Атырау, 17 сәуір 01:38
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

"Ника" лауреаттары 26 наурызда ұсталғандарға қолдау білдірді

1 754 просмотра


Ресейде кинематография саласында берілетін «Ника» сыйлығы тапсыру рәсімінде лауреаттар елдегі саяси тұтқындар мен наурыздың 26-сында коррупцияға қарсылық акциясына шыққанда ұсталғандарға қолдау білдірді деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі ақпарат агенттіктеріне сілтеме жасап.

«Ар және намыс» жүлдесін алған режиссер Александр Сокуров ел президенті Владимир Путин өздері талқылаған мәселе – Ресейде терроризм айыбы тағылып, ұзақ мерзімге сотталған украин режиссері Олег Сенцовтың тағдырына қатысты шешім қабылдайды деп күтетіні туралы мәлімдеген.

Сокуров наурыздың 26-сы күні көшеге шыққан жастармен диалогтың болмауын қателік деп атаған. «Мектеп оқушылары мен студенттер арасында азамат соғысын бастауға болмайды. Олардың дауысына құлақ асу керек. Саясаткерлеріміздің ешбірі оларды естігісі келмейді, ешкім олармен сөйлеспейді. Бұдан ары төзу мүмкін емес» деген Сокуров. Оның сөзіне залда отырғандар ду қол шапалақтап, кейбіреулері орындарынан тұрып қолдау білдірген.

«Коллектор» фильмі үшін «Жыл жаңалығы» жүлдесіне ие болған режиссер Алексей Красовский кинематографистердіқолдарында бар билікті«наурыздың 26-сында ұсталғандардың тағдырын өзгертетіндей» бірнәрсе жасауға пайдалануға шақырған. Оны қолдап сөйлеген актриса Елена Коренева Ресейдегі саяси тұтқындар туралы айтып, Олег Сенцов, Сергей Мохнаткин және Олег Навальныйдың есімдерін атаған.

Солтүстік Кореядағы өмірді суреттейтін «Күн нұрында» фильмі үшін сыйлықпен марапатталған режиссер Виталий Манский сөзінде Ресейді Солтүстік Кореямен салыстырған.

Актриса Юлия Ауг осында сөйлеген Сокуров, Красовский мен Кореневалардың сөздерін телеарнада «қиып тастайтындықтан» олардың айтқанын көрерменнің ести алмайтындығына қынжылыс білдірген. Бірақ ол «Ника» сыйлығын тапсыру рәсімі қарсылық акциясына айналғанына ризашылығын білдірген. «Және бұл оқиға жараның жарылуға шақ тұрғанын байқатты» деп мәлімдеген ол.

Осымен 30-рет тапсырылған Ресейдің кинематографиялық «Ника» сыйлығы жүлдегерлерін марапаттау рәсімі наурызың 28-і күні өтті. «Үздік фильм» номинациясы бойынша бас жүлдені Андрей Кончаловскийдің «Жұмақ» көркем фильмі алды. Сыйлықты тапсыру рәсімін Ресейдің орталық телеарналары тікелей эфирде көрсеткен жоқ.

Дереккөз: Азаттық

29 наурыз 2017, 12:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.