Атырау, 20 сәуір 08:01
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Әкімдер есебі: Ноғаевпен өткен бір жыл

Сурет Бейнежазба
5 593 просмотра

Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ алғашқы жылдық есебі толық аншлагпен өтті. Қазақстанда жаңа үрдіс  пайда болғанға ұқсайды. Бірінші болып көрші Батыс Қазақстан облысының әкімі халықтан сыйлық алды: ол жақта оған бір әжей банкаға салынған тосап әкелсе, бүгін, 22 ақпанда біздің әкімге пайдалы шұбат тарту етілді.

ҮШ КОРДОН АРҚЫЛЫ

Айта кету керек, жылына бір рет өңір басшысынан мыңдаған куәгерлердің алдында өз сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік туатындықтан жыл өткен сайын бұл шара жұртшылық қызығушылығын тудыруда. Таңертеңгі сағат 10-да Пушкин көшесінде көліктер шоғырланып қалды. Жүздеген машина кері қарай бұрылу үшін университет бағытына қарай баяу қозғалып, полицейлер әкімдік пен белгілі бір мекемелердің қызметтік көлігіне мінбегендердің барлығын кері қайтарып жатты. Кімдерді өткізу керек және өткізбеу керектігі туралы тапсырманы кімнің бергенін полицейлер ақыры айтпады. Бірақ, бейнекамерамен қаруланған табандылығымның арқасында үш өткізу пунктінен өту мүмкін болды. Олардың ешқайсысы да маған қарапайым адамдарға өтуге тыйым салынған қағазды көрсетпеді. Шенді полицейлердің бірі асығыстықпен менің таныс журналист екенімді байқамай, түсірілім жасап жатқан кезде бірден қолымдағы телефонымды тартып алды. Содан кейін достық пейілмен құшақтап, қайта-қайта кешірім сұрап, жіберіп қойды. Екінші жерде азаматтық киімдегі жас жігіттер өтуге мүмкіндік бермей, «PRESS» деген айқын жазу ілінген көлігімнің алдына тұрып алды...

Мойындаймын, мен де принципке барып, ақыры 001 деген оңай танылатын нөмірлері бар қызметтік қымбат қара көліктердің жанына көлігімді қойдым. Өйткені, олардың бұл орынға тоқтау құқығы қаламыздың басқа да тұрғындарының құқығымен бірдей. Халықтың ығырын шығарған осы бір шектеулерді кімнің енгізгенін біле алмадық. Қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерлан БИҒАМБАЕВТАН комментарий алмақ болғанда, ол рұқсат берілген тізім – облыстық әкімдік аппаратының бастамасы екенін айтып, ант-су ішті. Әкімдік қызметкерлері мұның өз аумағына кіретін көліктердің мәртебесіне қатысты өте қырағылық танытатын университет басшылығының ішкі ережесі екендігіне сендірді...


Мұндай сәттерде халқымызға жаным ашиды. Біз демократиямызды мемлекеттілігіміздің негізгі принципі ретінде 25 жыл бұрын жария еткен секілді едік. Бірақ, Қазақстандағы шенге табынушылық әдеттен әлі арыла алмай келе жатқанымыз айдан анық...

Дегенмен де, залға барлығын кіргізді, егер шектеулер болса да, олар тек орынжайға сыймайтындықтан ғана туындады. Тіпті Халел Досмұхамедұлы атындағы университеттің екі мың орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің үлкен залында өз әкімдерін тыңдағылары келгендердің барлығына орын жетпей, адамдар көнгіштікпен аяқтарынан тік тұрып тыңдады.



БІЗДЕ НЕ БАР? АЛДА НЕ КҮТЕМІЗ?

Өз баяндамасында Нұрлан Ноғаев өзінен бұрын болған әкімнің облыс экономикасын әртараптандыру жолындағы жетістіктері туралы, оны өзі белсенді дамытып жатқанын еске салды:

- Бақтықожа Ізмұхамбетов ауыл шаруашылығын белсенді дамыту жолын таңдады. Осының арқасында облыста ешкі сүтін өндіру зауыты, жүн өңдеу кәсіпорны, бөдене фермасы пайда болды. Бұл жобалардың Қазақстанда аналогтары жоқ. Қазіргі уақытта облыс бойынша 7,6 мың гектар жер көкөніс-бақша және дәнді дақылдар өсіру үшін пайдаланылуда. Соңғы үш жылда жалпы сомасы 1,863 миллиард  теңгеге 643 жаңа жұмыс орны ашылатын 17 ауылшаруашылығы жобасы жүзеге асырылуда. Тамшылатып суару жүйесі 1 927 гектар жерге қолданылады. Жалпы алаңы 12,5 гектар 32 жылыжай жұмыс істеп тұр. 

