Атырау, 20 сәуір 21:05
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Қой қоздап, қорада шу

Сурет
3 294 просмотра

Махамбет ауданы Таңдай ауылынан 20 шақырым қашықтықтағы қыстақта қазір мал төлдеу науқаны қызып тұр. Малшыларға ақ таңнан қара кешке дейін енді тыным жоқ, шаруа бастан асады. 

Төлдеген саулықтар мен қозыларын бөлек күтімге алып, қолдан шөптеп, жем беріп, қоңын түсірмеудің амалы жасалуда. Бірі қора басындағы үюлі шөптің мұртын бұзып, төменге тастай бастады. Каникулға келген балалар да қолғабысқа жарап, күндерін аула басында өткізіп жүр. 

- Төлдердің ақпанның ортасында туғандары бар. Бірақ, жаппай төлдеу енді басталды, - дейді «Тани» шаруа қожалығының басшысы Қадыржан ТАНИЕВ (суретте). 


Жасы 70-ке келген Қадыржан аға отыз жылдан астам мекен етіп келе жатқан «Мейірман» қыстағының тарихы туралы айтып берді. Осы қыстақта кезінде әкесі Тілеш отырған еді. «Бақсай» совхозында аға шопан болған әкесі зейнетке шыққанға дейін осы жерде тапжылмастан еңбек етіп, кейін малды ұлы Қадыржанға тапсырыпты. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, малшы өмірінің ыстық-суығын бала кезден көріп өскен ұлы шаруаны шашау шығармай ұстап қалған. Кеңес үкіметі құлап, совхоз тарағанда да қолындағы аз ғана малымен осы жерді жалға алып, үйді жекеменшікке өткізіп, «Тани» деген шаруа қожалығын құрады. 

- Сол қожалықты құрудағы мақсатымыз да малымызды өзінің төлі есебінен көбейтуге күш салу болды. Біз жұмысшы жалдамаймыз. Көмекшілеріміз жетерлік - жолдасым Сұлуқыз екеуміздің он баламыз бар. Үйленген екі балам, келіндерім вахталық әдіспен жұмыс жасаса да, осы шаңырақта бірге тұрып жатырмыз. Вахтадан босаған уақыттарында мал шаруасына көмектеседі. Биыл мен «Бақсай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мүше болдым. Ірі қара мал алып, асылдандыруды жоспарлап отырмын, - деп бөлісті жоспарымен Қадыржан аға. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Cуретті түсірген автор

29 наурыз 2017, 15:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.