Атырау, 20 сәуір 15:03
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Қалдық су қайда кетіп жатыр?

Сурет
5 867 просмотра

Қаңтарда жергілікті билік «Атырау қаласындағы кәріздік-тазарту құрылғыларындағы апатты ахуалдарға» байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялады. Бұған кінәлі болған «Атырау Су Арнасына» КМК өлшемі бойынша адам шошырлық 100 миллиондық айыппұл салынды. 

САСЫҚ ИІСТІ АЙМАҚ

Әріптестеріміз, республикалық телеарналардың журналистері бүкіл елге күйзеліспен: бәрі тозған, жұмыс жасамайды, ол жерден сасыған иіс шығады, бәрі біткен... деп хабарлап жатты. 

Қарапайым тілмен айтайын – қаладағы бүкіл кәріз қалдықтар «Атырау Су Арнасы» КМК тазарту құрылғылары арқылы өтеді. Ал бұл, бүге-шүгесіне дейін келтіргеніме кешіріңіздер, 270 мыңдай атыраулықтың ішектерінен шыққан нәрселер ғана емес, қаладағы бүкіл ауруханаларды, мүрдехана мен мал соятын цехтарды қосқандағы 3700-дей компаниялар мен мекемелердің сарқынды сулары. Төгілген сарқынды сулар көлемі 2016 жылы «Атырау Су Арнасы» ұсынған мәліметтер бойынша, Атырауда 11,6 миллион текше метрді құраған. Тіпті, арнайы қалдықтарды тазартудың бүкіл циклінде – оларды резервуарларға құяды, содан соң бұл қоймалжыңды тұндырып, шөктіріп, булану алаңына (су жинауыш тоғандарға) қысыммен айдайды.  

Тазартудың стандартты процесі төрт кезеңге бөлінеді: механикалық, биологиялық, физикалық-химиялық және дезинфекция. Бізде бірінші тармақтың тұсына «орындалды» деген белгіні әрең қоясың. Дегенмен, бұл да толық ақиқат емес. Механикалық процесс - минералды және органикалық тұрғыда ірі ластануды тордан немесе електен өткізуді білдіреді. Тұндырғыда мұны тартылыс заңы орындайды.

Сіздер күлетін боларсыздар, бірақ, бұл ахуал кем дегенде 20 жыл, іс жүзінде 30 жыл бойына бәріне қонымды болып келді.  2017 жылы билік төтенше жағдай жариялады, ал өкілетті орган – экология басқармасы су дайындайтын кәсіпорынға 92 миллион теңге айыппұл салды. Ресми экологтар «кенеттен» кәріздік-тазарту жүйелері мен булану тоғандарының сасық иісі шығып, ауа мен топырақты улап жатқанын анықтайды. Бірақ, олар әлі де Сарыөзек тұрғындарының санитарлық аймақта тұратынын, бұл жерде тек олар ғана емес, оларға құрылыс салуға рұқсат берген қалалық биліктің де кінәлі екенін көрмей отыр. Ол жерде адам өмір сүре алмайды, қалай дегенмен де, ол жерде адамдар тіршілік етпеуі тиіс.

Мен ол жаққа қаңтар айында бардым. Түсініксіз жобаланған кешеннің тіпті, қоршауы да жоқ. Есесіне келіп тоқтаған вакуум машиналарынан сарқындыларды төккені үшін ақша алатын бақылау-өткізу қосыны бар. Түсініксіз мақсаттағы нысандар тобын үнемі жаңа төгілген жуындылардың иісі бұрқырап шығып тұратын жоғарыдағы үлкен резервуар біріктіріп тұр. 

Құндырғыштың бүкіл периметріндегі алаң қалың мұз қабатын жамылған. Оған қоңырқай қоймалжыңдар «фракциясы» қатып қалған... Бұл өмірімде көрген ең лас және ең сасық жер. Ал мен «лас» Үндістаннан және соғыстан кейінгі Камбоджадан ең лас деген жерлерді көрген едім. Өз қаламдағы бұл жер тұрғын ықшамауданнан екі жүз метрдей жерде орналасқан. Қандай өмір сапасы, қандай ұлт саулығы туралы айтуға болады? Адамдарға осындай нысандарға жақын жерде орналасуға қалай рұқсат берген?  

