Атырау, 20 сәуір 13:04
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жанбай балықшылары неге дүрлікті?

Сурет
12 064 просмотра

Бұрын да хабарланғандай, 3 сәуірде Исатай ауданы Жанбай ауылының тұсынан бір топ жергілікті тұрғын браконьерлік жолмен ауланған балыққа толы «УАЗ» автокөлігін тоқтатқан АІІБ қызметкерлерінен көлікті тартып алады. Куәгерлердің айтулары бойынша, бұдан кейін облыс орталығынан әскери қызметкерлер мінген жүк көлігі ауылға қарай бет алған. «АЖ» тілшісі оқиға орнында болып, мән-жайды өз көзімен анықтауға тырысты.


АУЫЛ ҮСТІНДЕГІ ТІКҰШАҚ

Сәуірдің 3-і күні кешкіқұрым ауыл үрей құшағында қалды. Әскерилер ауылдағы мектептің спорт залына орналастырылып, көшеде терезесі тұмшаланған автобус, газельдер (суретте) пайда болды. Келесі күні таңертең ертемен әскерилер жанбайлық оқушылар сабақтарын жалғастыру үшін мектептен шығарылған. Ал, түстен кейін ауылдан шығарылған. Бірақ, ауылдағы осы жайлар жергілікті тұрғындарға жағымсыз әсер қалдырыпты.

- Адамдар үйден түнделетіп шығудан қалып, кейбір ата-аналар қорқыныштан балаларын сабаққа жібермей тастады. Тікұшақтың мектеп төбесін айналдыра ұшып жүргені де көпшіліктің ренішін тудырды. Мүмкін мұның бәрі тәртіп орнату үшін жасалып отырған болар. Бірақ, мұндай үрейлендіретін әрекетке бармауы керек қой. Бұл үлкен тұрмақ балаларға психологиялық шабуыл жасалды деп түсіну керек, - дейді бізге көшеде кездескен ауыл тұрғындары.



Халықпен түсінісу бойынша Жанбайға облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым РЫСҚАЛИЕВ, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін ШПАНОВ және тағы басқа лауазымды тұлғалар келді.

Бұл жұмыс тобы бұдан бір апта бұрын осы ауылда балық аулау заңдылықтарын түсіндіру үшін жергілікті тұрғындармен кездесіп, тағы да сондағы ер адамдардың браконьерлікпен айналысуын доғаруға шақыру үшін келіп отырған болуы керек.  


ҚАЙЫҚТАР МЕН НЕСИЕЛЕР ТУРАЛЫ

Біз Жанбайға келген атыраулық лауазымды тұлғалардың тұрғындармен кездесуіне үлгермесек те, сол жиналыстан шығып келе жатқан адамдармен сөйлестік.

Олар «жанбайлықтар бай, қара уылдырық жеп отыр» деген сөзбен мүлдем келіспейді. Себебі, байлық қуу емес, ауыл халқы сары бала, қара қазан күнелтіс қамымен балық аулап жүргенін айтады. Ауылда 200-ге жуық адам маусымдық науқанда балық аулап, күн көреді. Олар ауысым кезінде теңізге барып аулаған балықтарын «Амангелді», «Ракуша», «Абылайхан» өндірістік кооперативтеріне тапсырып, есептесіп отырады. Ал жергілілікті балықшылар үкіметтің 2013 жылғы қаулысы олар үшін қолайсыз екенін айтып отыр. Яғни, қаулыда көрсетілгендей, балық аулау маусымы кезінде қуаты 40 ат күші болатын «казанка» қайықтарының теңізге шығуына тыйым салынған.  



