Атырау, 25 сәуір 09:00
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қоқыс таситын көліктегі бір күн

Сурет
7 468 просмотра


Әзіл десек те... Күйеуі жұмыстан келеді. Ал баласы бүлінген жөргегімен жүгіріп жүр. Жәшіктердің ішіндегі заттардың барлығы сыртта шашылып, үйдің ортасында ойыншықтар үйіліп қалған. Асүйде ботқалар төгіліп, ыбырсып жатыр, кешкі ас піспеген, тоңазытқыштың іші бос тұр. Ал әйелі теледидар қарап отыр.

Күйеуі:

Бұл не?

Әйелі:

Қымбаттым,  күн сайын жұмыстан келгенде: «Күні бойына не істедің?» деп сұрайсың ғой. Міне, бүгін ештеңе жасаған жоқпын.

Айналадығылар байқамайтын жұмыстар бар. Егер оны жасамаса немесе нашар жасаса, бұл көзге көрініп қалады. Қазір қаладан қоқыс шығарумен айналысатын «Арнаулы автобаза» ЖШС қызметкерлері туралы айтып отырмын. Олардың жұмыстарын өз көзіммен көру үшін ЖШС директоры Самат ТҰРНИЯЗОВТАН мені қоқыс шығаратын бригадалардың біріне бекітуді өтіндім.

Бригада үш адамнан тұрады – жүргізуші мен екі жұмысшы. Мені жүргізуші Берік ҚАБДЕШЕВКЕ бекітті. Жұмысшылардың біріне маған машинадан орын беруге тура келді. Жанымда Нұрхат ТАҢІБЕРГЕНОВ қалды. Олармен бірге қоқыс алаңдарын тазарту үшін қалаға шықтым.



Атырау 5 учаскеге бөлінген. Оларға күн сайын 22 машина қызмет көрсетеді. Қоқыс таситын көліктер жүретін маршруттардың жалпы ұзындығы 2 мыңнан астам километрді құрайды. Қоқыс контейнерлерінің саны – 3 112 дана. Бүкіл қоқыс машиналары GPS-навигаторлармен жарақталған, оларға онлайн режимінде бақылау жүргізіледі.


Бригада жұмысқа 8.30-да шығады. Бірақ жұмысқа ертерек келеді. Жұмыс күні жүргізуші пайдалану бөліміне барып, ол жерден бір күнге тапсырма алады. Диспетчерлік бөлімге алдыңғы күннің жол қағазы тапсырылады. Диспетчерлер ақпаратты өңдейді - әрбір қоқыс машинасы жеке-жеке қанша километр жүрді, қанша жанармай жағылды, полигонға қанша қоқыс шығарылды және т.б. Олар сонымен қатар, пайдалану мәліметін жасақтап, көлікті жұмысқа шығарады.



Бірақ алдымен міндетті түрде медпунктқа барады. Медик Клара ҚҰСПАНОВА әрқайсысының қан қысымын өлшеп, жалпы жағдайына баға береді. Кейде ауыр диагноз да қойылады. Оның біліктілігінің арқасында қызметкерлердің бірінде ауысым басталар алдында соқырішек, енді бірінде - гипертония анықталды.



60 жастағы Берік Қабдешев «Арнаулы автобазада» 20 жылдан бері жүргізуші болып еңбек етіп келеді. Бұған дейін 24 жыл Гурьев геофизикалық экспедициясында жұмыс жасаған.

Жұмысыңыз ұнай ма деген сұрағыма ол:

Жұмыстың аты жұмыс! Мұны да біреу жасау керек қой. Бізге жақсы жұмыс кестесін жасап берді – 15 күн жұмыс жасаймыз, 15 күн демаламыз. Жалақысы 95 мың теңге, - деп жауап берді.


Нұрхат ТӘҢІБЕРГЕНОВТІҢ жасы жиырма үште, ол Батыс Қазақстан облысының шағын ауылынан екен. Жас болса да отбасылы, екі баласы бар. Трактор жүргізушісі мамандығы бар, бірақ «Арнаулы автобазада» жұмысшы ретінде еңбек етуде.


Міндеттер айқын бөлінген. Жүргізуші маршрутпен жүріп, қоқыс машинасының манипуляторымен басқарады. Қоқыс жинау үшін жұмысшылар жауап береді. Олардың бірі кабинадан маған орын бергендіктен (кешіріңіздер, жігіттер!), Берік аға Нұрхатқа көмектесуге кірісті. Тез әрі жүйелі жұмыс істейді – контейнер алаңына келіп, қолғаптарын киеді, қоқыс контейнерін шығарып алып, оны көтергіш тетікке тіркейді.


Берік аға түймені басады, көтергіш контейнерді жоғарыға көтеріп, оның ішіндегі қоқыстарды қоқыс жинайтын бөлікке төгеді.




Бүкіл қоқыс нығыздалады. Осы кезде қысыммен шыны бөтелкелердің сынып жатқаны, әлденелер сытырлап, майысып жатқаны естіледі. Осылайша машинаға 3,5 текше қалдықтар сыяды.



