Атырау, 29 наурыз 20:32
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Бейсболкалы періште

6 244 просмотра

Біз жол-жөнекей өтіп бара жатқан жүргіншінің мұздың астына түсіп кеткен сәбиді құтқарып қалғанын жазған едік. Сол сәбиді құтқарушы табылды. Ол 28 жастағы Арман ДӘУЛЕТОВ екен.

Бұл көктемнің соңы бақытты аяқталатын оқиғаларға бай. Бірер күн бұрын 70-тен асқан отбасылық балықшылар жұбын мұз астынан шығарып алған еді. Ал бірнеше күн өткен соң мұзды суға балабақшадан қашып шыққан 4 жастағы Леня түсіп кетті.

Бақытты ата-ана өз сәбилерімен ауруханада қауышып, оны құтқарушыларды іздей бастады. Олардың мәліметінше, бұлар екі қытайлық азамат екен. Сондықтан олар редакцияға хабарласып, осыны біздің материалымызға қосуды өтінді. Кейінірек анықталғандай, ол жерде қытайлықтар болған, бірақ негізгі құтқарушы «белгісіз жігіттің» кім екені белгілі болды. Арман «Денхолм-Жолдас» компаниясында механик-слесарь болып жұмыс жасайды екен. 9 наурызда жағалау бойымен келе жатқан кезде оны жеңінен тартқылап екі қытайлық азамат тоқтатып, өзен жақты көрсетіпті.

- Сағат 18.30 шамасы болатын. Мен бұған дейін де «Көмектесіңіздер!» деген әлсіз дауысты естіген едім. Бірақ тұрмыстық жанжал шығар, әйелі мен күйеуі ренжісіп қалған болса, араласып қажет емес деп ойладым. Бірақ, қытайлық азамат әлдене деп айқайлап, саусағымен нұсқап көрсетті. Оның көрсеткен жағына қарасам, жағалаудан үш-төрт метр жерде біреу суға батып бара жатыр екен. Су алқымына келіп қалыпты. Сөмкемді лақтыра салып, мұзға жата қалып, бауырлап жылжи бастадым. Мұз жұқа, ойылып жатыр. Ал менің салмағым 80 келі. Қазір мен де түсіп кетіп, су астында бірге қалатынымызды түсіндім. Қытайлыққа «Маған көмектесіңіз» дедім, ал ол қобалжып, үрейленіп, не істерін білмей, маған таяқ ұсынды. Мен таяқты балаға бердім, бірақ оның әлі жоқ, тоңып, шаршап қалған. Маған да қолайсыз, шығара алмадым. Мен қытайлыққа аяғымды көрсетем, ол ақыры түсінді-ау, аяғымнан ұстады. Сосын мен ойылған жерге қарай жақындай алдым. Баланың қолынан шап беріп ұстап, тарттым. Шығара алмадым, «Қандай ауыр?» деп ойладым. Ал оның үстіндегі күртесі, жылы шалбары, етігі су сіңіп ауырлап кеткен екен. Екінші рет мықтап ұстадым да, тартып қалдым.

- Ол жердегі тереңдік қандай?

- Біз бала кезімізде сол жерде шомылатынбыз, екі метр, бәлкім, одан да көп шығар.

- Леняның су астында қанша уақыт болғанын білесің бе?

- Дәл білмеймін, бірақ 3-4 минуттай болған шығар.




- Содан кейін не болды?