Әкім 2016 жылы облыста 167,5 шақырым көлік жолының жөнделгенін баяндады.

- Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, біздің нақты мақсатымыз бар. Оны 2017 жылы атқаратын боламыз. Атап айтқанда, Атырау-Астрахан көлік жолын салу. Бұрын жол салу облысымызға инертті материалдар шағын көлемде жеткізілетіндіктен қиындап кететін. Біз ҚТЖ-мен жеткізу үшін вагондар санын көбейтуге қатысты келіссөздер жүргіздік. Бұл таяу болашақта жақсы нәтиже көруге мүмкіндік береді. Енді құм, қиыршық тас және керамзит секілді материалдарды жеткізу көлемі едәуір көбейетін болады.

Сонымен қатар, Ноғаев 2017 жылы Атырау облысында 302,5 шақырым көлік жолын салу жоспарланып отырғанын хабарлады.



«ДЕМОКРАТИЯ АРАЛЫНДА»

Ноғаев өз баяндамасын 50 минутқа сыйдырып, тағы екі сағат бойына сұрақтар мен тілектерге шыдамдылықпен жауап берді. Көпшілігі баспаналық-тұрмыстық мәселелерін шешуге тырысты, жол салуды немесе өз аудандарын абаттандыруды өтінді. Әкім қолданыстағы заң нормаларына сілтеп, сыпайы жауап берді. Сұрақтардың бір бөлігін сол залда отырған өз қарамағындағыларға тапсырды. Атырау қаласының әкімі Серік ШАПКЕНОВКЕ көп сын айтылды. Адамдар оның айлап өздерін қабылдамайтынын, егер қабылдаса да, проблемаларын еш шешпейтіндігіне шағымданды. Көзі нашар көретін мүгедек есімі танымал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВАНЫ немқұрайлылық танытып, қаржылық қулық-тәсілдер жасап отыр деп айыптады:

- Сізге жібермейді, ал қала әкімі сөзінде тұрмайды, бес айдан бері ауызына су жинап алған секілді. Билік біздің мұқтаждығымыз үшін жақсы ақша бөліп отыр, бірақ Хабиева мүгедектерге берілген 100 миллионды қайда жіберді?! Егер әкім болсаңыз, шара алуыңызды сұраймын!


Танымал азаматтық белсенді Минал КЕНЖЕКОВ әкімге оның (әкімнің) мыңдаған атыраулықтармен бірге өткен жылдың сәуірінде алаңда тұрып, митингке қатысушылардың бірде-бірі қуғындалмайды деп сөз бергенін еске салды.

- Жігіттерді соттап жіберді, бірақ мен бұл туралы айтайын деп отырғаным жоқ. Өткен жылы қалалық әкімдік бейбіт митингіге немесе пикетке шығуға бірде-бір өтінімді қанағаттандырған жоқ. Адамдар өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіре алмайды, мұны қалай жасауға болады? Сіздің есеп беру жиындарыңызда мына мүгедек жан секілді айқайлау керек пе? Азаматтарға өз пікірлерін, ұстанымдарын жариялы түрде бейбіт білдіру үшін қауіпсіз алаң ұсынуды өтінеміз. Тыңдату үшін адамдар өздерін өртейді, өйткені өркениетті түрде өз пікірлерін білдіруге оларға рұқсат бермейді, - деді. Кенжековтің сөзіне зал қол соғып, қошемет білдірді. 


Ноғаев Кенжековті таяуда, оның айтуынша, «өз аяғын күйдірген» облыс прокурорының бұрынғы көмекшісі Лейла СМАДЬЯРОВАНЫҢ өзін-өзі өртегені туралы атышулы оқиғаны меңзеген шығар деп топшылады. Ол бұл қылмыстық істің қаралғанын, үкімнің шыққанын және сот шешіміне комментарий айта алмайтынын айтты.

Өзін Елемеспін деп таныстырған адам мешіт аумағын абаттандыруды және жұма намазына келушілер үшін көлік қоятын орын ұсынуды өтінді. Әкім діннің өте жеке мәселе екенін, мешіттерді салуды, сонымен қатар, оларды абаттандыруды мешітке келушілер өз қолдарына алса жақсы болар еді дегенді атап өтті.

- Неліктен жамағатқа намаздан шығып, таза ниетпен аумақты абаттандырмасқа? Көлік қоятын орынға келсек, егер мүмкіндік болса, көмектесеміз.

Қарабатанның тұрғындары микрофонға екі мәрте көтерілді. Олар қарапайым жағдайдың жоқ екендігіне шағымданды. Ноғаев олардың проблемаларына қанық болды, бірақ комментарий бермеді. Өйткені, қазіргі уақытта қарабатандықтардың мәселесі шешіліп жатқан секілді. Оларды қалаға көшіреді деп жорамалдады.

