Атырау, 20 сәуір 16:15
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Газ берушілер меморандумды орындамай отыр

2 733 просмотра

13 наурызда облыстық әкімдікте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін ШПАНОВ аз қамтылған отбасыларға жеңілдік беру бойынша меморандумды орындамаған «ҚазТранГаз аймақ» АҚ өндірістік филиалының (ҚТГА ӨФ) қызметін сынға алды.

- 2014 жылдың 31 қаңтарында аз қамтылған азаматтарға қолдау көрсету мақсатында облыстық әкімдік пен халыққа коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар арасында осы санатқа 40 пайыз жеңілдік беруді қарастыратын меморандумға қол қойылды. Оның әрекет ету мерзімі биылғы жылдың 31 наурызында аяқталады. Атап айтқанда, «Атырау Энергосату» ЖШС 2014 жылы 3 млн теңгеге 534 отбасына, 2015 жылы 2,6 млн теңгеге 435 отбасына, 2016 жылы 2,9 млн теңгеге 414 отбасына жеңілдік ұсынды. «Атырау Су арнасы» КМК 2014 жылы 238 отбасына 0,9 млн теңгеге, 2015 жылы 220 отбасына 1,3 млн теңгеге және 2016 жылы 1,6 млн теңгеге 247 отбасына, «Атырау ЖЭО» АҚ 2014 жылы 94 отбасына 1,3 млн теңгеге, 2015 жылы 1,6 млн теңгеге 104 отбасына және 2016 жылы 1,6 млн теңгеге 96 отбасына; «Атырау Газинвест» ЖШС – 2014 жылы 7 мың теңгеге 13 отбасына, 2015 жылы 28 мың теңгеге 17 отбасына және 2016 жылы 33 мың теңгеге 15 отбасына көмектесті.

ҚТГА ӨФ 2014-2016 жылдар аралығында тоқсан сайын жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жалпы сомасы 6,4 млн теңгеге 379 отбасына ұсынылған жеңілдіктер туралы есеп беріп отырды. Алайда іс жүзінде ешқандай жеңілдіктер жасалған жоқ. Басқарма меморандум бойынша міндеттемелердің орындалмау себептерін анықтау мақсатында газ компаниясының филиалына екі рет хат жолдады. Өндірістік қиындықтарға байланысты ҚТГА ӨФ аз қамтылған азаматтарға жеңілдік жасай алмайды деген жауап алды. Ал елде қалыптасқан экономикалық ахуал нәтижесінде мұндай қиындықтарды бүкіл кәсіпорындар бастан өткеруде. Дегенмен де, басқа кәсіпорындар меморандум бойынша міндеттемелерін толық көлемде орындады. Аз қамтылған азаматтарды қолдау меншік формасына қарамастан бүкіл шаруашылық нысандарының, жекелеген азаматтардың, жалпы қоғамның борышы деп есептеймін. Сондықтан ҚТГА ӨФ-не алдағы уақытта меморандумның талаптарын толық орындауды ұсынамын.

Кеңесте төрағалық етуші облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ мәселені облыстық филиалмен емес, оның Астанадағы басшылығымен шешу керектігіне қынжылыс білдірді.

Өкінішке орай, біз ҚТГА ӨФ директоры Мақсот ӘБУОВПЕН байланыса алмадық.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай ӨТЕҒАЛИЕВА монополистердің қызметіне жеңілдіктер қалалық және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен түскен тізімдер бойынша ұсынылатынын хабарлады. Жеңілдіктер мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек пен балалар жәрдемақысын алушыларға арналған.

- Ал неліктен монополистерде аз қамтылғандар саны әртүрлі? Тізім біреу болуы тиіс қой.

- Монополистердің қызмет көрсету аймағы әртүрлі. Мәселен, «Атырау су арнасы» КМК Атырау қаласы мен Мақат ауданына, «Атырау Энергосату» ЖШС бүкіл облыс тұрғындарына, «АЖЭО» АҚ тек орталықтандырылған жылу жүйесін пайдаланушылар үшін және т.б. қызмет көрсетеді.

- Бірақ мемлекет аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй жәрдемақысын есептеу тәртібін бекітті ғой...

- Иә, бірақ бізде меморандум да қолданылады. ҚТГА ӨФ басшылығын түсінбеймін. Меморандумға олардың өздері қол қойды, енді оны орындамай отыр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

15 наурыз 2017, 11:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.