«ЕШҚАШАН КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛМЕДІ»

Төтенше жағдай жариялаған билік алдын алу шарасы ретінде оң жақ жағалаудан жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқаны туралы мәлімдеді. Әзірге әңгіме тек осы туралы ғана болып отыр. Булану алаңына қатысты не болатыны белгісіз. Оның алаңы 520 гектар, 70 жыл бұрын салынған резервуарлардың қабырғалары ғана бетонмен қорғалған. Түбі – ашық, беткі жағы да солай, құстар мен жан-жануарлар еркін кіре алады. «Атырау Су Арнасы» КМК директоры Андрей ТАШЛЫКОВТЫҢ айтуынша, алаңға төгілген нәрселер үнемі бақыланып отырады, зертханалық сынамалар жүргізіледі. Бүгінгі күні алаң экологиялық қауіп тудырмайды. Бұған тәуелсіз экологтар дау айтады - өзен екі тоғанға да жақын маңнан өтеді. Бізде топырақасты сулары өте жоғары орналасқан және Жайық қауіпті заттардың түсу қаупінен қорғалмаған. 

Андрей ТАШЛЫКОВ

- «АСА» тазарту құрылғы-ларына күрделі жөндеу жүргізу дегенді ешқашан білген емес, оларға 60-70 жыл болған, - деп комментарий береді бір кездері осы жүйеде жұмыс жасаған құпия сарапшылардың бірі. – Биотазарту жүйесі баяғыда-ақ толықтай жарамсыз болып қалған. Тиесілі жөндеу жасалмаған. Қазандық шынын айтқанда, булану алаңына айдалатын қалдықтар қатып қалмас үшін сорғы станциясын әрең жылытып тұр. Тіпті, қарапайым механикалық тазарту қырғышы жұмыс жасамайды. Кірме жолдар жоқ. Оң жақ жағалаудың кейпі осындай. Астыңғы түбі қарапайым тәсілмен – қиыршық тастар қабатымен қорғалған. Ол жерде әлдененің қалуы неғайбыл. Теориялық тұрғыда біз мұны іше аламыз, бірақ, біле алмаймыз – қалдықтардың бұлай сақталуының ауаға, топыраққа және өзен суына ықтимал әсерін ешкім ешқашан зерттеген емес. Оның санитарлық нормалар мен қауіпсіздік нормаларының талаптарына сай келмейтіні айдан анық. Міне, «Су Арнасына» айыппұл салды, бірақ, не үшін?!  Бұл жергілікті биліктің артықшылығы және оны олар лайықты түрде ұстауы тиіс еді. Сол жақ жағалаудағы, Сасықсайдағы жағдай одан да мүшкіл. Бұл бірнеше жылға созылған нағыз экологиялық апат. Дренажды ұмыт қалдырды, алайда, жобаға миллиондаған қаржы салған еді. 80 сорғы станциясы қала астындағы бүкіл лас қалдықтарды айдайды және жерасты суларының деңгейін көтеруге «көмектеседі». Міне, сондықтан да біз жыл сайын суға кетіп жатырмыз. Мәскеу мамандары 2001 жылы «АСА» шаруашылығына баға берді. Сол кезде бәрін қайта жасау керек еді. Мәселе барлық әкімдердің тұсында көтерілді. Соңғы рет Бергей Рысқалиевтың тұсында 2006 жылы көтерілген болатын. Сол кезде толықтай қалпына келтіру 4,5 млрд теңге болды. Алайда, қаржыландыру болмады. Өткен жылы испандықтар Рысқалиевтан кейін салынып бітпеген сол жақ жағалаудағы кәріздік-тазарту құрылғысына (КТҚ) қызығушылық білдіріпті. Облыс әкімі Ноғаевтың оларға не деп жауап бергенін білмеймін, бірақ, нысан әлі талапайға түсіп жатыр.

«БАСШЫЛЫҚ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТПАДЫ»

Жергілікті экологтар 2010-11 жылдары Еуропа қайта құру және даму банкінің «АСА» нысандарына аудит жүргізуге тапсырма бергенін еске салды. Біз аудит жүргізген экологиялық құқық жөніндегі алматылық заңгер Вадим НИДІ таптық:
- Бұл сол кезде елдің бәрі білетін әкімнің тұсында болды, Бергей сияқты. Аудитке Еуропа қайта құру және даму банкі тапсырыс берді. Бұл банктің өзінің бастамасы болатын – үкіметпен келісім бойынша ұлттық деңгейде жасалды. Бірақ жергілікті деңгейге түскен кезде, облыс пен қала басшылығында ешқандай қызығушылық жоқ екендігін көрдік. Олар сол кезде бюджет қаржысына бейімделді. Банк қайта жарақтауға қаржы бөлгісі келді, бірақ, су дайындау кәсіпорнының бүкіл менеджменті өте нашар жағдайда болғандықтан, банк жобадан бас тартты.