- Бізге жиналыста 20 ат күшіне тең болатын «бударка» қайығын пайдаланыңдар деп отыр. Бірақ, «бударка» өте жеңіл, бұл көлге, өзенге шығуға арналған. Теңізде бұл қайықпен жүру қиын, кез келген кезде аударылып қалуы мүмкін, ондай жағдайлар да болған. Иә, заңдылығын сақтау керек болар, бірақ, бұл жерде адам мүддесі қорғалып отыр деуге болмайды, - дейді жеке кәсіпкер Дидарбек САХАРБАЕВ. - Енді бізге 1 млн астам теңгеге «бударканы» сатып алыңдар дейді. Олай болмаса, теңізге шығуға рұқсат етпейді. Ал жүздеген халық сонымен күнелтіп отырғанын неге естен шығарады? Жиналыста облыс әкімінің орынбасары енді бір, екі жылдан кейін теңізден балық аулауға тыйым салынатынын айтты. Оны уақыт көрсетер, әзірге жергілікті тұрғындар биліктен екі нәрсені талап етеді. Біріншісі, биылғы маусымды казанкалармен аяқтайық. Екінші, егер заңға қайшы келді десе, ескі 40-тық моторды қабылдап алып, орнына 20-лықты берсін. Олармен теңізге шығу қауіпті, бірақ, амал не.   

Дидарбек САХАРБАЕВ

- Жағдайдың ушығуы былай, бұдан жыл жарым бұрын 40 ат күші бар моторлы қайықпен шығуға рұқсат еткесін ауыл адамдары оларды 1,5-2 млн теңге несиеге сатып алды, - деп әңгімеге араласты жергілікті тұрғын Асылхан ҚАЛУОВ. - Енді мойынымызда қарыз бар, ал қуаты рұқсат етілген екінші қайықты сатып алуға жағдайымыз келмейді. Ауылда жұмыссыз жүргендер көп, бізді вахтаға жұмысқа шақырды, айлығы 100 мың теңге дейді. Бір ай еңбек етіп, бір ай демалғанда 50 мың теңге болады екен. Бұл ақшаға отбасымызды қалай асыраймыз? Кешегі полициядан қашқан адам қарызын өтейін деп шықты, себебі банк күнде телефон соғады, өсімпұл өсіп жатыр. Тағы бір сұрақ: айналымызда орналасқан «Мыңтеке», «Сазанқұрақ», «Потенциал Ойл», «Жайықмұнайгазге» жұмысқа неге алмайды?  


БАСҚА ҚАНДАЙ КӘСІП БАР?

Жанбай ауылы 1957 жылы құрылған. Бүгінде мұнда 3 300 халық 575 үйде тұрып жатыр. Еңбекке жарамдысы 1 497 болса, соның 118-і жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Тіркелмей жүрген адамдар да бар. Ауылдың кейбір адамдары мұнай кәсіпшілігінде еңбек етеді. Халықтың басым көпшілігі балықпен және малмен күнелтеді.  

- Қазір ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив құру бағытында түсінік жұмыстары жүруде. Астрахан-Атырау тас жолы күрделі жөндеуден өткеннен кейін кәсіпкерлік артады деп үміттеніп отырмыз. Егіншілікті дамытқымыз келеді, бірақ, далалыққа барып егін егуге бел байлап отырған ешкім жоқ, себебі, жеріміз егін өсіруге тиімсіз, - дейді Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар ЕСМҰХАНОВ.

- Бүгінде Жанбайда жағдай тұрақталды, - дейді аудан әкімінің орынбасары Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ. - Полицияға қарсылық танытқандармен аудандық ІІБ айналысуда. Қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрлігі бекіткен ережелерге сәйкес, балықтардың уылдырық шашу кезінде 20 ат күшінен аспайтын моторлы қайықтарды пайдалану керек. Бұл ережелер орындалуы тиіс. Одан бөлек, біз тек балық кәсіпшілігімен тоқтап қалғымыз келмейді.  Жанбайлықтарды жұмысқа тарту үшін бірнеше компания ұсыныс түсірді. Егер мамандығы болмаса оқытылатын болды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

5 сәуір 2017, 18:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.