Атырау, 24 сәуір 02:34
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Бөріктілердің осал жері

3 177 просмотра


Жыл басынан бері Атырау облысында ЭКО-ға (экстракорпоралды ұрықтандыру) дайындық аясында тексеруден 10 жұп өтті. Жеті жағдайда проблеманың ерлер денсаулығымен байланысты екені анықталды.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина КАМЕЛОВА (суретте) өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  әңгімеледі. Бүгінде облыста бедеулік есебінде 551 пациент тұр. Соның ішінде 117-сі ер адамдар. Дәрігерлер іс жүзінде олардың көп болуы мүмкін деп топшылайды. Алайда біздің менталитетіміз сондай, сәби туралы армандайтын әйелінің дәрігерге бірге қаралу жөніндегі ұсынысын жұбайы еркектік дәрменсіздікке айыптағандай қабылдайды.  

АЛҒАШ РЕТ УРОЛОГҚА

2017 жылы облысымызда ЭКО процедурасына 30 квота бөлінді. Экстракорпоралды ұрықтандыру – бедеулік кезінде қолданылатын қосымша репродуктивтік технология. Процедура қымбат тұрады, отбасының көпшілігінде оған ақшалары жоқ. Бұл жағдайда оларға тек мемлекет квотасына үміттену ғана қалады. Ол үшін мекенжайы бойынша әйелдер кеңесіне немесе отбасын жоспарлау орталығына есепке тұру қажет. Қазақстандық дәрігерлер ұстанатын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша, жыл ішінде жүктілік болмаған ерлі-зайыптылардың некесі бедеу деп есептеледі. Квота бойынша ЭКО жасау шешімін денсаулық сақтау басқармасы қабылдайды. Мемлекеттік квоталау бағдарламасына Қазақстанның 5 медицина орталығы қатысады. Емхананы пациент таңдайды. Квотаны алуға «түтік бедеулігі» және «емдеуге келмейтін еркек белсіздігі» диагноздары бар пациенттер үміткер бола алады.

Мұнда әйел пациентте эндокриндік мәртебе норма шегінде болуы тиіс. Тексеруден өту және ЭКО-ға дайындық, өкінішке орай, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кірмейді.

Дина Камелованың айтуынша, өткен жылы Атырауда еркек денсаулығына арналған 13 кабинет ашылған. Облыстық аурухананың жанынан еркектерге арналған арнайы кеңес беру-диагностикалық орталығы жұмысын бастады. Осы уақыт ішінде 75 500 еркек тексеруден өтті. Олардың үштен бірінен көбі урологтың қабылдауында алғаш рет болған. Пациенттердің 50 пайыздан астамы түрлі сырқатпен есепке тұрған. Проблема ауқымын ескере отырып, енді жаппай ерлер денсаулығы кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.

БРИГАДА ШОШЫНДЫ

Ал еркектердің денсаулығына қатысты проблемалар жетерлік. Олардың өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмен. Ал 75 жасқа қарағанда қатерлі ісіктен көз жұму екі есе жоғары. Еркектер әйелдерге қарағанда жүректің ишемиялық сырқатына үш есе жиі, қант диабетіне алты есе жиі шалдығады. Олар дәрігерлерге өте сирек қаралады, ерте кезеңде сырқатты анықтау деңгейінің төмендігі осыған байланысты. Мұның бәрі ұзақ жылдар бойы еркектердің денсаулығына өте аз көңіл бөлініп келгендіктен орын алып отыр, - деп есептейді Д.Камелова.

Ондаған жылдар бойына бізде акушерлік-гинекологиялық көмек жүйесі жұмыс жасайды. Ал андрологиялық қызмет іс жүзінде енді ғана құрылуда. Рас, 2009-2012 жылдары «Академик Б.У.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының» мамандары еліміздің көп өңірінде «Ерлер денсаулығы күндерін» өткізді. 2012 жылы сәуірде бас директоры әрі еліміздің бас урологы Мырзакәрім АЛШЫНБАЕВ бастаған дәрігерлер бригадасы Атырауға келді. Мамандардың пікірінше, ерлердің жағдайына қуықалды безге немесе қуыққа ғана қатысты өзіне тән проблемалар әсер етпейді. Көбінесе бұл аурлардың негізінде эндокриндік бұзылыстар жатыр. Егер қант диабетін емдеу кезінде ерлердің жыныстық гормондарын төмендетуге назар аударылмаса,онда тиімділікке қол жеткізу қиын болады. Яғни, ерлер денсаулығына кешенді әдіспен қарау керек.

Сол кезде алматылықтар тексерудің алты түрін (қуықалды без УЗИ-і, ЭКГ, тестостерон, ПСА, қан глюкозасы, холестерин) тегін өткізді. Әрі қарай тексеруден өткен әрбір еркек урологтың, кардиолог пен эндокринологтың тегін кеңесін алды.  Қорытынды бойынша, бүкіл ел бойынша тексеруден өткендердің 83,3 пайызынан  уроандрологиялық патология анықталды. Соның ішінде, 34%-да созылмалы простатит, 20%-да қуықалды безінің қатерсіз гиперплазиясы, 37%-да тестостерон тапшылығы анықталды.

ЕРКЕК АБЫРОЙЫ ДЕНСАУЛЫҚТАН ЖОҒАРЫ

Бұл ахуалды белгілі бір мамандардың тапшылығы да қиындатады. Мәселен, Атырауда бірде-бір андролог пен сексопатолог жоқ. Сондықтан қазір облыстық аурухана осы тапшы мамандықтар бойынша білім алу үшін шетелге екі дәрігерді жіберуде.

Өткен жылы ерлерді скринингтен өткізу кезінде  көп пациентте тікішекке және қуықалды безіне қатысты түрлі проблемалар анықталды. Соның ішінде простатит пен қатерлі ісіктер де бар, - дейді Д.Камелова. – Алайда еркектер дәрігерлерге құлықсыздықпен барады. Әйелдер басынан бақайшағына дейін түгел қаралып, бүкіл гормондарға тапсырады, түтіктері де жақсы жұмыс жасап тұрады. Оларда ешқандай проблема жоқ. Сол кезде әбден торыққан әйел күйеуін сүйрелегендей қылып алып келеді. Спермаграмма тапсырған кезде проблеманың күйеуінде екені анықталады. Мен көп жылдар бойына осындай проблемасы болған жұпты білемін. Әйелі педагог, күйеуі де көзі ашық адам. Әйелі көптеген тексерулерден өтіп, үнемі ем алып жүрді.  Күйеуі дәрігерге баруға еш келіспеді. Ал ақыры шешімге келген кезде, проблеманың күйеуінде екені анықталды. Ол ойдағыдай емделіп шықты, алайда уақыт жоғалтып алған еді. Екі рет ЭКО жасау әрекеті нәтижесіз болды. Оның үстіне, әйелдің бірнеше органдарын алып тастауға тура келді. Қорытындысында оларға табиғи жолмен сәби әкелу әрекетінен бас тартуға тура келді. Олар бала асырап алды. Ал егер күйеуі денсаулығында кінәрат бар екенін ең болмағанда бес жыл бұрын біліп, дер кезінде ем алғанда, ол баяғыда-ақ бақытты әке болар еді. Жыл ішінде бала көтере алмаған жұптарға тексеруден өтуге кеңес беремін. Әйелін жалғыз жібермей, күйеуіне де, дәрігерлерге бару керек, - деп сөзін қорытындылады Дина Камелова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

5 наурыз 2017, 19:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.