Атырау, 28 наурыз 21:49
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

«Атырау» ӘКК төрағасы Тасимов: «Әкімдікпен бірге еттің қымбаттауын өткізіп алдық»

3 368 просмотра
Абат ТАСИМОВ.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Атырау» ӘКК» АҚ басқармасының төрағасы Абат ТАСИМОВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті.

Атап айтқанда, ӘКК тұрғындарды облыстық тұрақтандыру қоры арқылы азық-түлікпен қамтамасыз етумен айналысады. Өткен жылы жергілікті 5 шаруа қожалығынан тұрақтандыру қорына 1 468  тонна картоп, 520 тонна пияз, 300 тонна сәбіз, 250 тонна орамжапырақ, 50 тонна қызылша сатып алынды. Бүгінде бүкіл осы көлемнің 1610 тоннасы сатылды.  Көкөніс сақтау қоймасында 1 мың тоннадай қалды. Тұрақтандыру қорындағы азық-түліктерді сақтау және сату бағдарламасының операторы «Сарайшық Атырау» ЖШС болып табылады.

«АЖ» А.Тасимовтың назарын ет бағасын тұрақтандыру қажеттілігіне аударды:

- Өткен жылы тұрақтандыру қорына ет сатып алынбады. Бұл төмендетілген бағамен сатылатын тауарлар тізімінің біртіндеп азая бастайтындығын білдіре ме?

- ӘКК жергілікті әкімдіктермен қатар азық-түлік бағалаларына мониторинг жүргізеді, біздің қызметкерлер аудандарға барады. Егер облыс бойынша картоптың орташа бағасы бір келіге 98 теңгені құраса, «тұрақтандыру» картобының бағасы 75 теңге. Жергілікті әкімдіктер азық-түліктерді тасымалдаумен айналысатын бағдарлама операторларын анықтайды. Баға тұрақтандыру мен мониторинг жүргізу жергілікті жерлердегі әкімдіктердің құзырына жатады. Егер бір жерде азық-түліктерді сату лайықты деңгейде реттелмеген болса, бұған әкімдіктер жауап береді. Тұрақтандыру қорындағы азық-түліктердің 90%-ы Атырау мен ауылдық округтерде сатылады.

Тұрақтандыру қорынан ет жеткізу мәселесі бойынша: 2015 жылы біз ӘКК қатысуымен Ганюшкин ауылында құрылған және ет жеткізумен және өңдеумен айналысатын «Құрманғазы» сервистік-дайындау орталығынан 20 тонна сиыр етін сатып алдық. Ал өткен жылы нодулярлық дерматит салдарынан карантин болғандықтан біз бұл кәсіпорыннан ет сатып ала алмадық.

- Еттің бір келісі 1000 теңгеден 1500 теңгеге дейін қымбаттап кетті ғой, қандай қорытынды жасалды?

- Тұрақтандыру қорына күзде бағалардың, соның ішінде ет бағасының маусымдық төмендеуі кезінде азық-түліктердің сатып алынатынын білесіз. Тұрақтандыру қорында ақша бар, бірақ қазір етті сатып ала алмаймыз. Егер базарда ол 1500 теңге тұратын болса, онда біз оны 900-950 теңгеден еш жерден таба алмаймыз. Ал ереже бойынша тұрақтандыру қорына ең алдымен жергілікті өндірушілерден сатып алынады.

- Кавказ республикаларының нарығы зерттелді, мәселен, өткен жылы көп ет сол жақтан әкелінді ме?

- Айтып отырмын ғой, тұрақтандыру қорына қазақстандық өнім сатып алынады. Бұл бюджет ақшалары.

- Сіз өткен жылы ет қымбаттаған кезді өткізіп алғаныңызды мойындайсыз ба?

- Иә, бұл факт, бұл туралы бәрі біледі. Бірақ біздің өңірімізде әлеуметтік-маңызды тауарлардың бағасына мониторинг жасаумен ауыл шаруашылығы басқармасы айналысатынын атап өткім келеді. Егер белгілі бір әлеуметтік маңызды тауарлардың қымбаттау қаупі болса, олар шұғыл арада тұрақтандыру қоры бойынша комиссияны шақырып, бізге белгілі бір азық-түліктерді сатып алуға және «интервенцияны» бастауға тапсырма беруі тиіс. Егер ауыл шаруашылығы басқармасының тарапынан тапсырма болған болса, біз етті басқа, көрші облыстардан сатып ала алар едік. Бірақ бұл жерде неліктен біздің бір, жергілікті ет жеткізушіге байланып қалатынымызды дұрыс түсіну керек. Өкінішке орай, бізде мынадай жағдай болды: ет сатып алынды, бірақ бізде жергілікті ет сақтау қоймасы жоқ – ӘКК-де де жоқ, «Сарайшық Атырау» ЖШС-де де бүгінгі күнге дейін болған жоқ. 2011 жылы Белоруссиядан ет сатып алынған кезде де бұл негізгі проблема болатын. Жеке кәсіпкерлерде бөліп сақтауға тура келді. Тиісінше, кейін сапасы да нашарлады.

- Егер қазір ет бағасы 2 мың теңгеге дейін барса, не істейсіздер?

- Бұл мәселені ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп талқылап, шешімін табамыз деп ойлаймын.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

8 сәуір 2017, 21:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.