Атырау, 28 наурыз 22:35
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Павлов үшін чемпионат екі матчтан кейін басталады

2 823 просмотра

Бір апта бұрын «Атырау» футбол клубының бас бапкері ауысып, командаға танымал ресейлік маман Сергей ПАВЛОВ басшылық етті. Ол бас бапкер ретінде қатысатын «Атырау» командасының алғашқы матчы 16 сәуірде «Ақтөбе» командасымен өтуге тиіс болатын. Бірақ ол өтпей қалды.

Алдымен жанкүйерлер не болды екен деп түсінбей қалды, тек бірнеше күннен кейін ғана «Атырау» ФК ресми сайтында «Ақтөбемен» өткізілетін матчтың кейінге қалдырылғанын, ал бұдан басқа көкшетаулық «Оқжетпес» командасымен күнтізбе бойынша 23 сәуірде өтуі тиіс матчтың кейінге қалдырылғаны туралы хабарлама пайда болған.

Жағдайды анықтау үшін біз «Атырау» ФК директоры Тимур НИҒЫМОВҚА хабарластық.

- «Ақтөбемен» және «Оқжетпеспен» өткізілетін матчтар қандай датаға белгіленді? Және неліктен шегерілді?

- Қазақстан Кәсіби футбол лигасының комиссиясы еліміздің батыс өңіріне, атап айтқанда, бізде Атырауда және Ақтөбеде алаңдарға тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде инспекция алаңдарды дайын емес деп есептеп, екі қалада да – негізгі және резервті стадиондарда (бізде бұл тиісінше «Мұнайшы» мен «Судоремонтник») ресми матчтар өткізуге тыйым салды.

Осылайша, 16 сәуірде өтуі тиіс болған Ақтөбедегі матч 17 мамырға, ал біздің көкшетаулық «Оқжетпеспен» өткізілетін жергілікті ойынымыз 26 маусымға шегерілді.

- Қазір команда Шымкентте жүр. Ол жақта 19 сәуірде ел кубогының 1/8 финалын Бірінші лиганың жергілікті «Қыран» клубымен ойнайды (кейінірек «Атыраудың» 2:1 есебімен ұтып, ¼ финалға өткені белгілі болды - М.Т.). Мұнайшылар келесі матчты қайда және кіммен ойнайды?

- «Оқжетпеспен» өткізілетін жергілікті ойынның кейінге ығыстырылуына орай, біздің команда Шымкенттегі «Оңтүстік» футбол академиясының базасында қалып, сол жақта келесі матчтарға әзірленетін болады.

- Команда оңтүстікте қанша уақыт өткізеді? «Судоремонтникке» қатысты жағдайды айқындап берсеңіз. Ол жерде енді кімдер ойнайтын болады, жалпы ойнайтындар бола ма?

- Бізде кесте бойынша 29 сәуірде «Таразбен» көшпелі матч өтеді. Ол жаққа Оңтүстік Қазақстаннан бару оңай. Біз де егер команда Шымкентте қысқа мерзімді жиындар өткізіп, жаңа бапкермен бірге жаңа сызбалармен ойнаса, жақсы болар еді деп ұйғардық. «Таразбен» матч өткізгеннен кейін біз Атырауға оралып, 2 мамырда біздің негізгі «Мұнайшы» стадионында қызылордалық «Қайсармен» 10-турды ойнаймыз. Ол жердегі алаңның толықтай әзір болатындығына сенімдіміз. Осы жағдайды пайдаланып, атыраулық футболсүйер қауымды ойынды тамашалап, өз командасы үшін жанкүйер болуға шақырамын.

«Судоремонтникке» келер болсақ, ол көп уақыттан бері «Атыраудың» жаттығу базасы болып, арасында ресми матчтар үшін резервтегі стадион рөлін атқарып келеді. Біз қазір оның жағдайын жақсарту үшін бар күшімізді салудамыз.

Марат ТАКУЛИН

Суретті түсірген автор

19 сәуір 2017, 16:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.