Атырау, 20 сәуір 19:39
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Алғабастың екі тұрғынын соққыға жыққан кімдер?

2 028 просмотра

Қала маңындағы Алғабас ауылының екі тұрғыны полицияға оларды далалықта Доссор поселкесінің төрт тұрғыны ұрып-соқты деп арыз түсірді. Жанжал мал ұрлығынан туындаған.

Бізге полициядан хабарлағандай, Мақат ауданы бойынша өткен жылы жеті мал ұрлығы тіркелген, соның үшеуіне қатысты іс ашылған. Соңғы кездері облыс орталығынан 90 шақырым қашықтықта жатқан Доссорда жайылымдағы мал жиі із-түзсіз жоғалып кететін болған. Соған қарағанда ұрылар далалыққа арнайы шығатын болуы керек. Осы ретте жергілікті тұрғындар оларды іздеуге өздері шыққан.

Доссор маңындағы далалық жерде екі адамды көріп қалып (кейін бұл Атырау іргесіндегі Алғабас ауылының тұрғындары екені белгілі болады), оларды мал ұрлаған осылар болуы керек деген күдікпен ұстап, полицияға алып келген. Алайда, сол жерде бұл екеуін біреулердің ұрғаны анықталады. Біз полицияға малының ұрланғаны туралы арызданған доссорлықтармен байланысқа шықтық. Алайда, олар «АЖ»-ға жағдайды түсіндіруден бас тартты. Енді ойларын өзгертіп, барлық журналистерді оқиға болған жерде аяқ астынан баспасөз конференциясын ұйымдастырмақ болып, Доссорға шақырып жатыр.  

Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, зардап шеккен Алғабас ауылының екі тұрғыны дене жарақаттарымен қазір облыстық ауруханада ем алуда.

- ҚР ҚК-нің 293-бабы бойынша («Бұзақылық») сот алды тергеу жүруде, оқиғаның анық-қанығы анықталуда, - дейді Г.Мұхтарова. - Доссор поселкесі тұрғындарының мал ұрланғандығы туралы арызды полиция қабылдамай отыр деуі шындыққа сәйкес келмейді. Полиция органдарына түсетін барлық хабарламалар мен арыздар тіркеледі, есепке қойылады. Және олар бойынша іс жүргізіледі. Әйтпесе азаматтар шарасын алмай отыр деп басқа құқыққоғау органдарына арыздана алар еді. Алайда, мұндай арыздар жоқ.    

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

20 ақпан 2017, 21:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.