Атырау, 25 сәуір 00:38
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Ағаштарды қырқу керек. Бірақ қалай?

8 977 просмотра


Атырауда ағаштарды қырқу қауіпті сипатқа ие болды – онсыз да жасыл-желекке жұтаң қаламыз жазғы маусым алдында жалаңаштанып қалды.

«БӘРІ ДЕ ЖАҚСЫ БОЛАДЫ»

Тек ағаштардың діңгектері ғана аман қалыпты. Алайда тендерді жеңіп алған «AG Disinfection servises» ЖШС директорының кеңесшісі Нұлыбек АХМЕДИЯРОВ өз комментарийінде ескі және қураған талдарды қырқудың жасартушы әсері туралы әңгіме қозғаған еді. Ал алғашқыда қырқылған жерлерге ештеңе жағылмады. Дегенмен де, мен 8 наурыз алдында қаланы аралап жүргенде, ағаштардан бірде-бір жасыл дақты көрмеген соң, алаңдап, мердігерге қоңырау шала бастадым. Біздің ауа-райымыздың құбылмалы екенін ескеріп, оның өкілдерінің шырын бөлетін уақыттың басталуына әлі бірнеше апта бар деген сөздері көңілге қонымды болмады. Алдағы жазда Атырау тұрғындарына ағаштардың көлеңкесінен сая табу мүмкін болмайды. Бұл айқын. Оның үстіне, ағаштардың барлығының бірден осындай қырқудан кейін оңалып кететіндігіне күмәнім бар. Олар қурап немесе шіріп кететін шығар. Мен қаланы көгалдандырушылардан күмәнімді сейілтуді өтіндім.

Көп жылдардан бері «жасыл» бизнесте жұмыс жасап келе жатқан Георгий ЩЕРБАКОВ қазіргі ағаштарды сиретудің – керек жұмыс, тіпті, қарағаш үшін өте қажет екендігіне сенімді. Бұл қалалық ортада өсімдіктердің өсімін бақылау үшін және оларды лайықты формада ұстап тұру үшін қажет екен.

- Бәрі қалыпты, ағаштарда ұйқыдағы бүршіктер өте көп. Бұлай жыл сайын жасаған, немесе ең болмағанда, үш жылда бір рет жасаған пайдалы. Қала - бұл орман емес, жасанды тіршілік ортасы. Сондықтан да ағаштардың көлеміне бақылау жасау керек. Атырауда отырғызылатын ағаштар түрі өте шектеулі, тек бірен-саран түрлері ғана жақсы өседі. Соның ішінде, қарағаш. Бірақ оның да кемшіліктері бар. Бұл ағаш қартайған кезде түрі ажарсыз болады. Сондықтан көп жылғы ағаштарды кесіп тастау қажет. Бұдан басқа, оның бұтақтарында зиянкестер пайда болады.

- Жазда қалай көлеңкесіз жүреміз? Ағаштар бұтақсыз қалды ғой.

- Егер мұны жасамасақ, онда ағаштарда бұтақтар болады, жапырақтары болмайды. Өткен жылы жапырақтардың 100 пайызы зиянкестер зақымдаған болатын, ол жерлерде ошақтары көп болды. Ал қырқу өсімдіктердің зақымдануын азайтады. Жас бұтақтар аз гүлдейді және аз тұқым береді. Шетелдерде де дәл осындай қырқу әдістерін қолданады.

- Бірақ қырқылған жерлер өңделмеген ғой!

- Біздің құрғақ климатта мұның мәнісі жоқ, табиғи дезинфекция жүреді. Ылғал климатта грибоктар болып, шіруі мүмкін. Кешікпей жаңа бүршіктер ата бастайды, сонда бәрі жақсы болады.

«БҰЛ КЕЛЕКЕ ЕТУ!»

Тәжірибесі мол көгалдандырушы, бұрын «Атырау Зеленстрой» ЖШС-де еңбек еткен Павел ШЕРСТЯНКИН мүлдем қарама-қайшы пікірде. Ол қазір ағаштарға жасап жатқан нәрсенің нағыз келеке екендігіне сенімді. Біздің климаттық жағдайымызда ағаштарды көтеру өте қиын. Егер оларды сауықтыру, сонымен қатар, бағддаршамдардың, жол белгілерінің және электр желілерінің маңындағы кедергілерді алып тастау мақсаты көзделсе, онда кәрі, қураған бұтақтарды кесу керек еді. Егер оларға белгілі бір эстетикалық форма беру керек болса, онда шар түрінде кесіп немесе ұшар бастарын қырқу керек. Соңғы рет ағаштар бірнеше жыл бұрын кесілді. Бұл жолы осы уақыт ішінде өсіп кеткен ұзындықты, яғни, 1—1,5 метрді алып тастау керек. Егер зиянкестерден құтылғылары келсе, онда ағаштарды арнайы препаратпен өңдеу керек болатын. Жерден шланга арқылы бүркімей, көтергіштің көмегімен жоғарыға көтеріліп шашу керек. Әйтпесе, мұның еш мәнісі жоқ, деп есептейді П.Шерстянкин. Зиянкестер ағаштардың діңгектерінде де бар, ал қырқылған жерлер өңделмеген, бірақ енді олар дернәсілдер таралатын ошақтарға оңай айналады.

