Атырау, 25 сәуір 16:40
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Балақаймен қосылып жыладым да ойынды жалғастырдым»

3 744 просмотра


Әйелдер мерекесі қарсаңында «Атырау облысы мүгедектер спорт клубы» КМК тірек қозғалыс жүйелері бұзылған балалардың үстел теннисінің жаттықтырушысы Гүлнәр ИМАНӘЛИЕВАҒА (суретте) «ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағы берілгендігі белгілі болды. 

- Жоғары атақ алуыңызбен құттықтаймыз! Айтыңызшы, бәрі неден басталды, спортқа қалай келдіңіз? 

- Махамбет поселкесінде туып, өстім. Есімде біздің сыныптың ұл-қыздарының барлығы спортпен айналысуды жақсы көретін. Егер сабақ кестесінде кейде дене шынықтыру сабағын алып тастаған жағдайларда олардың барлығы директордың кабинетіне барып, хормен шағымданатын. Мен жеңіл атлетикамен айналыстым, волейболдан Қазақ КСР чемпионаттарына қатыстым. Оралда Пушкин атындағы педагогикалық институтта оқып жүрген кезімде үстел теннисі бойынша республикалық жарыстарға үнемі қатысып жүрдім. 

- Сіздің мүгедектер спорт клубындағы алғашқы тәрбиеленушілеріңіз кімдер? 

- Клубта жұмыс жасай бастаған кезде маған бірінші болып Махамбет Насихан және Асылхан Саясатов келді. Людмила Фокина мен Тыныш Жакупова маған дейін ойнап келген. 2014 жылы Лондонда өткен бүкіләлемдік ойындар мен 2013 жылы Малайзияда жастар арасында болған Азия ойындарында күміс жүлдені иемденген Шынар Кенжебаева менің оқушым болды. 2012 жылдан бастап менде Эльмира Балманова және Мухадия Қуангереев жаттығып жүр. Облыс құрамасы ҚР чемпионатында командалық есеп бойынша ересектер арасында 4-ші орынды алып келеді, ал жастар арасында екі жыл қатарынан бірінші болып келді. Бізге негізінен омыртқа жотасы зақымданған, түрлі деңгейдегі церебральды сал сырқаты бар балалар келеді. Қазір менде шамамен отыздай бала жаттығып жүр. 2012 жылдан бастап менде Димеген Нұрберген жаттығып жүр. Бастапқыда мен оны жарты жылдай жеке жаттықтырып келдім. Бір ай бойы ол ракетканы қолына ұстауды үйрене алмады, бірақ, бірте-бірте ойнап үйреніп, клуб ашылғанға дейін ертелетіп келіп тұратын болды. Күннің салқын кездерінде мұндай сырқаты бар балалар көшеге шықпауға тырысады, сондықтан да біз олардың көктемде қайта келуін асыға күтеміз. Клубқа 7 жастағы Әлібек те келіп жүр. Ол, тіпті, бастапқыда тұра алмайтын болды. Біз дәкемен оның қолына ракетканы байлап қойдық. Жаттығумен қатар мен оған емдеу жаттығуларын да жасадым. 

- Мұндай қосымша жаттығуларыңыз үшін сізге ақы төлене ме? 

- Жоқ.

- Массаж жасауды үйрену курстарынан өттіңіз бе? 

- Жоқ. Мен жай ғана өзімді сол науқас адамдай болсам маған не көмектесер еді деп, сол орынға өзімді қойып көрем. Жаттығулар түрін ойлап табасың, массаж жасаймын, аяқ-қолдарын созып көрем. Мен кезінде Әлібектің анасына «Мен емші, не дәрігер емеспін, бар болғаны баланы үстел теннисіне үйрететін жаттықтырушымын» деп ескерттім. Қазір бұл бала өз аяғына тұрды, бақаша секіре біледі. Бірде мен Әлібекпен ойнап жүріп: «Мен шаршадым, демалғым келеді» дедім. Ал оның «Теннис ойнаймын!» деп жылап қоймасы бар ма? Менде осымен қосыла жылап, ойынымызды жалғастырдым. Кеше мен оның үйіне кіріп шықтым. Әлібек көзі жарқылдап, мені құшақтап алды. Маңдайынан сүйіп, оны клубта күтетінімді айттым. Таяуда ғана мен интернеттен Әлібекке баратын кішкентай арба тауып алдым. Өйткені, ол бұған дейін ересектерше отырып жаттығып келді. Арбаны қайырымды адам тегін беріп кетті. Мен оны клубқа апарып қойдым. 

ТҮНГІ КЕҢЕС

Спорт клубының барлық жаттықтырушылары күннің жылып, өз тәрбиеленушілерінің жаттығуға келулерін асыға күтіп жүр. Мен де сол күнді күтіп жүрмін. Қыста мен өз тәрбиеленушілерімнің барлығына қоңырау шалып, кейде барып кімнің немен сырқаттанып қалғанын біліп отырамын. Менде бір қыз бала жаттығады. Ол көп уақыт Белгияда тұрған. Атырауға келген кезде инсульт алған. Екі жыл болды менде жаттығып келеді. Жаңа жыл алдында менің алдымда шауып жүрді, тіпті, оны сырқат деп те ойламайсың. Мен оған: «Сен, тіпті, жүгіріп кетіпсің ғой...» деймін, ал ол маған: «Иә, оны бәрі айтып жатыр» деп қояды. Адамға оның жетістігін айтып қуантып қойған дұрыс. Және оған қиын болған кезде қасында болған өте маңызды. 
Бірде менің тәрбиеленушім шетелге кетті. Ұйықтап жатырмын, бір уақытта түннің ортасында телефоннан хабарлама келіп тұр: «Менің жағдайым жаман, жүре алмай қалдым, барлық денем салқындап барады». Оған жауап жаза бастадым: «қазір біздің қандай жаттығулар жасағанымызды есіме түсіре алмай жатырмын». Біздің жазбамыз түні бойы жалғасты. Ол маған өзінің қай жерінің ауырып тұрғанын айтады, мен жаңадан бір жаттығулар ойлап айтам. Кейін ол елге оралып, қазір жаттығуларға келіп жүр. 

- Биылғы жылғы жоспарларыңыз қандай?

- Наурыз айының аяғында біз Будапештке Венгрияның ашық чемпионатына барамыз. Команда құрамымен Р.Орынбаева, Ж.Ерубаева, Л.Фокина және Ерлан Қазиев барады. Фокина мен Қазиев халықаралық жарыстарға қатысу үшін біліктілік алуға тиісті. Мамыр айында Братиславта командалық әлем чемпионатында екі жұп: Ерубаева - Орынбаева және Фокина – Вера Приданова (Тараз) өнер көрсететін болады. Тамызда Сингапурде Азия чемпионаты болады, оған біздің клубтан іріктеу жазда өтеді. Желтоқсан айына жастар арасындағы Азия ойындары өтеді деп жоспарланып отыр, оған жыл бойына өздерін жақсы көрсеткен ойыншыларымыз баратын болады. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет Г.Иманалиеванікі


16 наурыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.