Атырау, 19 сәуір 13:46
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Қайтпас, қайсар Әнуар

5 008 просмотра


Облыстық парадзюдо федерациясының құрылғанына бір жыл толды. Осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстар туралы парадзюдодан аға бапкер Жандос Қиянов (суретте) әңгімелейді. 

«ЖОЛ АПАТЫНАН КЕЙІН ДЕ ОЛ БЕРІЛМЕДІ»

- Облыстық федерацияның қалай құрылғанын айтыңызшы?

Жандос Қиянов

- 2014 жылы маған Әнуар Сариевтің жеке бапкері ретінде ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Ержан Байжұманов хабарласып, елде көзі нашар көретін және соқыр спортшылар үшін дзюдодан ұлттық команда құрылып жатқандығын айтты. Менің тәрбиеленушім оған бірден-бір үміткер болатын. Әнуардың тарихы өзгешелеу. Ол дзюдо, самбо және қазақ күресінен спорт шеберлігіне кандидат болды, самбодан төрт рет еліміз чемпионатының қола жүлдегері атанды және бір рет қазақ күресінен ҚР мектеп оқушылары спартакиадасының жүлдегері атанды. Ол облыстың бірнеше дүркін чемпионы болды, жасөспірімдер мен жастар арасында дзюдодан республикалық турнирлерде жеңіске жетіп жүрді. 2012 жылы ол жол апатына түсіп, көзін зақымдап алды. Жігерлі, қайсар жігіт спортты тастап кеткен жоқ және парадзюдодан ҚР құрамасын жасақтау кезінде ол спорттық қалпын жақсы сақтаған еді. 

2014 жылы АҚШ-тың Колорадо қаласында әлем чемпионатына қатысты. Ол алғашқы жекпе-жекте-ақ өзбек спортшысы Шерзода Намазовқа есе жіберіп алды. Айтпақшы, бұл спортшы 2016 жылы Риода өткен параолимпиада ойындарында чемпион атанды. Әнуар үшін келесі жарыс Оңтүстік Кореяның Инчхоне қаласында өткен параазиялық ойындар болды. Онда ол 60 келіге дейінгі салмақ бойынша қатысқан жиырма ойыншының арасында жетінші орынды иеленді. 2015 жылдың наурызында ол Будапештте әлем кубогіне қатысты. Жартылай финалға дейін жетіп, Ш.Намазовпен жекпе-жекте көздеген мақсатқа жете алмады. Қола үшін болған айқаста Әнуар жапондық спортшы Хиросе Макатодан жеңіліп қалды. Бұл спортшы да Риодағы параолимпиадада күміс жүлдегер атанды. Ал Әнуар Будапештте бесінші орынды місе тұтты. Біздің дзюдошымыздың қалай  жетіліп келе жатқанын байқаған боларсыздар. 

Мамыр айында Сеулде көзі нашар көретіндер мен соқыр спортшылар арасында бір уақытта әлем чемпионаты мен Бүкіләлемдік ойындар өтті. Онда Әнуар бес жекпе-жек өткізді, қоланы жеңіп алды және ҚР халықаралық санаттағы спорт шеберінің нормативтерін орындады. Аталған төрт турнир де лицензиялық мәртебеге ие болатын. Осы жарыстарға қатысқандығының нәтижесі бойынша ол әлемдік рейтингте бесінші орынды иеленіп, Риодағы параолимпиада ойындарына қатысу үшін Қазақстанға берілген бір ғана лицензияны жеңіп алды. 

ТАТАМИГЕ ЕШТЕҢЕГЕ ҚАРАМАСТАН ШЫҚТЫ...

- Төрт жыл ішіндегі ең басты жарысқа сіздер қалай дайындалдыңыздар? 

- Осы уақыт ішінде Әнуарға облыстық дзюдо федерациясы қолдау көрсетіп келді. 2016 жылы наурызда ҚР парадзюдо федерациясының ұсынысы бойынша Атырауда облыстық парадзюдо федерациясы құрылды. Облыстық дзюдо федерациясының қолдауымен Әнуар 2016 жылы наурызда Бразилияда болған Гран-при сериясы бойынша турнирге қатысты. Онда ол бес жекпе-жек өткізіп, қола жүлдеге ие болды.  Одан кейін параолимпиадаға дайындалу мақсатында наурыздан маусымға дейін ҚР құрамасының спортшылары - Елдос Сметов, Асхат Тельманов, Максим Раковтармен бірге жаттықты.