Сіздердің оң жақ жағалаудағы КТҚ-тың жағдайы өте нашар болды. Ол жерде, тіпті, кәріздік-тазарту құрылғыларының өзіне жақындап бару проблема болатын. Аумақ мүлдем қоршалмаған, соның ішінде, булану алаңында да солай. Ол жерде мал жайылып, адамдар аңшылық етіп жүрді. Олардың сол жерде аулаған аңдарды қалай жегенін білмеймін. КТҚ-да көп уақыттан бері ештеңе жұмыс жасамады. Дөрекі тілмен айтсақ, сіздердің қалалық унитаздарыңыз мүлдем жұмыс жасамайды. Көрер көзге ғана өркениетті унитаз, ал іс жүзінде бәрі шалшыққа кетіп жатыр. Айырмашылық тек ара қашықтығында ғана. Ауладан шұңқыр қазып, соған құйғанмен бірдей. Оның үстіне, ол ашық жатыр. Әсіресе, жазда беткі жағында да, жерасты суы арқылы да инфекция таралу қаупі бар. КТҚ аумағында қарапайым жағдай, қауіпсіздік техникасы болмады. Қалдықтардың қайда кетіп жатқаны түсініксіз. Егер Алматымен салыстырар болсақ, бұл - жер мен көктей. Тіпті, хлоратор қондырғылары қызметкерлерінің қауіпсіздік техникасы да талап етілген жағдайдан өте алыста, шұғыл апат болған жағдайда қызметкерлер үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету өте қиын болар еді. Күкіртсутекті өлшеуге арналған аспап біреу болды және пайдаланылмады. Сол кезде құрылысы жүргізіліп жатқан екінші КТҚ-ға бізді жібермеді. Біз түрлі жолдар арқылы баруға тырыстық, бірақ, кіре алмадық.

«БӘЛКІМ БИЛІК БІРДЕҢЕ ЖАСАР»

Біз «АСА» директоры А.Ташлыковтан бірнеше сұрағымызға жауап беруін өтіндік:

- «Атырау Су Арнасы» КМК-не қандай заң бұзушылық үшін және қандай сомада айыппұл салынды?

- Айталық – кәріздік сарқынды суларды булану алаңына тазартпай тасымалдайтынымыз үшін Экология департаменті 16,6 млн теңге сомаға әкімшілік жаза белгіледі және қоршаған ортаға тигізілген зиян 75,4 млн теңге сомада белгіленді. 

- Сіздер мұны бірінші рет жасап отырсыздар ма?

- Үнемі, - деп иығын көтерді Ташлыков. 

- Ал сіздерге неліктен қазір айыппұл салып отыр, ендеше бүкіл 30 жыл үшін салуға тиіс қой? Сіздер, қалалық шаруашылық активтерін пайдаланушы ұйымсыздар. Жыл аяғына дейін бұл кемшіліктерді жоя алмайсыздар (өйткені, шаруашылық сіздің меншігіңіз емес – ол қалалық биліктікі) және келесі жылы тағы да айыппұл төлейсіздер ме? 

- Келесі жылға дейін бірдеңе жасар деп үміттенеміз. Қазір қалалық билік мәселені қолға алды, жобалау-сметалық құжаттамаға тапсырыс берді.

- Ал неліктен осыншама жылдар бойына өз қаржыларыңыздың есебінен бұл олқылықтарды жоймадыңыздар?

- Олай болса сол кезде тариф 35 емес, 70-80 теңге болар еді, одан көп болмаса. Бізге кім рұқсат береді?

- Егер қайта жарақтау қазына есебінен жүргізіліп жатса, тариф бұрынғыша қала ма?

- Жаңа КТҚ-ны ұстап тұру үшін әлдебір соманы қосады, әрине. Бірақ, қазір ұстап тұрудың өзін үнемді қылатын технология таңдалады. 

- Сарыөзектегі сіздің нысанға кіретін жолдарға жөндеу жүргізу жоспарда бар ма?

- Сарыөзектегі КТҚ-ға апаратын көлік жолдарын 2017 жылдың аяғына дейін қайта жарақтау жоспарланып отыр.

- Сарыөзек пен Сасықсайдағы булану алаңдарының түбі мен жағалаулары қалай қорғалған? Олар қай жылдары пайдалануға берілді және жөндеу жүргізілді ме? Қазіргі жағдайы заманауи Экологиялық кодекстің талаптарына сай келе ме?

