Атырау, 28 наурыз 20:34
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Ауыл кәсіпкерлері жер мен несие сұрап отыр

3 966 просмотра

Индер аудандық кәсіпкерлер палатасында жеке кәсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген мәселелерді талқыға салып, өз тәжірибелерімен бөлісті.  

Азамат БАЙМҰХАНҰЛЫ:

- Ауданда нан шығаратын екі цех бар. Оның бірі біздікі. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша үш млн теңге несие алдым. Бастапқы жарнам болса да, несиеге қол жеткізу оңай болмады. Оны алу үшін мен тоғыз ай бойы сенделіске түстім. Осының салдарынан 2012 жылы ашылуы тиіс цехты бір жылдан кейін ғана іске қостым. Құрылыс кезінде мен қосымша өз қаржымнан салып отырдым. Сөйтіп, 262 шаршы метр ғимарат салдым, техника сатып алдым. Жарықты іске қосу үшін тағы 500 мың теңге қажет болды. Мен Атырауға бірнеше рет барып, «Атырау-Жарық» басшысының қабылдауында болдым. Сол кезде жарықты тегін қосып алу мүмкіндігіне ие болдым. Сондықтан ісін бастаған кәсіпкер соңына дейін шыдамдылықпен жүруі керек. Осы жылдың наурызында мен алған несиемді толық өтеп шықтым. Қазір қарызым жоқ, салықты уақытылы төлеп отырмын. Енді тұшпара цехын салуды жоспарлап отырмын.  

Наубайхана цехы тәулігіне 3,5 мың дана нан шығарады. Бірақ, әзірге біз тәулікке 800-1 000 дана шығарудан аса алмай отырмыз. Себебі, нан өтпейді. Базар мен дүкендерде жеке адамдардың үйінен пісіріп өткізген нандар сатылады. Ал олар бұл өнімді қалай дайындап отыр, сапасы қандай, оны ешкім тексермейді, ешкім бұл туралы олардан талап етпейді. Одан уланып қалса, кім жауап береді? Бұл жөнінде мен әкімдікке, «Нұр Отан» партиясына, прокуратураға арыздандым. Айналғанда санэпид бақылау басқармасына жіберді. Олар арыз түспейінше тексеруге құқығы жоқтарын айтады. Сонда мен 60 дүкеннің үстінен арыз беруім керек пе? Бұл күлкілі нәрсе ғой. Екінші бір мәселе, мен тапсырыс берушімен келісімшартқа отырамын, бірақ, формальды түрде. Шартқа отырушылар қанша нан қажеттілігін көрсетуден бас тартады, ал біз тәулігіне қанша нан шығаратынымызды білмей дал боламыз. Бұл біз үшін бизнесімізді дамытуға кедергі болып отыр.

Жантөре ҚҰСАЙЫНОВ, «ҚамқорқұрылысЖ» ЖШС-нің директоры:

- Мен көптен бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып, кейін серіктестік аштым. Бірақ, лицензия ала алмай отырмын. Себебі, ол үшін алдымен жер алуым қажет екен. 1 гектар жерді бес жылдан бері ала алмай келемін. Мен құрылыс материалдарын сақтайтын база салғым келеді. 

Айтқали ЖҰМАҒҰЛОВ, «Айсұлтан» шаруа қожалығының  төрағасы:

- Мен бұрын мал шаруашылығымен айналысқанмын. Үш жылдан бері қосымша егіншілікке бет бұрдым. Биыл да егін егемін, бірақ, тамшылатып суару әдісімен жұмысымды жүргізбек болғанмын. Тамшылатып суаруға арналған құрал-жабдық алуға несие алмақшы болдым, бірақ, менен бәрі кепілзат сұрады. Ал менің кепілге қоятын ештеңем жоқ болатын. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрғымыз келген, бірақ, бәрі кепілзат сұрайды.

Жәнібек ЖАЛЕКЕЕВ, жеке кәсіпкер:

- Әрдайым өз жеке кәсібім болса деп армандайтынмын. Соны жүзеге асыру үшін 5 гектар жер алып, бау-бақша дақылдарын екпек болдым. Былтыр 6 желтоқсанында өткен аукционда бірер құжаттарым жоқ болып, өтпей қалдым. Бірақ, сол кезге дейін қандай құжаттар қажеттігін алдын ала білгенде, егер маған бәрін түсіндіргенде, мен өз жоспарларымды баяғыда жүзеге асырар едім. Аудандық әкімдік бұрынғы егіншілердің жері бар, бірақ жұмыс жасамай немесе пайдаланбай отырған жерлерін серіктестікпен алуға кеңес берген. Ол жолды да қарастырғанмын. Айналғанда бұрын жер алып қойғандардың берешектері бар болып шықты. Ал олармен бірігіп жұмыс істеп, тәуекелге бара алмаймын.

Амантай ҚАБДОЛ, «Шаңырақты» шаруа қожалығының төрағасы:

- Біз шаруа қожалығын 2003 жылы құрдық. Соңғы жылдары мал өсіруге ден қойдық. Егістік алаңым да бар. Жылқым бар еді, соны көбейту үшін «Құлан» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткіземін дегенім бекерге шықты. Бір жылқыға 12 гектар жер керек екен. Менің жалға алған жерім аздық қылуда. Бірақ, жылқы санына сәйкес келмейді. Осы талапты өзгертуге болмай ма?

Кәсіпкерлер сұрағына Индер ауданы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ жауап берді:

- Бұл проблемалар бізге таныс. Әкімдік кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіп келеді. «Шаңырақты» шаруа қожалығы төрағасының алаңдауына негіз жоқ. Ол тұратын Көктоғай өңірінде жер көп, су шығатын қырлықтар да бар. Ал Құсайынов бізге жер сұрап жақында келді. Оған жер беріледі. Жалекеевке жері барлармен бірігіп, егін егуге кеңес бергенбіз. Алдағы уақытта оған да жер берілетін болады. Үйден нан пісіріп сататындарға біз тоқтау сала алмаймыз, бұл құзырлы орындардың жұмысы.  

Ал Индер аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Мырзабек ТАСЫБАЕВ ауданда көкөніс сақтау қоймасының жоқтығы, ет және сүт өнімін өндіретін цехтардың болмауы да ойланарлық жай екенін, кәсіпкерлікке бет бұрушылар үшін қаржы мәселесін шешуде қиындықтарға тап болып жүргенін, өйткені кепілге қоятын жылжымайтын мүліктері жоқ екенін жасырмады. Ал болған күннің өзінде ауылдағы үйлердің құнының төмен екенін айтты.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

11 сәуір 2017, 11:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.