Атырау, 19 сәуір 00:10
 ашықВ Атырау +24
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Конституция: түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды, енді екінші оқылымға дайындайды

7 528 просмотра


3 наурызда ҚР президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша парламент палатасының бірлескен отырысы өтті.

Күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Өз баяндамасында мемлекет басшысы 26-бап туралы тағы да сөз қозғады.

- Жұмыс тобына Конституцияның бүкіл тарауындағы баптардың үштен біріне қатысты 6 мыңдай ұсыныстар мен ескертулер түсті. Жұмыс тобы қолданыстағы 300-ден астам заң мен 29 кодекске талдау жасады. Конституцияның 26-бабына ұсынылған түзетулер түрлі реакция тудырды. Бүкіл конституциялық реформа біздің қоғамымызды біріктіруге бағытталғандықтан мен 26-бапты бұрынғы редакцияда қалдыруды ұсынамын.

Біз тағы да халыққа түсіндіруіміз керек: меншікті сөз еткенімізде оны жер деген теңеумен белгілеуге болмайды. Адамда әр түрлі меншік бар - оның жері, жылжитын және жылжымайтын мүлкі. Меншік мәселесіне бәрі де кіреді. «Әркім» деп айтқанымызда, бүкіл заң қауымдастықтары мұны қолдады. Себебі, бұл елімізге инвестицияның құйылу тұрақтылығын, біздің инвесторлар мен қазақстандықтардың сенімін қамтамасыз етеді. Бірақ, біз асықпауымыз керек, жұмыс істеу қажет, бұл мәселеде консенсус болуы керек. Біз бұған қайткенде келеміз, тіпті жерге де. Өйткені, қожайыны жоқ жер - ешкімнің жері емес, ол өзінің құнарлылығын жоғалтады. Қазақта «иесі жоқ жер жетім» деген сөз бар.

Заң жобасы жалпы ұлттық ауқымда талқыланды. Сондықтан бұл құжат – Қазақстан халқының ортақ ұстанымы.

Жаңа заң парламенттің мемлекеттік істердегі, соның ішінде үкіметті жасақтаудағы рөлін айтарлықтай күшейтеді. Енді парламент заң шығарушы билік деп жазылатын болады. Бұрын парламент заң шығарушы функцияны жүзеге асырады деген тұжырымдама болатын. Экономиканы тікелей басқару жөніндегі өкілеттіктер берілетін үкіметтің дербестігі артады.

Жоғарғы соттың  азаматтарымыздың құқығын қорғайтын кассациялық инстанция соты ретінде рөлі нығаяды, заңдардың сақталуын жоғары деңгейде қарастыратын прокуратураның маңызды негіздері қаланады. Тәуелсіздігімізге, біртұтастығымызға, аумақтық тұтастығымызға берілетін кепілдік бекемдене түседі.

Айтылып өткендей, үкімет президенттің 35 өкілеттігін төменгі сатыдағы деңгейге беру туралы заң жобасын дайындады. Бұл заң жобасында Конституцияның 23 бабына, соның ішінде президенттің өкілеттігі бойынша өзгерістер енгізіледі.

Мұнда экономиканы, қаржыны, мүлікті басқару, сонымен қатар, әкімшілік-аумақтық мәселелер қарастырылады.

Мұнда президент, бұрынғыша, жоғарғы мемлекеттік билік етуші болып қалады. Ал оның құзырына Конституцияны қорғау, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас, қорғаныс қауіпсіздігі, елдің ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық функциялар қалады.

Мен еліміздегі жобаның талқылану барысына бақылау жасадым. Азаматтардың көпшілігі бұл өзгерістер қазіргі биліктің әлсіреуіне әкеліп соқпай ма деген алаңдаушылық білдірді.