Берік аға манипуляторды басқарып тұрғанда, Нұрхат қоқыс алаңын қолмен тазартады. Контейнерге бәрі бірдей қоқыс лақтыра бермейді, кейбіреуі оны жанына қалдырып кетеді. Бәрін қолмен жинауға тура келеді. «Мен бұл іске қорапты пайдаланамын. Оған қоқысты тез жинаймын да, бірден машинаға лақтырамын», - дейді Нұрхат.




Сонымен біз алаңнан алаңға шарлап кеттік.

 Жұмысыма көңілім толады. Түк істемей немесе айлап жұмыс іздегеннен, тіпті, жылдар бойына ата-анаңның мойнына мініп отырғаннан жақсы. Мен отбасында үлкенімін, біз үйде бес баламыз. Әйелім бала күтіміне байланысты демалыста. Жұмыс пен лауазымды таңдау мен үшін қажет емес. Еңбекақым 88 мың теңге, оған демалыс күндері мен мереке күндеріндегі жұмыс үшін алатын үстеме ақыны қосыңыз… Жалпы, шағымым жоқ.


– Ал, егер алаңда қандай да бір жиһаз тұрса, айталық, тоңазытқыш?

- Диспетчерге әлдебір жерде үлкен көлемді қалдықтар тұр деп хабарлаймыз. Сол жерге бізден соң КамАЗ келеді, - деп жауап береді Берік аға.

- Адамдардың кейде бағалы бір заттарын тастаған кездері болды ма? Ондайда оны сіздер алып кете аласыздар ма?

– Иә, кейде болып тұрады... Барлығымыздың да мұқтаждықтары бар таныстарымыз бар шығар деп ойлаймын, соларға беруге болады.



- Қалдықтан мәселен, ақша немесе қымбат бұйымдар шыққан жағдай болды ма?

– Өз басым ондай ештеңе тауып көргенім жоқ, бірақ, 2003 жылы мынадай бір жағдай болды. Мен жолда жұмыста жүрмін, маған басшылықтан қоңырау шалып, мынадай мекен-жайдан қалдықтарды алдың ба деп сұрады. Мен алдым деп жауап бердім. Сөйтсе, бір әйел адам байқаусызда қалдықтармен қоса қобдишасын лақтырып жіберген екен. Бірақ, оның ішінде ақша не басқа бір қымбат дүние болды ма білмеймін. Кейін қоқыс орнына қалдықтарды төккен кезде тауып алдық. Бұған ұқсас тағы бір оқиға болды. Бір ауладан контейнерлерді босатып жатырмыз, бір кезде бір жігіт жүгіріп келіп, құжаттары бар папканың сол жерде екенін айтты. Бірақ, біз ол кезде қоқыстарды машинаға тиіп болғанбыз. Мұнда да қоқыс орнына барып төккеннен соң папка табылды. 

– Демек, байқаусызда бір нәрсені лақтырып жібердің, оны кейін тауып алуға болады екен ғой?

– Қиын әрине, дегенмен тауып алуға болады. Бастысы, полигонда қалдықтың үстінен бульдозер жүріп өткенге дейін үлгеру керек. Үлгермесең, қалғаның.



Қоқыс алаңдарын күніне неше рет аралап шығатындарын айтуға ерлер қиналып қалды:

Көп. Біз оны санамаймыз. Машинаға орташа есеппен 60 контейнердегі қалдық көлеміндей тиелетінін білеміз. Өз учаскеміздегі жұмысты бітірдік пе, басқаларға көмектесуге барамыз. Барлық уақытта қозғалыста боламыз, бізде навигатор тұр. Бір жерде тұру не болмаса ұйықтау деген болмайды.

Бір күнде әрбір қоқыс таситын машина полигонға үш рейс жасайды. Жинауға шығар алдында кезекшіге белгіленіп кетеді. Оған қоса машинаны өлшетеді. Жартылай бос болып оралуға бригада жол бермейді. Қаншалықты қоқысты көп әкелсек. Ол жақсы. Қалалық қоқыс орнына тәулігіне 240 тонна қоқыс әкелінеді.




Үйге қайтып келе жатып мен жылдың қай мезгілінде жұмыс қиындау болады деп сұрадым.

Айту қиын. Күз бен қыста – балшық. Көктемде енді міне, сенбіліктер басталады, жеке секторда адамдар өз аулаларынан небір қоқыр-соқырларын шығарады. Одан кейін – жөндеу жұмыстары мен алаңдардағы құрылыс қалдықтарын тасу басталады. Жалпы, бәрінен қиыны жаз деуге болады. Адамдардың шығаратын қоқыстары көп, оның үстіне күн ыстық. Машиналар салқындатқыштармен жабдықталмаған. Оның үстіне олардан шығатын иіс те жазда қатты сезіледі...



Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттерді түсірген автор

8 наурыз 2017, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.