Атырау, 28 наурыз 17:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Тасқын су сан соқтырмасын

5 225 просмотра

Саяжай ауылының жаңа үйлері бөгеттің үстіне салынған. Су бөгетін салатын жер жоқ.
Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында ондаған елді мекендер суға кетті. Топан су басу себептерінің бірі – Бұқтырма су қоймасы жарты ғасыр ішінде алғаш рет жобалау қуаттылығы бойынша арнасына лық толды. Осыған байланысты жоспарлы түрде су жіберіліп, соның салдарынан Ертіс арнасынан асып кетті. Атырауда соңғы жылдары Жайық тайызданып кеткендіктен, шынын айту керек, біз босаңсып кеттік. Бәлкім, бұл дұрыс та емес шығар.

Ғасырлар бойы Жайықтағы гидробекеттердің мәліметтері тіркелетін («Жайық жүз жылдан бері бақылауға алынған», «АЖ», №49., 3.12.2015 ж.) Қазгидрометтің Атырау филиалының мәліметтері бойынша әр жылдары өзен деңгейінің қалай өзгергенін бақылауға болады. Қазір Жайықтың тайыздануына ресейлік тарапты кінәлап жүргеніміз орынды деуге болмайды. Әр жылдары өзенде түрлі құбылыстар орын алды. Мәселен, 1976 жылы Жайық 52 сантиметр белгіге дейін тайызданды. Бұл 455 нормадағы шама. Елестету қорқынышты. Мұндай өте ауыр жағдай бірнеше жыл бойына сақталып келді. Жергілікті тұрғындар, тіпті, Жайық өзенінің аз уақыттан соң тартылып қалатынына сенімді болды. 

Бақылау тарихында Жайықтағы судың ең жоғарғы деңгейі 1922 жылы 619 см болып тіркелген. 1993-94 жылдары белгі 601 см-ге жеткен. Сол кезде өзен жағалаудан асып, кейбір елді мекендерді басып қалды, тіпті, адам өлімі де орын алды. Атырауда төтенше жағдай жарияланды. Көпір жақтауынан су толқып жатқан мазалы күндер көпшіліктің есінде шығар. Ал мамандар белгілі бір кезеңділікті атап өтеді: су деңгейі орташа алғанда әрбір 20-25 жыл сайын сыни белгіге жетеді. Егер осы бақылауларға сенер болсақ, онда таяу жылдары Жайық соңғы жылдары болып көрмеген су тасқынымен таң қалдыруы мүмкін деп болжауға болады. Мұның бізге қандай қаупі бар екенін сәл кейінірек әңгімелейміз.

ЕКІ МИЛЛИАРД - РЕЗЕРВТЕ

Ал әзірге жергілікті биліктің 2017 жылғы алдағы су тасқынына қалай әзірленіп жатқаны туралы әңгімелейік. Атырау облыстық ТЖД ұсынған мәліметтер бойынша, биыл Жайық, Ойыл, Жем, Сағыз өзендері бассейніндегі қар қоры нормадан көп. Топырақтың күзгі ылғалдануы Жайық бассейнінде нормадан жоғары және Ойыл, Жем, Сағыз бассейндерінде нормадан төмен. Бұдан басқа, Ресей Федерациясының аумағындағы Жайық бассейнінде қар қорлары да нормадан жоғары.
Су тасқынының алдын алып, ықтимал зиян мөлшерін азайту үшін ТЖ департаменті шаралар жоспарын әзірледі. Сонымен қатар, 2017 жылғы су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайдың іс-әрекет картасына түзету жүргізілді.

Қазіргі кезде облыс аумағында 1967-1994 жылдары салынған топырақты қорғаныс бөгеттері бар. Олардың ұзындығы - 415,5 км. 172,5 км бөгет қалпына келтірілуі қажет.

Жасалған жұмыстар бойынша ТЖ департаменті қолданыстағы бөгеттердің 28 км-іне жөндеу жүргізілгенін, ұзындығы 11,1 км-ге жағалау бекіту және тереңдету жұмыстарының жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар, көлік жолдары мен темір жолдардың, көпірлердің астынан өтетін су жүретін құбырлар тазартылды. Су тасқыны асқынған жағдайда әкімдікпен бірге қажетті күштер мен қаражат көзі (3 мыңнан астам адам, 500 бірлік техника, 30 жүзбелі құрал) біріктірілді. Облыстық әкімдік төтенше резервке 1 млрд 449 млн теңге, шұғыл мұқтаждық резервіне 303 млн 900 мың теңге салды.

Қоблан РИЗУАНОВ
ЕСТЕН КЕТПЕЙТІН 1994 ЖЫЛ

Су көп көтерілген жағдайда бізді қиын жағдай күтіп тұр, - деп есептейді Қайыршақты ауылдық округінің байырғы тұрғыны Қоблан РИЗУАНОВ. 1993-94 жылдары су тасқынына қалай дайындық жасалғаны оның әлі есінде. Ол кезде Теңдік кеңшарында ветеринар дәрігер болып жұмыс жасаған екен.