Іс жүзінде 92-ші жылы кеңес заңы бойынша сайланған сол кездегі ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі елімізде аласапыран тудыра жаздаған заңдарды қабылдады. Біз реформаларды ілгері бастыра алмадық, бірде бір заң өтпеді және бұған ешкімді де кінәлауға болмайды. Адамдар бір тәртіптен екіншісіне қалай көшу керектігін түсінбеді. Бәрі тоқтаған кездегі келесі кезең басқа Конституцияны қабылдау болды. Егер біз мұны жасамаған болсақ, біз елімізді басқа Кеңестік дәуірден кейінгі кеңістік елдерінен байқалған аласапыранға душар етер едік.

Бірақ ол заман өтті, біз еліміздің азаматтарының жаңа буыны мен депутат корпусының жаңа буынын тәрбиеледік. Әсіресе, саяси жаңғыртуды экономикалық және технологиялық жаңғыртумен қатар іске қосатынымыз маңызды болып отыр. Мұндай міндеттерді біз әлі шешкен жоқпыз. Бұл үлкен қаржылық салымдар мен ресурстарды қажет ететін күрделі міндеттер, бірақ бізде басқа жол жоқ. 

Парламент депутаттарынан мүмкіндігінше кейінге қалдырмай, барлық белгіленген үдерістер мен заңдарымызды сақтап, заң жобасын қарауды өтінемін. Конституцияда еліміздің Негізгі заңындағы өзгерістердің екі нұсқасы жазылған: президент талқылаудан кейін заң жобасын бүкілхалықтық талқылауға жібере алады, яғни, референдумға немесе парламентке. Биліктің мемлекеттік жүйесінің негізгі кезеңдерінің бұл жерде өзгермейтіндігін ескерсек, бұл реформада негізгі құқық пен адам бостандығы сөз болмайды. Қаражаттар мен адам ресурстарын шығындап, қоғамда саяси проблема тудырып, референдум өткізудің қажеті жоқ. Сондықтан халық сайлаған депутаттар корпусы Конституцияға сәйкес, осы заңдарды енгізуге құқылы. Мен екінші нұсқаны қабылдауды ұсынамын.

Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ ұсынылып отырған үкіметті қалыптастыру тәртібін түсіндірді.

Ұсынылып отырған конституциялық өзгерістерді 5 негізгі блоктарға бөлуге болады.

Бірінші: түзетулер парламенттің рөлін арттыруға бағытталған. Үкіметті қалыптастырудағы мәжілістің рөлін күшейту ұсынылады. Сонымен қатар, парламент пен палаталардың бақылау өкілеттігін күшейту қарастырылған.

Үкімет құрамын жасақтау кезінде келесі тәртіп ұсынылады: Премьер-министр парламент мәжілісімен кеңескеннен кейін мемлекет басшысына Үкімет мүшелігіне үміткерлер туралы ұсыныс енгізеді. Президенттің өзі тағайындайтын сыртқы істер және қорғаныс министрлері ғана бұл ережеден тысқары.

Принципті түрдегі жаңашылдық - үкімет өз өкілеттігін жаңа президент алдында емес, жаңадан сайланған парламент мәжілісінің алдында тоқтататын норма. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін үкіметтің парламентке есеп беруі мен бақылауға алыну тетігі күшейеді. Конституцияның 64-бабының 2-тармағында үкіметтің президент пен парламент алдында жауапты екенін белгілеу ұсынылған. Конституцияның 67-бабының екі редакциясына сәйкес, премьер-министр үкімет қызметінің негізгі бағыттары мен оның маңызды шешімдері туралы тек президентке ғана емес, жалпы парламентке де баяндауға міндетті болады. Парламенттің әр палатасы үкімет мүшесінің есебін тыңдау қорытындысы бойынша, заңды орындамаған жағдайда үкімет мүшесін лауазымынан босату туралы президентке ұсыныс жасауда палата депутаттарының жалпы мөлшерінің үштен екісінен кем емес дауыс беру құқығына ие болады. Мұндай жағдайда мемлекет басшысы үкімет мүшесін босатады.

