Атырау, 19 сәуір 10:54
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Бас прокурор құқық қорғаушылар қандай қатігездікке барғанын жайып салды

2 645 просмотра

Еліміздегі түрмеде отырған азаматтардың құқығын қорғау мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Алайда шешімін таппаған мәселелер де бар. Ол – адамдарды азаптау. Кейбір прокуратура қызметкерлері қолындағы билікті асыра пайдаланып, азаматтарды қинайды. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан түрме реформасының IV форумында Бас прокурор Жақып Асанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Осыған дейін үш форум өткіздік, бұл – төртіншісі. Әрбір форумды бір мәселеге арнап келеміз. Алғашқы жылы «Түрмедегілерді азайтудың он шарасы» деген жобаны бастадық. Екінші жылы қамауда отырғандарды жұмыспен қамтимыз дедік. Одан кейінгі жылы оларды босаған соң қоғамға бейімдеуді талқыладық. Осы жобалардың барлығы қазір жүзеге асып жатыр. Жалпы, мемлекеттік аппаратта, бізде бастамалар көп. Ананы бастап жатырмыз, ертең мынадай нәтижеге жетеміз деп ылғи мақтана береміз. Бірақ кейін нәтиже болмай жатады. Дегенмен бүгін ерекше күн, біз үш жарым жыл бұрын бас қосып, бір мақсат қойдық, соған жеттік. Енді осы жобаны бүгін біз жабамыз», - деді ол.

Сонымен бірге, Жақып Асанов еліміздегі шешілмеген өзекті мәселе – адамдарды азаптаумен күресу шараларына тоқталып өтті.

«Күн тәртібінде өзекті мәселе бар. Ол – адамдарды азаптаумен күресу. Бұл – адамға қарсы жасалатын, ең қатыгез, ең аяусыз қылмыс. Кейбір қызметкерлеріміз қолындағы билікті асырай пайдаланып, азаматтарымызды қинайды. Ұрып-соғады. Арын аяққа басады. Шындықты айтсақ, бұл – сұмдық. Бұл 21-ғасырда болып жатыр», - деді ол.

Бас прокурор жантүршігерлік бірнеше жағдайды мысалға келтірді.

«Мен бірнеше мысал келтірейін. Қарағандыда Синявин деген азаматты азаптағаны соншалық, ол эпилепсияға ұшыраған. Салдарынан мүгедек болып қалды. Слекишинаға қатысты оқиғаны бүкіл республика біледі. БАҚ жарыса жазды. Осы бір оқиға бүкіл құқық қорғау жүйесіне кір келтірді. Бұл тек ашылған қылмыстар. Ал қанша қылмысты біз білмейміз. Кейбір қылмыстар дәлелсіз қалып жатыр», - деді ол.

Сөз соңында Жақып Асанов құқық қорғау органдарының қызметкелері жасаған қылмыстан халықтың билікке деген сенімі жоғалатындығын ашына айтты.

«Азапқа ұшырағандар өмір бойы билікке өкпелі. Олар қорғаудың орнына қорлайды дейді. Осыдан кейін бізге халық тарапынан қандай сенім болуы мүмкін?! Сондықтан біз осы мәселемен айналысып жатырмыз», - деп түйіндеді сөзін Бас прокурор.

Дереккөз: Baq.kz

23 ақпан 2017, 15:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.