- Ағаштардың барлығы бірдей жаппай қырқудан оңала алмайтындығына сенімдімін. Олардың арасында 50-60 жыл болған кәрі ағаштар да бар. Осындай биіктікке жету үшін олар қанша уақыт өсті, ал енді бір күн ішінде осының бәрін қатыгездікпен қырқып тастады, - деп қынжылыс білдірді Шерстянкин.

Жанәділ МҰРАТУЛЛИН маған өзі қоңырау шалды. Сөйтсек, оны көп жыл бойына орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясында, содан кейін «Ақжайық» резерватында жұмыс істеген орман шаруашылығының инженері ретінде бұл жұмысқа кеңесші қып шақырған:

– Алты жыл бұрын осындай шаралар жүргізілді. Биіктігі шамамен 4 метр болатын бұтақтар қырқылды. Бұл жолы мен сәл биіктен қырқуға, ал жас ағаштарды 80 см-ден, бір метрден қырқуға кеңес бердім. Шырын бөлу +16-18 градус температура болғанда басталады. Қазір күндіз шамамен +5 градус, түнде термометр тілі нөлге дейін түседі. Енді қырқылған жерлерді бояй бастады, содан соң ағаштарды зиянкестерге қарсы өңдейді. Мұндай күйде мұны жасау оңайырақ. 7-сінде осы мәселеге арналған кеңес өтті, сол күні таңертеңнен бастап сырлау жұмыстары басталды.


«ҚЫРҚУ НОРМАЛАРҒА САЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ»

Менің пікірімше, қаладағы осындай процесстерге бақылау жасауы тиіс мекемелердің ресми өкілдерінен комментарий алуға тырыстым. Алайда кешікпей мұның түк пайдасы жоқ екенін түсіндім. Әркім өзінің шектеулі жұмыс учаскесі үшін жауап берді, біреуі зиянкестер үшін, біреулер инфекциялар үшін, бірақ ешкім осы жұмыс үшін өзіне жауапкершілік алғысы келмеді. Бірақ ақырында қалалық ТКШ бөлімінен комментарий алудың сәті түсті.

Редакция сауалына берген ресми жауапқа сәйкес, ағаштарды маусымдық қырқу ақпанның аяғында басталған. Қазіргі кезде Азаттық пен Әуезов көшелерінде жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жыл ішінде орталық көшелер мен даңғылдардың бойында, сонымен қатар, парктер мен алаңдарда орналасқан барлығы 8482 ағашты қырқу жоспарланған. Шырын бөлінгенше қырқуға үлгерілмейтін ағаштар күзге қалады.