- Сарыөзек маңындағы су жинауыш тоған қаланың оң жақ жағалауында орналасқан. Жалпы алаңы 520,13 га, бөгет салынып, ішкі жағынан бетон плиталармен нығайтылған. 1978 жылы пайдалануға берілді. Буландыру тоғаны маңында бақылау ұңғымаларының торабы бар. Онда жыл сайын бірінші және төртінші тоқсанда жерасты суларының мониторингі жүргізіледі. 
Жинауыш тоғандардан сарқынды сулардың топырақасты суларға кетуі байқалмайды. Қаланың сол жақ жағалауындағы булану алаңы «АМӨЗ» ЖШС-нің балансында тұр. Оның жағдайы туралы бізде мәліметтер жоқ.

- Магистралды кәріз жүйелерінің жағдайы қандай? Олардың жалпы ұзындығы қандай? Оларға қанша жыл болған, қашан және қандай учаскелерде ауыстыру немесе жөндеу жұмыстары жүргізілді? 

- «АСА» ұзындығы 295,241 км болатын өздігінен ағатын және арынды кәріздік коллекторларды пайдаланады. 1960-2002 жылдар аралығында керамикадан, шойыннан, темір-бетоннан кәріздік коллекторлар салынды. 2001-2012 жылдары кәріздік коллекторлар полиэтиленнен салынды, олардың жалпы ұзындығы - 139,317 км.  
- «АСА» зиянсыздық нүктесіне қашан шықты?

- Біз 2016 жылдан бері рентабельдіміз. Қазір бізге бюджет демеуқаржы бөлмейді. 2014-15 жылдары жаңғырту есебінен кірісті бола бастадық. Жабдықтарды, сорғыларды жаңарттық. Қазір ай сайын 30-35 пайыз электр энергиясын үнемдейміз. Су шығыны төмендеді – біз 90 пайызға есептеу аспабын ауыстырдық.

БАБАЛАР САЛҒАН ЖОЛМЕНЕН

- Атырауда жеке тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қалалық инфрақұрылым оған ілесе алар емес. Бүгінгі күні қалада, сіздердің мәліметтеріңіз бойынша, орталық кәріздік жүйеге қосылмаған 51 мыңдай абонент бар. Қарапайым тілмен айтқанда, олар жүз жыл бұрынғы ата-бабаларымыз секілді қазылған шұңқырларды пайдаланады. Экологиялық аспектісін мамандарға қалдырайық, ал мәселенің қаржылық жағы менің жеке басымды қызықтырады. Өйткені, менің өзімде, керісінше, септик секілді прогресс игілігі бар. Оны төгу қожайын есебінен жүргізіледі. Вакуумдық арнайы көлікті бір шақырту бағасы 5-тен 10 мың теңгеге дейін. Булану алаңына әр барғаны үшін арнайы көліктің жүргізушілері сіздер белгілеген тариф бойынша 4 текше метрге дейін 596 теңге және 10 текше метр үшін 1600 теңгедей төлейді. Яғни,  булану алаңына төгу мүмкіндігі үшін сіздерге септик қожайындары да, вакуум көліктерінің жүргізушілері де екі қайтара төлейді.

- Жеке сектордың тұрғындары «АСА» КМК-ның сарқынды суларды құю нүктесінен КТҚ-ға дейін тасымалдау және магистралды құбыр бойымен (4,5 км-ден, диаметрі 500 мм екі құбыр) сорғы арқылы КТҚ-дан булану алаңына дейінгі тасымалдау қызметін төлейді. «АСА» растайтын құжат (фискалды чек) болған жағдайда жеке сектор тұрғындарына құю нүктесінен қабылданған сарқынды сулардың нақты көлемі үшін төленетін соманы қайтарады. Жеке тасымалдаушылардан өз түбіртектеріңізді талап етіңіздер немесе біздің көліктерді пайдаланыңыздар. 

- Біздің бәріміз «өзге» вакуум машиналарының қызметінен бас тартып, сіздердікіне көштік делік. «АСА» бәрін қамти ала ма? Сіздерде сарқынды суларды айдау үшін қанша арнайы көлік бар?

- Қалада барлығы 300-дей көлік осындай қызмет көрсетеді. Оның 22-сі біздікі.