Бұл жерлерде бөгеттерді салу екпінді қарқынмен жүргізілді.

– Сол кезде билікке алдағы су тасқыны туралы алдын ала ескертілді. Бүкіл күш қорғаныс бөгеттерін салуға жұмылдырылды. Адамдар күндіз-түні тынбай жұмыс жасады. Әрине, ең алдымен Жайықтың жағалау бойына бөгеттер тұрғызылды. Ауыл шаруашылық мұқтаждықтары үшін су бұру қызметін атқарған топырақ дуалдар да үлкен рөл атқарды, - деп еске алады Қоблан аға. – Жайық жақтан қауіп күтілді, алайда,  су басқа жақтан – Соколок каналынан келді. Оған топырақ үйіліп бекітілсе де, су жиегінен шығып, елді мекендер жаққа қарай жайыла бастады. Бесікті, Талғайраң және басқа ауылдар табиғат соққысына ұшырайтын еді. Мәселен, сол кезде 100-ден аса үй болған Бесіктіні қорғау үшін ауыл төңірегіне шұғыл арада бөгет орнатылды. Нәтижесінде ауыл тұрғындары су тасқынынан аман қалды. Әлі есімде, ауыр, өте қорқынышты көрініс еді: бөгетпен қоршалған Бесікті, трассаға баратын жол, ал айналаның бәрі су болатын. Мал өсіру фермасы – Аспа пункті де осылайша қорғалды. Сол кезде Талғайраң да бөгеттің күшімен аман қалды. Су Индер трассасына дейін жетіп, Доссор жаққа қарай бағыт алды. Сол кезде ол 30 км-дей жерге таралды. Тасқынның өзі де ұзақ – екі айға созылды. Таң қаларлығы – су Доссор трассасына қарай бағыт алғанда, ол жаңа жолдар тауып, кейін қарай ағылып, құс фабрикасы маңындағы тұрғын үйлер массивін басып кетті. Ал сол жерді су басады деп ешкім де ойламаған еді. Бұл жерлерде бәрі суға кетті. Тек бір жол ғана қалды, оны да жоғалтып алмау үшін шұғыл арада оны да көтерді.

Су тез келді ме?

– Кеңшар төрағасы өзіне қарасты аумақтағы жағдайды шолып қайтпақ болып шығады. Сол кезде су келіп қалады. Ол өзі мінген УАЗик көлігін далаға тастай сала қашқан. Машина су астында қалды. Мұндай жағдай санаулы минуттарда, секундтарда орын алады. Сол кезде қаншама ауыл шаруашылық техникалары суға кетті. Далада жұмыс жасаған адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Егер елді мекендерге судың келуіне кедергі болған қорғаныс бөгеттері, үймектер мен трасса табандары дер кезінде салынбағанда, бүкіл ауыл суға кеткен болар еді.

Егер таяу уақытта бізге мол су келетін болса, не болады? деген сұрағыма, аға ауылдық округтерді аралап шығуды ұсынды. Аралау кезінде жабырқатар көріністерді көрдім.

2017 жылғы 1 наурыз есебімен қар қоры


ЖОЛ АШЫҚ

Талғайраң ауылынан жағалау бойымен төмен қарай түсуге тиіс және одан кейін орналасқан елді мекендерді қорғауы тиіс бөгет АМӨЗ саяжай поселкесі орналасқан жерден үзіледі. Ескі саяжай үйлерінің орнына коттедждер мен жаңа үйлер бой көтерген. Бұл үйлер адамдардың тұрақты мекенжайына айналған. Бұл жерде ешқандай бөгет жоқ. Және оны салатын жер де жоқ. Үйлер өзенге өте жақын салынған.

– Бұл үйлер қорғаныс бөгеттері тұрған жерге салынған, - дейді менің жол нұсқаушым. 

Егер өзеннен жоғары қарай қарасақ, кейбір учаскелерде 93-94 жылдары салынған қорғаныс бөгеттері жоқ. Жыл сайын Жайық 4 метрге дейін жағалауды «жеп қояды». Осы жылдар ішінде кей жерлерде өзен жағалауды құлатып тастаған, ал онымен бірге бөгеттердің жекелеген бөліктері де кеткен.

Талғайраңның жанынан өтіп бара жатқанда ауыл жанынан салынған соқпақтарды байқадым. Өзенге шығатын бұл жолдарды тұрғындардың өздері салған секілді. Басқа жерлерде құм үйінділері дала кеміргіштерінің індерімен шұрқ-тесік болып жатыр. Жиырма жылдан аса уақыт бұрын қорғаныс рөлін атқарған дуалдан қазір ештеңе қалмаған.

