Атырау, 19 сәуір 23:31
 ашықВ Атырау +27
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Керісінше, Әнуар қазақтан кешірім сұрасын!

Бейнежазба
4 837 просмотра

Атырауда өткен блогерлердің кезекті құрылтайында танымал актер Әнуар Нұрпейісов ұлт пен тіл туралы «ақылды» ой айтамын деп басы бәлеге қалды. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» демекші, қалың аудиторияның алдында ақылсымақтанамын деп артық айтып қалғанын аңғармай қалған актер енді «гипотеза», «аксеома» деп, өшін журналистерден алмақшы,- деп жазады Baq.kz.

Қазір Әнуардың айтқан сөздеріне дәлел болатын видео желіге тарап, қызу талқыға түсуде.


«Әлем бір орында тұрмайды. Мен... мың жылдан кейін ұлттар болмайтынына сенімдімін. Болмайды!.. Андроновтар қайда қазір?! Қазір олар жұқа ғана тарих кітабында, иә, кезінде андроновтар болған екен... Ертең біздің ұлтымыздың болатынына қандай кепіл? Ешкім кепілдік бере алмайды. Қаншама ұлт құрдымға кетті. Өмір бойы осы ұлттық ерекшелігімізді жоғалтып аламыз деп қорқу... Бірақ... Қазір ең дұрысы – өз-өзімізді дамыту. Әрине... Менің патриоттық сезімім, еліме деген махаббатым бар! Елім үшін жаным ашиды! Бірақ... Осы тұрғыда біз бұдан шығуымыз керек. Бұл деген – комплекс. Бұл біздің комплексіміз», - дейді Әнуар.

Бірақ мың жылдан кейін ұлт жойылады деп сеніммен айтатындай Әнуар әулие ме еді?! Қазақтың мың жылдан кейін де қазақ болмайтынына қандай кепіл керек жас актерге? Комплекс деп нені айтып отыр сонда? Жерімізді, елімізді, ұлтымыз бен тілімізді аман сақтап, ұрпақтан ұрпаққа аман жеткізген ата-бабаларымыздың қаны мен жанын комплекс деп отыр ма? Әлде тіл үшін, ұлт үшін, жер үшін күрес Әнуар мырза үшін ұят па екен? Ойы шұбалаңқы, сөзі жүйесіз бола тұра соттасамын деп 143-ні бапты ауызға алған екен. Ал бұл ойымен қаншама ұлтым, қазағым деп, жанын шүберекке түйіп жүрген азаматтардың ар-ожданын таптағанында, ұлтжандылық сезіміне су сеуіп, кеудесіне «түкіргенінде» жұмысы жоқ Әнуардың.

Бір-екі фильмге түсіп, бір-екі клип түсірдім екен деп, қазаққа ақыл айтатын Әнуар кім еді?! Өзінің ұлттық ерекшелігіне мұрын шүйіре қарап, қазаққа қауіпті ой айтатын өнер саласындағы осындай азаматтарымыздың кесірінен ұлтымыз мың жылға жетпей де жойылуы мүмкін.

Кейін берген түсініктемесінде соттасамын дейді. Кіммен?! Қазақтармен бе? Қанша жерден «гипотеза» мен «аксеомасын» сылтауратса да, айтқан сөзінің астарынан қазақ ұлтына деген көзқарасы соқырға да көрініп тұр. Осыны аңғарған журналистер кешірім сұрасын депті. Қай бетімен кешірім сұратпақ?! Одан кешірім сұрағандар да ақымақ. «Андроновтар» сияқты құруға дайын болса, өзімен кетсін. Қазақ ұлтынан аулақ. Талай сұрапыл соғыс пен ашаршылық жеңе алмаған қазақ, Әнуар қаласа да, қаламаса да, мың жылдан кейін де қазақ болып қала береді!

Әнуар ақылшы, мейлі бұл оның жеке пікірі болсын, ұлт пен тіл үшін күрескенше, өзін-өзі дамыту жолын ұсынып отыр. Әнуар айтып отырған индивидуализм жұртты эгоизмге тәрбиелейді. Жеке бастың қамын ойлап, индивидуализмді насихаттап жүрген батыс елдері қазір не болып жатыр? Қазір ұлттық болмыс, ұлттық тәрбиенің әлсіздігінен бұл елдерде қыз қыз болудан, ұл ұл болудан қалды. Үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйламайды. Бір жыныстылар қаптап, халық саны бір орында тұралап тұр. Бәлкім, батыс елдерінің ғылымда, білімде жолы болып, талай жаңалық ашқан шығар. Бірақ сол жаңалықтардың бәрі халықты қан қақсатып, адамзатқа қарсы пайдаланылуда. Әнуардың көксегені осы ма?

Ұлттық ерекшелігінен безіп, діннен пана іздегендер әлемді ойрандап жатыр... Әнуардың аңсағаны осы шығар, бәлкім?..

Нұрлан Ноғаев бұл мәселеге қатысты әр ұлт тілі мен мәдениетін сақтап қалатын болса, жойылып кетпейді деген пікірді алға тартқан болатын. Және бұл ой орынды. Ал ұлттық құндылығымызды бойына сіңіре алмай өскен Әнуардың айтып отырғаны оның жеке комплексі. Сондықтан артық айтқаны үшін, керісінше, Әнуар бүткіл қазақ жұртынан кешірім сұрауы керек!!!

Дереккөз: Baq.kz



24 наурыз 2017, 12:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.