- Яғни, сіз қызметті заңдастыруға шақырып отырсыз. Бірақ, іс жүзінде өзіңіздің бүкіл ықтимал клиенттеріңізге қызмет көрсетуге күшіңіз жетпейді ғой. Сіз өз компанияңыздың бірдей қызмет үшін екі есе ақы алып отырғаныңыз туралы сұраққа ақыры жауап бермедіңіз деп есептеймін. Әсіресе, қалдықтарға қатысты сіздердің ешқандай амалдар жасамайтыныңызды ескерсек. Тұндырып, булану алаңына жөнелту құны өте жоғары болып тұр. Өзімнен мысал келтірейін – менің топырақтан толықтай оқшауланған септигім бар және ай сайын вакуумды шақырғаным үшін 6 мың теңге төлеймін. Сонымен қатар, «АСА»-ға кәріз суларын бұрғаны үшін-мыс 400-700 теңге төлеймін. Алайда, менің көшемде тіпті, кәріз тұрбалары да жоқ. Сіздің қызметтеріңіз үшін мұндай бағалар жеке баспананың көптеген қожайындарын экологиялық талаптарды бұзып, топырақты ластап, жерасты суларының онсыз да жоғары деңгейін көтеріп, лайықты қорғанышы жоқ септиктер салуға мәжбүрлейді. Неліктен тұтынушылар іс жүзінде сіздер көрсетпейтін су бұру қызметі үшін ақша төлейді? Бұл заңсыз ғой.

- Біз егер жеке вакуум көліктерінің қожайындарынан түбіртектер ұсынса, құйылған көлем үшін ақыны, айына төленетін 400-700 теңгені қайтарамыз ғой.

- Жеке сектор тұрғындары үшін кәріз қалдықтарын бұру қызметіне және вакуум көліктерінің қожайындары үшін талондарды сатып алуға тарифтер қалай (қандай есептеулер негізінде) жасалған?

- Сарқынды суларды бұру қызметінің тарифі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің 2015 жылғы 22 маусымдағы №104-ОД бұйрығымен бекітілген және жеке тұлғалар үшін 1 шаршы метрі ҚҚС-сыз 35 теңгені және басқа тұтынушылар үшін 1 текше метрі ҚҚС-сыз 151,98 теңгені құрайды. Сарқынды суларды бұру қызметінің тарифіне келесі шығындар салынған: шикізат пен материалдар, еңбек ақы төлеу, жанар-жағармай, электр энергиясы, булану алаңын ұстау, амортизация, көлікті жалға алу, байланыс қызметі, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша шығындар, қоршаған ортаны қорғау, әкімшілік шығындар және т.б.

«БІЗДІКІЛЕР ТИЕСІЛІ ЖЕРГЕ ТӨГЕДІ»

- Бізге «қала шеңберіне қалдықтарды төгуге қатысты қала әкімі С.Шапкенов салған тыйымға қарамастан, сіздердің вакуумдарыңыз оларды қалаға төгуді жалғастырып жатыр» деген дабылдар түседі.

- «АСА» КМК-нің бүкіл вакуум көліктері қаладағы және қала маңындағы поселкелердегі тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан септиктерді сорып алғаннан кейін сарқынды суларды КТҚ маңындағы төгу нүктесіне құяды. Облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 15 қыркүйектегі № 47-VІ шешімімен бекітілген «Атырау облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, қалалардың және елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидалары» енгізілгеннен кейін қала шеңберінде заңсыз төккені үшін вакуум машиналарды жергілікті полиция органдары құрықтайды, бұл қағида «АСА» КМК көліктеріне де қолданылады.   

Біздің вакуумдардың кәріз желісіндегі апатты қалпына келтіру жұмыстарын орындауға жұмылдырылатын кездері болады. Апат салдарын жоятын осындай жағдайларда оларға қала шеңберіне төгуге рұқсат етілген. Кейде кәріздің бітеліп қалған желісін тазарту немесе апатты суларды тікелей айдау процесін заңсыз төгу деп қабылдап қалып жатады. 

- Экоқұқық жөніндегі алматылық заңгер Ни сіздің кәсіпорныңыз ЕҚДБ қаржысы есебінен КТҚ-ның қайта құру жобасына ешқандай қызығушылық білдірмеді деп растайды.

- Ол кезде мен «АСА»-да жұмыс жасаған жоқпын және бұл растауға еш комментарий бере алмаймын. Оның үстіне, мұндай шешімді КМК басшылығы емес, әкімдік қабылдайды. ЕҚДБ «Атырау Су Арнасы» КМК және Атырау қаласының  сумен қамту және су бөлу жүйелерін дамыту үшін «2012-2021 жж. басымды инвестициялар бағдарламасы» техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу жұмыстарын жүргізді. Алайда, аталмыш жұмыстарды орындауға қаржы бөлінбеген, өйткені, ТЭН бойынша тарифтерді бірнеше есеге көтеру қарастырылмаған.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

22 ақпан 2017, 16:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.