Екінші – республика президенті өкілеттігінің бір бөлігін қайта бөлу ұсынылады. Үкіметке мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекет бюджеті есебінен ұсталатын бүкіл орган қызметкерлерінің еңбекақысын бірыңғай қаржыландыру жүйесін бекіту жөніндегі өкілеттік беріледі.

Жобада үкімет пен премьер-министр актілерінің күшін жою немесе тоқтатудағы мемлекет басшысының құқығы алынып тасталады, осылайша өз актілері үшін бүкіл жауапкершілікті үкімет өз мойнына алады.

Сонымен қатар, президент адамның, азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау,   ұлттық қауіпсіздікті, егемендік пен мемлекет тұтастығын қамтамасыз ету тұрғысында Конституциялық кеңеске күшіне енген заңды немесе басқа құқықтық актінің Констиуцияға сәйкестігін қарау үшін өтінім жолдай алады.

Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган институт ретінде таратылады. Ол ықшамдалған үкіметтің қалыптасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өткізіліп жатқан әкімшілік реформа мақсаттарының бірі болып табылады. «Қажет болған жағдайда» мемлекет басшысының аса маңызды мәселелер бойынша үкімет отырыстарына төрағалық ету құқығы сақталады.  

Парламент рөлін арттыру мақсатында республика президентінің заң шығару: мәжіліске заң жобасын енгізу туралы үкіметтің тапсырма беруге өкілеттігі алынып тасталады. Мұнда президенттің заң шығаруға бастама жасау, заң немесе заңды күші бар жарлықтарды шығару, парламент оған табыстаған жағдайда заң шығару өкілеттігін жүзеге асыру  құқығы сақталады. Бұдан басқа, мемлекет басшысының заң жобаларын қарауды шұғыл деп жариялау құқығы алынып тасталады. Сонымен қатар, президентте заң жобаларын қарау басымдылығын белгілеу құқығы қалады. Бұл олар екі ай ішінде бірінші кезекте қабылдануы тиіс дегенді білдіреді.

Заң жобасында сот жүйесі мен прокуратураның конституциялық негіздері нақтыланады. Конституция мәтінінде судьяларға қойылатын талаптардың толық мазмұны қазіргі тәжірибемен сәйкес келе бермейді. Осы мәселеге анағұрлым икемділікпен келуге мүмкіндік беретін норма қажет. Осыған байланысты Конституцияның 79-бабының 3-тармағында  республика соттарының судьяларына қойылатын талаптар Конституциялық заңмен белгіленеді деп бекіту ұсынылды. Негізгі заңның 81-бабының жаңа редакциясы жергілікті және басқа соттардың қызметін қадағалауды жүзеге асыру туралы ереженің орнына Жоғарғы соттың функциясын нақтылауды топшылайды.

Жоғарғы сот заңда қарастырылған жағдайларда өзіне қарауға тиесілі сот істерін қарайды деп белгілеу ұсынылды: осылайша Жоғарғы соттың кассациялық инстанция соты ретіндегі рөлі нығаяды.

Конституцияның 83-бабы 1-тармағының ұсынылған редакциясында прокуратураның мемлекет атынан заңда белгіленген шектеулер мен формалар бойынша заңның сақталуын жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратындығы, сотта мемлекет мүддесін қорғайтындығы бекітіледі.

Сонымен қатар, прокуратура мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады деп көрсетілген. Осылайша, шегі заңмен белгіленетін прокурорлық қадағалау сұлбасы анағұрлым айқын суреттеледі.  

Түзетулердің төртінші блогы жергілікті мемллекеттік басқару мен өзін-өзі басқару органдарының қызметін әрі қарай ұйымдастыруды жетілдіруге бағытталған. Конституцияның 86-бабының 5-тармағына талап енгізу ұсынылды. Соған сәйкес, ҚР президенті премьер-министрмен және парламент палатасының төрағаларымен кеңескеннен кейін мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады. Бұл мұндай шешімді қабылдау үдерісінің анағұрлым демократиялы болатынын білдіреді.