- Сосын тартып шығардық. Әлі мұз үстінде, жиекте тұрмыз. Екінші қытайлық жүгіріп келді, шамасы, судан қорқатын болуы керек, екінші қытайлықпен бірге құтқару әрекеттерін жасап жатқанда, жақындамады. Содан соң – қане, селфи жасайық, яғни, суретке түсейік деді, - деп қарқылдап күлді Арман. – Мен, шынымды айтсам, оны балағаттап жібердім. Содан соң біз баланы алаңға қарай шығардық. Екі қыз жүгіріп келді. Мен анасы мен әпкесі шығар деп ойладым. Өйткені, олар ахылап-үһілеумен болды, әсіресе біреуі: «Байғұс бала-ай, сұмдық-сұмдық...» дей берді. Жасы 15-17-лерде, сәнді киінген, мен оған: «қане, оны шешіндірейік, сен өз күртеңді бер, баланы орайық, сонда ол жылынады да ауырмайды» дедім. Ал менің киімдерін шылқыған су болатын. Ол «Иә-иә, жақсы» деп, күртесін шеше бастады. Содан соң кідірді де, кері киініп, баланы құшақтады. Сол кезде олардың да мен сияқты өтіп бара жатқан адамдар екенін түсіндім. Ал уақыт болса өтіп жатыр. Осылай тұра берсек, бала ауырып қалады, кішкентай ғой. Оны қайда апарам деп ойланып қалдым. Қасымызда кафе бар, бірақ онда апарғаннан не пайда?! Ал әрі қарай не бар? Ең жақыны шипажай. Баланы қолыма алдым да жүгірдім. Қақпасын теуіп ашамын деп ойладым, ал ол құлыптаулы екен. Баланы қытайлықтарға бердім де, өзім секіріп түстім, олар маған баланы дуал арқылы берді. Шипажайдың ішіне кірдім, ол жерде жан жоқ. «Апай!» деп айқайладым. Дыбыс жоқ. Жұмыс күні сияқты еді. Тағы да айқайладым, тыныштық. Сол кезде, кешіріңіз, бар дауысыммен балағаттай бастадым. Ақырында бір әйел жүгіріп шығып: «Не болды?!» деді. Баланы жылындыру керектігін айтым. Ол жүгіре бастады, әбігерленіп, баланы құшақтады. Сол кезде жағалаудағы екінші қыз жүгіріп келіп, маған: кім, қайдан, оны қайда апарасың?... деп сұрақ жаудыра бастады. Сол кезде мен өз жұмысымның аяқталғанын түсіндім. Баламен айналысып жатқандықтан, несіне тұрамын, кетіп қалдым. Содан соң сол қыздың жедел жәрдем мен полицияны шақырғанын, ата-анасының табылғанын білдім.

- Ал Леняның анасы сені қалай тауып алды?

- Мен оған өзім қоңырау шалдым. Мен достарыма айтқан едім. Олар маған қоңырау шалып, сені бүкіл қала іздеп жатыр. Сен, қане, кеш болмай тұрғанда балақайдың анасына хабарлас деді. Ата-анасымен кездестік, сөйлестік, олар ұлдарын ерте келіпті. Риза болып, алғыстарын айтып жатыр. Мен оның әкесіне: енді 9 наурызды оның екінші туған күні деп атап өтуге болатынын айттым.

Енді достарым хабарласып: «Саған әлі қаһарман батыр деген атақ берген жоқ па?» деп, әзілдеп қояды. Мен «Маған бір қой берді! Келіңдер, қойдың аяғынан ауыз тиесіңдер деймін!» - деп күледі Арман, - Сөйтіп, құттықтап хабарласқандардың барлығын келеке қыламын.

- Леня сені таныды ма?

- Таныды. Сондай, қояншық, көрініп тұр.

…Шырғалаң оқиғаларға әуесқой Леонид ертең емханаға, медициналық тексеруден өтуге барады. Анасы Наталья ықтимал салдардың алдын алғысы келеді:

- Мұрнынан су ағып жүр, бірақ өзін жақсы сезінеді. Қатты қорқып қалған, әзірге бұл туралы айтқысы келмейді. Сосын полицияға барып, түсініктеме жазуға тура келді ғой. Бұл күн оған сабақ болсын деп, оны өзімізбен бірге алып кеттік. Ол өте ширақ, бір орында отырмайтын бала. Біздің Арманға алғысымыз шексіз, сөзбен жеткізе алмаймыз. Егер Леня шоқындырылмаған болса, Арманнан оның кіндік әкесі болуды өтінген болар едім.

Сәбидің бағына қарай сол сәтте бейсболка мен джинсы киген, сырт келбеті қарапайым жігіт Арманның өтіп бара жатқаны жақсы болды. Сіз де бұрын періштелер ақ киімді, қанаты бар болады деп ойлайтын ба едіңіз?

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

14 наурыз 2017, 10:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.