Сол уақытта Әнуардың жаттығуларын қаржыландыруды облыстық парадзюдо федерациясы өз мойнына алды. Спортшының шетелдік сапарларға шығуына үлкен көмекті облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет көрсетті. Мамыр және маусым айларында Әнуар Анталия мен Барселона жаттығу лагерлерінде дайындалды. Онда әлемнің ең таңдаулы деген дзюдошылары - Беслан Мудранов, Наохиса Такато, Шишими Тору және басқалары жиналды. Әнуар олармен бірге тең дәрежеде белдесіп, үлкен тәжірибе жинақтады және өзіне сенімді бола бастады. Шілдеде ол Бирмингемде Ұлыбритания Гран-приде бақ сынап, тағы да қола жүлдені еншіледі. Бұдан кейін ҚР параолимпиадалық комитеті мені және Әнуарды АҚШ-тың Колорадо қаласындағы олимпиадалық орталыққа 25 күндік жаттығу жиынына жіберді. Бізбен бірге Үлкен шлемнің күміс жүлдегері біздің жерлесіміз А.Тельманов барды. Ал тамыз айында біз Бразилияға ұшып кеттік. АҚШ және Бразилияға барған кездердің барлығында да Әнуарды асқазаны мазалады, дәрігерлер ауруды жаза алмады. 7 қыркүйекте салмақ өлшеген кезде оның салмағының 6 келіге  азайып кеткендігі белгілі болды. Сұйықтықты көп жоғалтуына байланысты оны әлсіздік басты. Ал 8 қыркүйекте ол алаңға шықты...

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік рейтингтері бар төрт спортшы, оның ішінде Әнуар да бар, бірінші турдағы күрестен босатты. Екінші турда Әнуар 2012 жылғы параолимпиада чемпионы әзірбайжандық Рамин Ибрагимовпен белдесті. Маған бұл жерде соқырлар спортшылар емес төрешілер болғандай көрінді. Олар Әнуардың бір ұпайын есептемеді және екі соққының ұпайын төмендетті. Нәтижесінде Ибрагимов жеңімпаз деп танылды. 

Аргентиналық спортшымен болған жұбаныш белдесуінде Әнуар «иппон»  әдісімен лақтыруды жүзеге асырды. Уругвай құрамасының өкілімен болған белдесуде қоланы алуға мүмкіндік болды. Белдесу тартысты болды, соңғы секундтарда Әнуар қарсыласының тәсілдерін өткізіп алды. 2016 жылғы параолимпиададағы біздің кездесулеріміздің қорытындысы жетінші орынмен шектелді. 

БАСҚАЛАРҒА ҮЛГІ БОЛА БІЛДІ

- Параолимпиададан соң сіздер не істедіңіздер?

- Бразилиядан соң Әнуар бірден Сарыағашқа демалып, емделуге аттанып кетті. Қайтып келгеннен соң біз «Атырау облыстық мүгедектер спорт клубы» КМК келісімшартқа қол қойдық. Әнуардың параолимпиадаға қатысуы парадзюдоға үлкен қызығушылық тудырды. Қысқа мерзім ішінде біз айтарлықтай команда жинап алдық. Қазір секцияда алты адам бар. Команда әлі жинақталуда. 

Өткен жылдың қараша айында Қызылордада тарихта бірінші рет парадзюдо бойынша ҚР чемпионаты өтті. Біздің клуб жеті спортшыны ұсынды. Әнуар, Ғалымжан Махметов чемпион атанды, Теміржан Даулет күміс, Абылай Әділбеков және Жоламан Жагор қола медальды жеңіп алды. Командалық есеп бойынша Атырау құрамасы бірінші орынды иеленді. 
Соңғы жарыстардағы жетістік-терді атар болсақ: күміс жүлдені Әнуар немістің Гейдельберг қаласында өткен халықаралық турнирде жеңіп алды. Ол неміс Лион Фортс, испандық Давид Гарси, ресейлік Заур Джабраиловтен басым түсті, алайда финалда румындық Александр Бологке есе жіберіп алды. 

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Қазір облыс құрамасы мамырда Ташкентте өтетін Азия чемпионатына дайындалып жатыр. Татамиге біздің үш дзюдошыларымыз - А.Сариев, Ғ.Махметов және Т.Даулет шығады.

Спортшылар мен парадзюдо жаттықтырушылары облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы А.Б.Бекетке, облыстық парадзюдо федерациясының президенті Асылбек Маратұлы Өмірзақовқа, дзюдо федерациясының прези-денті  Нұрлыбек Жұмахметұлы Ожаевқа, «Өмірзақ Сервис» ЖШС, «Каспий Нефть», «Мұнай Сервис ЛТД», «Ембімұнайгаз» АҚ,  «Атырау Мұнай Өнімдері» АҚ қолдау танытқандары үшін алғыстарын білдіреді. 

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет Ж.Қияновтың мұрағатынан алынды


23 наурыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.