Лауазымға тағайындау немесе сайлау, сонымен қатар, облыстар мен Астана және Алматы  қалаларының әкімдерін қоспағанда, әкімдерді лауазымдарынан босату тәртібін бұрынғыдай мемлекет басшысының актісімен емес, заңмен белгілеу ұсынылды.

Бесінші – заң жобасында конституциялық құрылым негіздерін қорғау тетіктері күшейтіледі. Конституциялық деңгейде егемендігіміздің тұрақтылық кепілдігі нығаяды.

Конституцияның 91-бабында республиканың біркелкілігін, аумақтық тұтастығымен қатар, ешбір жағдайда, тіпті, Негізгі заңды қайта қарау жолымен болса да, мемлекеттің тәуелсіздігін өзгертуге болмайды.

Осы конституциялық ұсыныстардың беріктігін қамтамасыз ету үшін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар тек олардың белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы Конституциялық кеңестің қорытындысы болғанда ғана республикалық референдумға немесе парламенттің қарауына шығарылады.

Мемлекет басшысына осы мәселе бойынша жүгіну субъектісін белгілеу ұсынылады. Мұндай тәжірибе көптеген елдерде бар. Конституциялық бақылау тетігін күшейту мақсатында заң жобасында республика президентінің Конституциялық кеңес шешіміне наразылық енгізу құқығы алынып тасталады.

Жақсыбековтің баяндамасынан кейін екі палатаның депутаттарынан сұрақтар түсті. Олардың кейбірін айтып өтейін.

Депутат Серік БІЛӘЛОВ:

- Конституцияның 87-бабындағы өзгерістер әкімдер лауазымына тағайындау немесе сайлау тәртібін (республикалық маңыздағы облыстар мен қалалардан және астанадан  басқа) заңмен белгілеуді топшылайды. Осылайша, мемлекет басшысының аталмыш өкілеттігін парламентке беру ұсынылған. Осыған байланысты мынадай сұрақ туындайды: президенттің өз қалауы бойынша барлық деңгейдегі әкімдерді лауазымынан босату құқығы сақтала ма?

- Иә, президенттің бұл құқығы сақталады. 4-тармақта айтылғандай президент өзінің ұйғаруы бойынша әкімдерді қызметтерінен босатуға құқылы, - деп жауап берді Жақсыбеков.

«Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат ПЕРУАШЕВ:

- Қолданыстағы Конституция бойынша мемлекет басшысының заң шығару және заң күшіндегі жарлық шығару құқығы болған. Енді түзетулер жобасында 45-баптың 2-тармағына сай президенттің бұл құзіреті алынып тасталмақ. Алайда, тәуелсіздік жылдарында президенттің үш рет мораторий жариялағаны белгілі, дағдарыс кезінде бұл кәсіпкерлердің қолдауын тапты, тіпті, кейбірін күйреуден сақтады. Президенттің мораторий жариялау құқығы сақтала ма? Егер сақталатын болса, қандай нормалар негізінде?

- Мұндай құқық президентте сақталады. Конституцияның 45-бабының 1-тармағына сәйкес, президент ел аумағында күшіне енетін жарлықтар мен өкімдер шығара алады. Сіз айтып өткен бүкіл мораторийлер осы жарлықтармен айқындалады. Президенттің осы құқығы сақталады

Бірлескен отырыс қорытындысы бойынша екі палатаның депутаттары бірінші оқылымда Конституциядағы түзетулерді бірауыздан мақұлдады. Екінші оқылымға құжаттарды дайындау үшін екі палатаның бірлескен комиссиясы құрылды. Бірлескен комиссия төрағасы – парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан ӘБДІРОВ. Оның құрамына парламенттің әр палатасынан 7 өкілден және Президент әкімшілігінен, Конституциялық кеңес пен  үкіметтен 3 өкілден енді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.

4 наурыз 2017, 23:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.