Ал дуалдың сақталып қалған бөлігі баяғыда шөгіп қалған, оларды көтеру керек. 

- Егер мол су келсе, не болуы мүмкін? 

- Ол үшін жол ашық. Кеміргіштер қазып тастаған үймектер шайылып кетеді. Су бөгеттер арқылы адамдар салған жолмен жайылады. Ал кейбір жерлерде, өздеріңіз көріп отырғандай, ешқандай қорғаныс жоқ, - дейді Қоблан Ризуанов. – Сонымен қатар, Талғайраңға жақын жерден қалалық билік жеке тұрғын үйлер салуға жер телімдерін белгілеген. Бұл жерге жоғары вольтты электр тарату желілері орнатылған. Мұнда бөгеттер жоқ – бұл бір. Екіншіден, егер су келсе, бұл электр бағандарының барлығы суға кетеді. Олардың жағалау жиегіне қалай жақын орналасқанын көріп тұрсыз. Ал егер ол уақыт өте келе сумен шайылса ше? Бұл жердің жағалауын бекіту керектігі сөзсіз.

Мұндай проблеманың қала маңындағы бір ауылдық округте ғана еместігін ескерген жөн.


 
БӨГЕТТЕРДІҢ ОРНЫНА САЯЖАЙЛАР

Бірнеше жылдан бері Геолог ауылының тұрғыны әрі «Беймхис» бағбандар қоғамының төрағасы Алик ҒҰМАРОВ ауылдық әкіммен текетіресіп келеді. 

- Біздің бағбандар қоғамының шекарасының қасына жергілікті билік екі азаматқа бір-бірден жер телімдерін бөлген. Бұл телімдер жағалау қорғайтын бөгеттің дәл орнында. Жаңа қожайындар бөгеттердің қалдықтарын тегістеп тастады. Шамасы, көп кешікпей құрылыс бастайтын шығар. Егер су тасқыны көп болса, онда су бүкіл үйде адамдар тұрақты тұратын тек саяжай массивін ғана емес, Геолог поселкесін де басады. 

Ауыл тұрғындары үшін қиындыққа жол бермес үшін мен өзім бес жылдан бері көптеген инстанциялардың – прокуратураның, аумақтық жер инспекциясының, төтенше жағдай қызметінің, әкімдіктің... табалдырығын тоздырып келемін.
Аумақтық жер инспекциясы 2013 жылы Геолог ауылдық округінің әкімдігіне қатысты сотқа талап-арыз берді. Сот әкімдіктің әрекетінен ешқандай заң бұзушылықтар таппады. Өзім де соттасуға әрекет жасап көрдім. Тағы да түк шықпады. Тұйыққа тірелесің де қаласың. Ал қауіп бар, өзіңіз қараңыз.

2017 жылы келетін өр суының болжалды көлемі, млн текше метр

2017 жылғы су деңгейінің ең жоғарғы деңгейі, см

Алик аға осы жердегі жағалау бойын көрсетті:

- Бұл жерде бұрылыс бар, ағыс дәл осы жерден соғады. Бір кездері бұл жерде темірбетонды тақталар орнатылды. Бірақ, кейбір тақталар көп уақыттан бері жоқ. Өзен жағалауды шайып, бізге жақындай түсуде.

ТОСТАҒАН СУҒА ТОЛҒАНДА

Басты мәселе – кезеңділікке оралайық. Неліктен бірнеше жыл бойына өзен тайызданып, қауіп төндірмей отыр? Ал кенеттен аңдаусызда су астында қалсақ ше?

Маған осы сұраққа нақты жауап берілмеді. Алайда, бір маман өзінің болжамын айтты. Кез келген су қоймасының өз қоры бар. Уақыт өте келе су қоймасының тостағаны толады. 

Оның жылдам толуына тау басындағы қар көлемі де, топыраққа сіңетін кез келген жауын-шашын да әсер етеді. 

Ерте ме, кеш пе, тостаған толатын сәт туады. Ал онымен бірге жерасты қабаттары да суға толады. Осылайша, судың толуына 10-15-20 жыл жеткілікті болады. Гидрогеология тұрғысында бұл аз ғана уақыт. Нәтижесінде мұндай сәттерде су қоймасы көп суды қабылдай алмайды. Өйткені, төңіректі су басу қаупін төндіреді. Сондықтан суды төменге қарай жібереді. Өзен сағасында су тасқынының қалай болатыны оның жылдамдығына және көлеміне байланысты болады. Судың күрт жіберілуі төменгі жаққа нағыз толқынды соққымен келеді. Мұның неге апарып соқтыратынын жиырма жылдан астам уақыт бұрын көрдік. Ал жоғарыда аталған кезеңділікті ескерсек, бәлкім, ойланатын кез келген шығар?


Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

30 наурыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.