Атырау, 19 сәуір 07:35
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Балалар бағбаны

Сурет
7 693 просмотра

Менің алдымнан ұзын бойлы, еңгезердей жігіт шықты. Егер мен оны өндіріс басынан кездестірсем, оған таң қалмас едім. Бірақ, менің кейіпкерім - 34 жастағы бөбекжай директоры. Білуімше, бұл облыста бөбекжай балабақшасын басқарып отырған жалғыз ер адам, ал республика бойынша олар саусақпен санарлық екен.

Есіме кеңес заманында түсірілген «Бала күтуші мұртты ағай» («Усатый нянь») атты музыкалық трагикомедия есіме түсті (1977 жылы кеңестік әрі ресейлік режиссер Владимир Грамматиков түсірген).

Әр жұмыстың басын шалып, ұсақ бұзақылығымен көзге көбірек түсіп жүрген Инокентийге қоғамдық ұйым соңғы мүмкіндік беріп, балабақшаға жұмысқа орналастырады. Кешаға бүлдіршіндермен бірден тіл табысу қиындыққа соғады. Бір жағынан күлкілі болса да, жаны таза ол аз-кем уақытта балаларды үйіріп әкетеді. Бұған дейін небір эпизодтарды басынан кешіруге тура келген ол жолдастарына жұмыс жасап жүрген орнын жасырғанымен кейін белгілі болып қалады. Ақырында әскери борышын өтеуге кетерде Кешаны балабақша ұжымы және балдырғандар қимай шығарып салады. Менің кейіпкерім де Кеша секілді бөбекжайда еңбек етіп жатыр. Бірақ, бір айырмашылығы – ол мұнда өз еркімен келген.  

- Маған осыдан төрт жыл бұрын «Балапан» бөбекжай балабақшасына директор болуды ұсынғанда, бас тартқаным жоқ. Себебі, ауылда онсыз да жұмыс табу қиын, ал мансапта өсу мүмкіндігі күнде бола бермейді. Мен бұған дейін мектепте қатардағы мұғалім болып істейтінмін, - дейді Нұрлыбек ДӘУЛЕТҚАЗЫ (суретте). - Мен бала кезімнен мектепте мұғалім болып жұмыс жасасам деп армандайтынмын. Маған әжемнің ықпалы тиген болуы керек, ол бүкіл өмірін білім саласына арнаған жан. Сондықтан мен балабақшаға келмес бұрын мектепте жұмыс істегенмін.

Ол 2000 жылы мектеп бітіргеннен кейін Атыраудағы Х. Досмұхамедов атындағы университеттің бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын факультетіне бөліміне құжаттарын тапсырады. Бірақ, адам жетіспеуіне байланысты мектепалды даярлық тобының мұғалімдерін даярлайтын бөліміне қабылданады. Бұл оқуды Нұрлыбек грантпен төрт жылдан кейін бітіріп шығып, туған ауылы Индер ауданы Есбол ауылына қайтып оралады. Сол ауылдағы Жамбыл атындағы орта мектепте мектепалды даярлық тобының мұғалімі тұрмысқа шығып, соның орнына жұмысқа қабылданады. Осылайша ол балаларға орыс тілінде дәріс бере бастайды.

- Бастапқыда жұмысыма үйренісіп кету оңай болмады, - дейді Н. Дәулетқазы. - Тіпті арасында ойым сан-саққа жүгіріп, өндіріс саласына жұмысқа кетіп қалсам ба деп те ойландым. Бірақ, уақыт өте келе жұмысыма үйрене бастадым, кейін жұмысты ауыстыру туралы ойламайтын болдым.

- Бірақ, ұжымыңызбен сөйлескенімде, олар сізді кейде «мамандық ауыстырсам ба?» деп қалатыны бар дейді.