Жабырқау шағымдардан соң жақын маңдағы ауылдардан келген, сәнді киініп, кеуделеріне алқа таққан әжейлер сөз алды.

Олардың бірі әкім Ноғаевқа үлкен алғыс айтса, екіншісі 80 жастағы Ханым апай ең бастысы туралы ұмытып кетті. Ол әкімге қалаған нәрсесінің бәрін айтып болып, тек шараның аяғына қарай қолын көтеріп, әкім үшін әзірленген дәм бар екенін айтып, шаршаған залды сүйсіндірді. Әкімге сахнаға қарай шағын жолдорбаны жолдады. Әкім де тез арада ешқандай күдіксіз ішін ашып, залға ішіндегісін: 3 литр шұбат пен бір банка қолдан жасалған сары майды көрсетті.


Берілген сый тек бұл болмады. Қоғам қайраткері Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ өзінің «Кішкентай еліндегі» аналар мен балалардың атынан әкім Ноғаевқа «Жыл еріктісі» тәрелкесін тарту етті.

Жергілікті және Алматыдан келген жазушылар мен ақындар атынан шығармашыл зиялылар есепті «демократия аралы» деп атап, өздерінің позитивті үлестерін қосты. Сөз шебері, жазушы микрофон алып, жергілікті халықтың осылайша «ашық, тікелей әкімге сұрақтар қойғандығына және қорықпайтындығына» таң қалғанын айтты. Мен мынаны нақтылағым келеді: жазушы ештеңе шатастырып отырған жоқ па, мәселен, уақыты мен орнын? Неліктен халық өз әкімінен қорқуы тиіс?


ЖЕКЕ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ТУРАЛЫ

Айта кету керек, парламент пен үкімет мүшелерінің бір тобының – сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВТІҢ, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВТІҢ, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫНЫҢ, таяу уақытқа дейін облысымыздың әкімі, енді мәжілісмен болған Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ қатысуы да есептік кездесудің құрметін арттырды. Егер мәдениет министрі жергілікті шаралардан жалыққан болса, Бақтықожа Салахатдинұлы өте жақсы көңіл күйде болды. Әкім Ноғаев өз баяндамасында және сұрақтарға берген комментарийлерінде бірнеше рет өзінен бұрын болған әкімді әлденеше рет ризашылықпен атап өткен болатын. Залдағы камераның спикерлер Ноғаевтан жеке қабылдауын өтінген сәтте күліп отырған Ізмұхамбетовті түсіріп алғанын көру қызық болды. Бұрынғы әкім, шамасы, баспана немесе жұмыс сұрап келетін кейбір әуесқұмарлармен тілдескен өз тәжірибесін есіне түсірген шығар. Іс жүзінде жыл сайын әкімдердің қабылдауына жұмысқа барғандай барып, өзі үшін, өз туыстары үшін түрлі артықшылар сұрайтын түрлі адамдар бар. Оларды заңдылық немесе әділдік қызықтырмайды. Олардың табанды болатыны сондай, әдетте, қалаған нәрселеріне қол жеткізеді.


Қуанышқа қарай, қала тұрғындары есепке тек өзі үшін ғана бір нәрсе алып қалу үмітімен келмепті. Бір әйел кеңес мектебінің тәжірибесін еске салды. 7-8 сыныптарда жасөспірім кезінде оқу орнының қабырғасында жүргенде өздерінің бейімін табуға мүмкіндік берілетін. Ол оқу комбинаттарын жаңғыртуды ұсынды.

Зал округтерге бөлуді жойып, әкімшілік аппаратты жағалаулар бойынша екі аумақтық бірлікке дейін қысқартуды ұсынған адамның идеясын мақұлдады.

- 9 әкім мен оның 99 орынбасарын асыраудың қажеті қанша?

Залдағы тағы бір адам әкімнен Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНОВТЫҢ ісі бойынша комментарий беруді өтінді. Көпшілігі сот отырыстарының біріне олардың портреттері салынған күрте киіп келген және оны шешуге мәжбүр болған Бекболат МҰХАНАЛИЕВТІ таныды. Ол жерлестеріміздің ісі әуел бастан айыптау бағытында болғанын, ал үкімнен кейін оларды облыстан құпия түрде, асығыс этаппен әкеткенін айтты. Ол депутаттардың бірде-бірі және әкімнің өзі сотқа неліктен куәлік етуге келмегенін сұрады. Зал қол шапалақтады.

Әкім өзінің де, депутаттардың да бұған қатысы жоқ екенін мәлімдеп, сот шешіміне ешкім комментарий бере алмайтынын айтты. Ал келіспейтіндерге үкімге және басқа жайттарға қатысты тиісті органдарға шағымдануды ұсынды.


Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН

22 ақпан 2017, 22:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.