Атырау, 27 мамыр 12:55
Кешке ашық+19, түнде +15
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 310.57  € 348.58  P 5.52

Назарбаев Әблязов жайлы пікірінде "сатқындықты" айтты

18 наурыз 10:46

Фото: Forbes.kz
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында қазір шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов туралы айтты.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өзім тағайындаған балалардың қылмыспен байланысуы, әрине, мені қынжылтады. Сол Әблязовты 30-дан асқан шағында министр етіп қойдым. Үнемі оған жақсы жағдай жасап отырдым. Міне көрдіңіздер ме, бүлдірді, ұрлықпен тұтылды. Жүр әне бір жерде. Екінші рет кешір, үшінші рет - қош айтыс. Бір рет сатқан адамға ешқашан сенбеймін» - деді Назарбаев жұма күні кешке мемлекеттік телеарналардан көрсетілген сұхбатта.

Наурыздың 17-і күні Алматыда қазақстандық БТА Банктің бұрынғы басшысы 53 жастағы Мұхтар Әблязов пен тағы үш топ-менеджеріне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталған. Сот «БТА Банктегі» қаржы жымқыруға» қатысты қылмыстық іс бойынша «қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау», «БТА Банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру», «банк қаржысын заңсыз пайдалану» және «қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану» айыптары тағылған Мұхтар Әблязовтің ісін сырттай қарап жатыр.

Қазір Еуропада қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов өзін сырттай соттауға қатысты жұма күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған пікірінде өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын және «билік саяси себептермен қудалап жатқанын» мәлімдеген. «Назарбаев мені түрмеге тыққысы келеді» деп жазған ол.

Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық жайлы айыптауы негізінде Францияда 2013 жылдың жазында ұсталып, үш жылдан аса қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы желтоқсанның 9-ы, Франция мемлекеттік кеңесі оны экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойғаннан кейін бостандыққа шыққан. Оның алдында БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Франция билігін Әблязовті Ресейге экстрадицияламауға шақырған.

1990 жылдардың ортасында постсоветтік кезеңдегі іскер жаңа буын өкілі ретінде танылған бизнесмен Мұхтар Әблязов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көзіне түсіп, әуелі "КЕГОК" энергетика компаниясын басқарып, 1998-2000 жылдары Қазақстанның энергетика, индустрия және сауда министрі болып қызмет атқарған.

2001 жылы Қазақстанда демократиялық өзгерістер талап етуші жас саясаткерлермен бірге «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған Мұхтар Әблязов көп ұзамай қуғынға ұшырап, 2002 жылы «өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен 6 жылға сотталған. 2003 жылы ол президент Назарбаевтың рақымшылығымен мерзімінен бұрын босатылып, Ресейде бизнеспен шұғылданған. 2005 жылы Қазақстанға оралып, БТА банктің төрағасы болып қызмет істеген. 2009 жылы ақпанда мемлекет банкті иелігіне алғаннан кейін Әблязов шетелге кетіп қалған.

Дереккөз: Азаттық

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

469 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Мұхтар Әблязов Мәскеу қалалық сотына шағымданды  512 рет қаралды

Әблязов: "Ақылға қонымсыз" сот шешімін мойындамаймын  358 рет қаралды

Әблязов cырттай сотталады   325 рет қаралды

Айсұлтан Назарбаев жаңа қызметі жайлы: Ұлттық футболға оппозиция емеспін!   412 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5