- Иә, кейде солай ойлаймын. Адамбыз ғой, көңілдің кейбір сәттері деген болады. Нар тұлғалы болғанымызбен, көңіл нәзік (күлді). Ер адамдар үшін кішкене балаларға дәріс беру оғаштау көрінетінін іштей өзім де сеземін. Бұл әйелдердің жұмысы дейді біреулер. Сондайды естіген кезде көңілім бұзылады. Қазір ондай әңгімеге көңіл бөлмеуге тырысамын. Себебі, ата-аналар мені жақсы қолдады. Тіпті, кейбірі директорымызға «менің баламды сол бала оқытсын» деп өтініш айтқан кездері болыпты.

Әскери борышын өтеп келгеннен кейін де ол сүйікті мектебіне қайта оралады. Осылайша төрт жыл дәріс береді. Нұрлыбектің әйелі де мектепте мұғалім. Олардың әзірге балалары жоқ.

- Мені қинайтын екі жайт болды, - дейді бөбекжай директоры. – Біріншісі - сыныпқа келген кішкентай балаларды киіндіріп-шешіндіру еді. Бәрін киіндіріп болғанша өзім де терлеп-тепшіп, есім кететін. Екіншісі – әжетханаға апару. Қыз балаларды апарып әкелуді апайларға тапсырамын. Кейде ата-аналар балаларын уақытында әкетпей жатады. Ауылда балалардың қай жерде тұратынын жақсы білемін, көлігім болса көлікпен, болмаса жаяу апарып тастайтынмын. Ал сабақ беру мен үшін жеңіл болатын.


- Дегенмен, балалардың арқасында өзің де көп нәрсені үйренген боларсың? Қыздардың шашын өру секілді...

- Иә, ол әлбетте. Жұмысбасты, болмаса ұйықтап қалып кешіккенде, болмаса ата-әжелерде қалған қыз балалардың шашы өрілмей келеді. Қолыңа бантик пен тарақты ұстатып  кете барады. Басында ұжымдағы апайлар көмекке келетін. Бірақ, оларға үнемі жүгіре бергің де келмейді. Мен интернетке кіріп, қыз баланың шашын тарап, байлау немесе өруді үйрендім. Енді бұл жұмысты да ата-аналар толығымен маған сеніп тапсырды. Біреулер үшін күлкілі болар. Бірде бір кішкене қыз бала жылаумен болды. Күнде солай. Сөйтсем әлі анасының омырауын емеді екен. Кейбір балдырған емізікті сағынып отырады. Сөйткен балалар бүгінде 19 жаста (күлді). Ауылға келгенде мені арнайы іздеп келіп, амандық-саулық сұрасып тұрады.

Бұл әңгімесінен соң директор бізге балабақшаның ішін көрсетті. Мұнда үш топ бар, барлығы 75 бала тәрбиеленуде. Балалар директор ағайларын көргенде амандасып, мәз-мейрам болысты. Балабақшада ерекше жылылық сезіледі.

- Бөбекжайда барлық жағдай жасалған, материалдық-техникалық базасымен толық қамтылып келеді. Ұжымда ер адамдардан тек музыкант екеуміз, қалған қызметкерлердің бәрі әйел адамдар. Ұжымымыз тату, бір-бірімізге жәрдем беріп, ақылдасып, тәжірибе алмасып тұрамыз, - деп әңгімелейді Н. Дәулетқазы.

- Нұрлыбек Қонысұлы ер адам болғанымен біздің жанымызды түсінуге тырысады. Балалар да оны жақсы көреді, ата-аналар да риза, - деп бөліседі психолог Болғанай ҮСЕНҒАЛИЕВА, әдіскер Амангүл ЖҰМАҒАЛИЕВА, тәрбиеші Шынаргүл ТӨЛЕГЕН. - Ол өз жолын дұрыс таңдаған, балаларды жақсы көреді, өте мейірімді, сабырлы. Біз жұмысқа келгенше асығамыз, себебі мұнда еңбек ету қызық әрі көңілді.

Міне, Есбол ауылындағы балалар бағбаны осындай жайсаң мінезді жан, тек мұрты жоқ демесеңіз...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

27 наурыз 2017, 12:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.