Атырау, 29 наурыз 15:31
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Путин Оңтүстік Осетия әскерінің Ресей армиясына қосылуын мақұлдады

2 635 просмотра

Ресей президенті Владимир Путин үкіметке Грузиядан бөлініп кеткен Оңтүстік Осетия аймағымен аймақтың қарулы күштерінің Ресей армиясы құрамына қосылуына мүмкіндік беретін келісім жасауға бұйрық берді. Ресей іс жүзінде Оңтүстік Осетияны бірнеше жылдан бері бақылауда ұстап келеді. Дегенмен, ресми Мәскеу бұл аймақты жеке мемлекет санап келген.

Келісім жобасы бойынша, сепаратистер Мәскеудің мақұлдауынан соң қарулы күштерге процедураның жаңа жүйесін енгізуі тиіс болады. Құжат жобасында Оңтүстік Осетия қарулы күштерінің құрылымы мен міндеті келісімнің түпкілікті мәтінінде анықталатыны айтылады. Келісім сонымен қатар Оңтүстік Осетия әскерінің осы аймақтағы Ресей әскери базасына ауысуына мүмкіндік береді. Кремль 14 наурызда Путин қол қойған, сыртқы істер және қорғаныс министрлеріне сепаратистермен бірге Оңтүстік Осетияда тиісті келісімге қол қоюды тапсыратын жарлығын жариялады. Грузия бұл жағдайға қатысты әзірге комментарий берген жоқ.

Оңтүстік Осетия Грузиядан 1991-1992 жылдардағы екі мың адамның өмірін қиған қарулы қақтығыстардан соң бөлініп кеткен. 2008 жылы тамызда Ресей аймаққа "бейбіт тұрғындарды грузин әскерилерінің шабуылынан қорғау үшін" әскер жіберген. АҚШ пен Еуропа Одағы қолдайтын Грузия мұны өзінің территориясына әскери басқыншылық жасау деп деп бағалаған.

2008 жылы тамызда Ресей мен Грузия арасындағы қысқа мерзімдік қақтығыстан соң Мәскеу Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындаған. Бұл аймақтарда Ресейдің мыңдаған әскері бар. НАТО мен Батыс елдері бұл әскер аймақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісімге қайшы келеді дейді.

Дереккөз: Азаттық

15 наурыз 2017, 09:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.