Атырау, 29 наурыз 12:05
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Дзюдо: Атыраудың үкілеген үміттері

2 774 просмотра


Өткен жылы дзюдо бойынша облыс құрамасы алғаш рет өз тарихында ҚР Кубогында үшінші командалық орынды иеленді. Қол жеткізген жетістіктер мен алдағы үміттері туралы облыс құрамасының аға бапкері Рашид ҚҰЛБАЕВ  әңгімелейді.

«АЖ» анықтамасы: Рашид Қожахметұлы Құлбаев, 29 жаста, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР чемпионы, Әлем кубогы мен Азия чемпионатының қола жүлдегері, бапкерлік өтілі 5 жыл.

- Өткен жыл сіз үшін қандай болды?

- Қараша айында облыс құрамасы Қызылордада өткен ел чемпионатында табысты нәтижелер көрсетті деп ойлаймын. Өткен жылы Көшпенділер ойынында қазақ күрестен жеңімпаз болған Сұңғат Закарияев күміс жүлдегер атанды. Финалда Сұңғаттан басым түскен спортшының кейіннен допинг қолданғаны әшкере болып, бес жыл бойына бүкіл сайыстарға қатысу құқығынан айырылды. Нәтижесінде Сұңғат автоматты түрде ел құрамасында бірінші нөмірлі палуан атанып, «Гран-при» және «Үлкен шлем» серияларының халықаралық турнирлерінде және Азия чемпионатында Қазақстанның намысын қорғау құқығына ие болды.

Қызылордада өткен чемпионатта Атыраудан барлығы 13 спортшы қатысты. Көпшілігі одан кейін облыс құрамаларының матчтық кездесулері түрінде өткен ҚР Кубогының чемпионатында жақсы нәтижелермен көзге түсті. Кубок қорытындысы бойынша облыс құрамасы алғаш рет өз тарихында жүлделі үшінші орынды иеленді. Команда құрамында Асхат Тельманов, Наурызбек Майлашев, Амандық Аруов, Фархад Серіков, С.Закарияев, Арман Қалиев үздік шеберліктерін көрсетті. Құрама Оңтүстік Қазақстан облысының мықты командасынан үстем түсіп, финалға шыққан кезде татами қожайындарына жол берді.

Рашид ҚҰЛБАЕВ

- Жыл сайын команда облыс құрамасындағы жастар құрамының жаңа күшімен толығып отырады. Соңғы кездері кімдерді алдыңыздар?

- Біз үшін өткен жылы 2015 жылы юниорлар арасында әлем чемпионы атанған Айболат Ыстыбай нағыз үміт артқан спортшыға айналды. Қызылордада өткен ҚР чемпионатында ол ересектер арасында алғаш рет сайысқа қатысты. Бірінші жекпе-жекте жастар арасындағы әлем чемпионы Мағжан Шамшадинді жеңді. Бірақ кейін бір ұпай айырмашылықпен («шидо» - ескерту алды) Жасөспірімдер Олипимада ойындарының жеңімпазы Бауыржан Жауынтаевтан ұтылып қалды. Нәтижесінде Айболат бесінші орынды місе тұтып, бірақ ҚР құрамасының бапкерлеріне қатты әсер қалдырды.

Биыл бізге жастар құрамасынан басқа жас спортшы – Қазақстан чемпионы, халықаралық «Мастерс Бремен» турнирінің жеңімпазы, Еуропа Кубогының иегері, Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Қанат Сейілхан келді. Біз ол ересектер санатында да жеңіс тұғырынан көрінеді деп үміттенеміз.

- Соңғы кездері Асхат Тельманов туралы ештеңе естілмей кетті...

- Халықаралық сайыстарға қатысу үшін С.Закарияев, А.Ыстыбай, Қ.Сейілхан секілді Асхаттың кандидатурасына да ҚР құрамасының бас бапкері Ермек Имамбеков үнемі жақсы көзқараспен қарайды. Облыс құрамасы жас дзюдошыларымыздың сайыстарға барып, шеберліктерін нығайтып, Токиода өтетін Олимпиадаға лицензияны ұтып алуға әзір болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Басқа атыраулық жас спортшылардың 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында «Атырау» ДСК-де маусымның үшінші онкүндігінде дзюдодан өтетін ел чемпионатында өздерін көрсетуге мүмкіндіктері бар.

13 сәуір 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.