекеменің жеткізушіні өзі таңдайтыны, ал ол жеткізушінің өз бағдарламасын ұсынатындығы проблема болып отыр. Содан кейін олар өзара жұмыс жасай ала ма?
- Сақтандыру медицинасының аясында бізге дәрігердің жұмысын жеңілдететін, оны артық шимайдан, ал пациенттерді – өздерімен бірге бүкіл анализ қорытындылары мен көшірмелер  жазылған сырқатнамаларын алып жүруден құтқаратын бірегей ақпараттық жүйені енгізу мәселесі тұр. Жүйені орнатуға медицина мекемелері өтінішті береді. Иә, өкінішке орай, олардың көбі әртүрлі болып келеді және олардың арасында өзара әрекеттестік жоқ. Бұл маңызды проблема. Жыл аяғына дейін біз бүкіл қызметті біріктіретін ақпараттық жүйені енгізуге тиіспіз. Әзірге жеткізуші таңдалған жоқ. Мен өз қызметіме бірнеше күн бұрын ғана кірістім, бірақ бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде.  

Біз жаңа технологиялар туралы айтып отырмыз, ал облыста типтік емес ескі ғимараттарда орналасқан медицина мекемелері жеткілікті. Мәселен, онкодиспансер, жүйке аурулар диспансері.

- Облыстағы кейбір медициналық мекемелердің жағдайы жақсартуды қажет етеді. Оларға күрделі жөндеу жүргізу керек немесе қайтадан ғимарат салу керек. Мен онкодиспансер, кардиоорталық, жүйке аурулар диспансері, жедел жәрдем станциясы туралы айтып отырмын. Бұдан басқа, облыстан жаңа профильдерді, гемодиализді ашу керек. Бізде бүйрек тапшылығымен ауыратын және үнемі процедуралар қабылдауға мұқтаж 100 пациент бар. Ал бізде бар болғаны бірнеше аппарат жұмыс істейді. Жиі ауыратын балалар үшін оңалту орталығы қажет. Осы мәселелердің барлығын таяу жылдар ішінде біртіндеп шешуге үміттенеміз.

Сіздің Нұрлан Ноғаевпен бірлесе жұмыс жасаған тәжірибеңіз бар. Өз жұмысыңызға оның тарапынан қолдау көрсетіледі деп есептейсіз бе?

- Әкіммен басқарманың басшылары тікелей жұмыс жасады. Ал мен орынбасар лауазымын атқардым, маған ұйымдастыру, шаруашылық, шұғыл әрекет ету және аналитикалық жұмыстар жүктелді. Бірақ мен Нұрлан Асқарұлын қай салада да ахуалды жақсы бағалай біледі деп айта аламын. Ол сарапшы және талап қоятын басшы. Ол біздің алдымызға шешу үшін міндеттер қойды. Үйлесімді жұмыс жасалатындығына сенімдімін. Мен мұнда бүкіл тәжірибемді қолданып, денсаулық сақтау жүйесін көтеру үшін келдім.

Сұхбатыңызға рахмет.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

24 сәуір 2017, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.