Атырау, 24 сәуір 23:24
 ашықВ Атырау +21
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

​Сарайшықты сақтап қалу жұмыстары жүріп жатыр

Сурет Бейнежазба
7 092 просмотра

Сарайшықта жағалауды бекіту жұмыстары басталды. Алайда ғалымдар археологиялық қадағалау процедураларының бұзылғандығына алаңдап отыр.

Облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ бастаған ғалымдар мен шенеуніктер делегациясы Сарайшыққа барған кезде, топырақтың қалың қабатында және беткі жағында көне Сарайшық қаласы орын тепкен Жайық жағалауының шайылып жатқан жерлерін бекіту жұмыстарының 2016 жылдың қазанында басталғаны белгілі болды. Бұл жұмыстар ондаған жылдар бойына жасалады деп күтілген еді. XIV-XVII ғасырлардағы тарихи-сәулет мұралары ескерткіштерін сақтауды қамтамасыз ету үшін жағалауды нығайту жөніндегі жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Жобалаушылардың пікірінше, жыл сайын өзен жағалауының опырылуы нәтижесінде ені 2-3 метр, ұзындығы 600 метрге дейін болатын қаланың мәдени қабаты суға құлайды.

Жұмыс құны - 1,6 млрд теңгеден астам. Тапсырыс беруші – «Атырау облыстық құрылыс басқармасы» ММ, бас мердігері - «Компания АИС-Астана» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2016 жылдың қазанында басталған және 2018 жылдың наурызында аяқталуы тиіс. 1500 м де 300 м алаңдағы жағалау бекітілетін болады. Тіреуіш негізі бар сүйеп тұратын монолитті қабырғамен бекіту қарастырылған. Ал баурайлары темірбетонмен қорғалады. Жобада баспалдақпен түсетін екі жер қарастырылған, баурайлары мен баспалдақтар таяныштармен қоршалады. Бұл қала тұрғындары үшін үйреншікті бетонмен қапталған жағалау болады.

«АЛАҢДА АРХЕОЛОГ ЖОҚ – БҰЛ ҚИСЫНСЫЗ»

Сарайшықта жағалауды бекіту жұмыстары қажет екендігі туралы әр түрлі деңгейде көп айтылды. Енді, міне, ақыры қазақтардың тарихи мұрасының жоғалу проблемасы шешіле бастады. Алайда, «бір қарын майды бір құмалақ шірітедінің» кері келді. Бұл күндері құрылыс алаңына келген танымал қазақстандық ғалым-археологтар жобаның мұндай жағдайда міндетті болуы тиіс археологтарсыз және олардың кеңестерінсіз дайындалғанын біліп, абдырап қалды.



Марғұлан атындағы институттың тарих ғылымдарының докторы Зейнолла САМАШЕВ (суретте):

- Жаңалықтың өзін біз жағымды қабылдадық, тек алаңда археологтың жоқ екендігі аз ғана қынжылтып тастады. 2015 жылы астаналық археология филиалының қорытындысында біз тайға таңба басқандай етіп: «жүйелі қадағалау қажет» деп жазған едік. Тіпті, 1,5 млн теңгенің құрылыс кезеңіндегі маманның қызметі үшін қарастырылғаны да есімде. Құрылысшылар жергілікті археологқа жүгінген, алайда оған бұл сома аз болып, ол бас тартыпты. Құрылысшылар қолды бір сілтеп, жұмыстарын бастап кеткен. Бұл олардың тарапынан жіберілген өрескел қателік. Алайда, мұндай жағдайда құрылыс жұмыстарының барысына облыстық ескерткіштерді қорғау инспекциясы бақылау жасауы тиіс. Олардың өз мамандары бар. Кәсіби маман шақыру міндетті емес қой. Адамның мәдени мұра үшін жаны ашығаны жеткілікті. Бекіту жұмыстарының әлдебір қабаттарды құлататындығы сөзсіз, технология бойынша бұдан құтылу мүмкін емес. Мұндай адамның функциясы – егер жұмыс барысында артефактілер пайда болса, Алматыға немесе Астана, тіпті болмаса, жергілікті деңгейдегі мамандарға хабарлау қажет болатын. Бірақ, әлі де кеш емес. Әкімдікте өткен кеңесте бұл мәселенің бақылауға алынатындығына кепілдік берді. Инспекция өз міндетін есіне түсіреді деп үміттенемін, әйтпесе, бұл қылмыс болып саналмақ. Учаскедегі негізгі құрылыс жұмыстарын мамырға дейін, су тасқыны басталғанша аяқтау өте қажет: егер Жайық қатты көтерілсе, бір жарым миллиард қаржы желге ұшты дей бер.



СҮЙЕКТЕР ШАШЫЛЫП ЖАТЫР

Естеріңізге салсам, Самашев Алтын Орда дәуіріндегі қалалардың анағұрлым ауқымды қазба жұмыстарымен айналысқан жандардың бірі. Ол бұл жұмысқа академик Әлкей МАРҒҰЛАННАН кейін 40 жылдан соң, 1989 жылы кірісті. Ол 1998 жылғы су тасқыны өзен бұрылысының 30 метрдей жерін алып кеткенін еске алды.

- Ол экспедицияға тек сол кездегі Қазақстан Ғылым академиясының президенті Өмірзақ СҰЛТАНҒАЗИННІҢ баяндамасынан кейін ғана ақша бөлді, - дейді З. Самашев.Жағдай мүшкіл болатын, мәдени қабат көз алдымызда жойылып бара жатты, ал жағалау бойында адам сүйектері шашылып жататын. Бұл өркениетті әлемнің талаптарына сай келмеді. Сұлтанғазин айтқандай, қала ғайып болуда, біздің бабаларымыздың сүйектері шашылып жатыр, ал біз мына жерде мұнай өндіріп, болашақты жоспарлап жүрміз. Экспедициялар ғылым академиясының қаржысына бірнеше жыл бойына бірсарынды жұмыс жасап келді. Жұмыс 90-жылдардың ортасынан бастап жүрді, бұған сол кездегі мәдениет министрі ТАСМАҒАМБЕТОВТІҢ жақсы көзқарасы көмектесті. Ол вице-министрдің функциясын қатар атқарып, Сарайшыққа көп көңіл бөлді. Сол 1997 жылы біз 14-ші ғасырдағы сарай кешенін толықтай аштық. Ол қазір қаланың бүкіл фотосуреттерінде бой көрсетеді. Жағалауға әлі 20 метрдей қалды. Қазір сарай ғайып болды, оны су түгелдей шайып кетті. Жалпы 1989 жылдан бастап көз алдымызда 60 метрлік мәдени қабат ғайып болды. Міне, тарихи жағдайлар осы. Жыл сайын бұл мәселе көтеріліп, басылып қалады. Ақыры сіздердің жаңа әкімдеріңіз Ноғаев іс жүзінде қадамдар жасап, үлкен қаржылар бөлген екен.

 


Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

7 наурыз 2017, 14:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.