«Жұмыстар техникалық ерекшеліктерге сәйкес, кесте сақталып, қолданыстағы нормаларға толықтай сай жүргізіледі. Ағаштардың қартаюы, ұшар бастарының өте биікке өсуі, ауруы, ерте көктемде зиянкестер мен паразиттердің пайда болуы, қураған бұтақтардың болуы, жол белгілерін бөгегендіктен жол қозғалысының қиындауы, сонымен қатар, электр тарату жүйелері мен басқа инженерлік тораптардың зақымдалу қаупі Атыраудағы өсімдіктерді жасарту, формаға келтіріп қырқу және бұтақтарды санитарлық кесуге себеп болды. Ғылыми құралдарға, типтік нормаларға сәйкес, сонымен қатар, осы сала мамандары мен беделді қызметкерлердің пікірінше, қаладағы өсіп-өнудің түрлі жағдайы жас ағаштарда өркендердің әркелкі өсуіне себеп болып табылады. Сондықтан, ағаштардың ұшар бастары симметриялы емес, бұл өсімдіктердің сыртқы келбетін едәуір нашарлатады. Жоғарғы бүршіктерді қырқып тастау бүйірдегі бүршіктердің өсуіне және дамуына көмектеседі. Бұл жас ағаштардың ұшар басын қалыңдатады. Көп қырқу және ұшар басын сирету ағаштың ұшар басы мен тамыр жүйесінің дамуы арасындағы қалыпты ара-қатынасты қалпына келтіру үшін қажет. Уақыт өте келе оларда біртіндеп ұшар басының қалыңдағаны байқалады, бұл солған және әлсіз бұтақтар санының көбеюіне әкеледі. Жапырақтар негізінен тек ұшар басының шет жақтарында ғана жақсы өседі. Ағаш бұтақтарын көп қырқу, кей жағдайларда 2/3-ке дейін қырқу  ұшар басындағы өркендердің белсенді өсуін және жапырақтар көлемінің көбеюіне әкеледі, - делінген хатта. – Ұшар басын сирек ету – сырқат, зақымдалған, айқасқан және қалыңдап бара жатқан ұшар басын кесіп қырқуды қарастырады. Ол буландыру қабатын азайтады және ұшар басына ашық рең береді. Жұмыс жүргізу кезінде ағаштарды қырқудың үш түрі қолданылады: пішін беретін – ағаштың немесе бұтаның ұшар басын пішіндеген кезде, жасартушы – жаңа бұтақтар өсу үшін ағаштардың ұшар басы түгел алып тасталған кезде; санитарлық қырқу – сынған, ауру және қураған бұтақтарды алып тастау кезінде қолданылады. Егер санитарлық қырқуды жыл бойына жүзеге асыруға болатын болса, онда жасарту және пішін беру үшін ағаштарда шырын ақпайтын кезең таңдалады. Яғни, қазанның аяғынан бастап сәуірдің ортасына дейін.

…Қазір жүргізіліп жатқан қырқудың санитарлық түрі қаладағы ағаштардың декоративтік сапасын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Егер санитарлық қырқу тұрақты жүргізіліп тұрса, онда ағаштың ұшар басы сауығып, ағаш сүрегі немесе қабығында түрлі аурулардың пайда болу ықтималдылығын азайтады. Қартайған ағаштардың көбі жақсы күтім жасалғанына қарамастан, бағалы декоративтік сапасын жоғалтады. Олардың жапырақтары ұсақталып, бозарады, өсуі азаяды. Қаладағы ағаш өсімдіктер әдетте қартайып, табиғи жағдайға қарағанда, едәуір ерте қурап қалады. Көп қырқу арқылы ерте қартайған немесе қурап жатқан ағаштардың өмір сүру қабілетін арттыруға, оларды жасартуға жағдай жасайды. Жасарту, әдетте, жыл сайынғы өсуден қалған ағаштарға немесе өркендерінің шеті сола бастаған ағаштарға жасалады. Мұнда көбінесе қураған бұтанақтарда «шыбықтар» - жасыл өркендер пайда болады. Ағаштарды жаңа өркендер пайда болатын аймаққа дейін жасартқан жөн. Қырқуды осы өркен пайда болатын жерге жасайды – егер ол едәуір жоғарыда болса, онда сүректердің қалған бөлігі қурап қалуы мүмкні.

Ағаштарды жүйелі қырқып отыру күтім жасаудың маңызды тәсілдерінің бірі болып табылады. Ол ағаш өсімдіктерінің бүкіл ғұмыр бойына жүргізіледі. Жас кезде қырқу негізінен ұшар басын өсіруге бағытталған. Кейінірек оны сақтап, ұстау үшін, ал қартайған кезде - өсімдіктерді жасарту үшін бағытталады».

Ағаштарды түбегейлі қырқуға, оның ажарсыз кейпіне қатысты қала тұрғындарының қазіргі реакциясы, хат авторларының пікірінше, бұдан хабары жоқтықтан екен. Мамандар басқаша ойлайды. «Қала жағдайында ағаштарды қырқу немесе ұшар басын сирету тіршілік үшін қажетті операция. Егер мұны жасамаса, олар ұзақ өмір сүрмейді. Қала жағдайында ағаштар табиғи ортадағыдай өспейді, олардың тамыр жүйесі нашар. Жел қатты соққанда олар көбінесе опырылып құлайды. Сондықтан олардың желкемділігін азайту үшін және діңгекке желдің күшін төмендету үшін ағаштар қырқылады.

Бұл, айтпақшы, оларға пайдалы. Қырқылғаннан кейін ағаштарда ұйқыға кеткен бүршіктер оянады. Олар қарқынды өсе бастайды, уақыт өте келе толыққанды бұтақтарға айналады».

Жалпы, бірер жылдан кейін біздің Атыраудың скептиктері жасарған ағаштардың қалың ұшар басына сүйсініп, наразылық білдіруді қояды, - деп уәде береді қалалық билік.

Науқан басталды және қала көшелерінде де қағаздағыдай керемет болады деп сенгіміз келеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

14 наурыз 2017, 14:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.