Атырау, 20 сәуір 10:27
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жергілікті БАҚ-ты дамыту мәселелері сөз болды

6 402 просмотра

Бүгін, 29 наурыз күні бұқаралық ақпарат құралдары және интернет-кеңістікті дамыту мәселелері бойынша облыстық әкімдіктің жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірі - «Атырау облысы тұрғындарының БАҚ-қа қатысты көзқарастары және қызметін бағалаулары» атты әлеуметтік зерттеудің нәтижелері (баяндамашы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия ҚЫСТАУБАЕВА), екіншісі - «Екі тілді басылым: тәжірибе және проблемалар» тақырыбында «Ақ Жайық» газеті бас редакторының орынбасары Айнур САПАРОВА жасаған баяндама бойынша.

Ә.Қыстаубаеваның айтуынша, сауалнамаға 1 000 адам қатыстырылып, зерттеуді «Қоғам – Общество - Society» ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жүргізген. Мәселен, «БАҚ-тың қай түріне көбірек сенесіз?» деген сауалға сұралғандардың басым бөлігі «баспасөзге» деп жауап беріпті. Ал келесі сауалда жергілікті басылымдарды, соның ішінде «Ақ Жайық» газетін қала тұрғындарының 67 пайызы, «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттерін 50 пайызы, аудандық газеттерді 98 пайызы оқитынын көрсеткен.  

Осы баяндама тақырыбына орай, «Қазақстан» РТРК Атырау облыстық филиалының директоры Жанахмет АҒЫБАЕВ «телеарнадан қай жанрдағы бағдарламаларды көргіңіз?» келеді деген сауалды енгізуді ұсынды.

Ал Айнур Сапарова өз баяндамасында мемлекеттік органдар мен БАҚ арасында әріптестікті дамыта түсу үшін алдағы уақытта мемлекеттік органдар мен ірі мемлекеттік компаниялардың баспасөз қызметінің жетекшісі мен баспасөз хатшылары ауысқан кезде, БАҚ басшыларын жинап, олармен таныстырып отыруды ұсыныс ретінде айтып өтті. Баяндамадан соң қатысушылар тарапынан сауалдар  аз болмады. Мәселен, Ә.Қыстаубаева мемлекеттік мекемелерде баспасөз хатшысының жоқтығы штаттың ашылмағандығымен байланысты екенін және басқармаларда БАҚ-пен байланыс жасайтын бір-бір маманнан бөлінгенін айтып өтті.

Бұдан бөлек, А.Сапарованың баяндамасында аталған мәселелерге орай, отырысты жүргізген Ә.Қыстаубаева АМУ өкіліне журналистика бөлімінде оқитын студенттерге газет дизайнын жасауға арналған бағдарламаларды үйретуді қолға алып, нәтижесін кеңестің келесі отырысында баяндауды тапсырды. Сондай-ақ, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Ардақ ЖУАСОВҚА алдағы уақытта БАҚ заңының талаптарын сақтай отырып, журналистердің сауалдарына үш күннен қалдырмай жауап беру туралы еске салды.

Жалпы, отырыс барысында жергілікті басылымдардың электронды нұсқаларын дамыту туралы бірнеше рет айтылды. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі бөлімінің меңгерушісі Саламат САБЫР электронды БАҚ-ты дамыту арқылы арада бәсекелестіктің күшейе түсетінін тілге тиек етті.

Жеке ақпарат

29 наурыз 2017, 18:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.

Комментарий беру ажыратылған