Атырау, 19 сәуір 03:54
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Адвокат: Боқаев пен Аян Алматы абақтысында отыр

2 474 просмотра

Атырауда 2016 жылғы сәуірдегі «жер мәселесіне» қатысты жаппай митингіге қатысқан соң сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян қазір Алматыдағы тергеу абақтысында отыр. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде жазған адвокат Айман Омарова ақпанның 16-ы күні түрмедегі Макс Боқаевпен кездесіп, хал-жағдайын білгені туралы хабарлаған.

Оның жазуынша, билік орындары Боқаевтың туыстарына тұтқынды Петропавлдағы 157/9 түзеу колониясына жазасын өтеуге жіберетіндері туралы қаңтардың 31-і күні хабарлаған. Ақтөбедегі тергеу абақтысында 14 күн отырған Боқаев пен Аянды ақпанның 10-ы күні пойызға отырғызып, ақпанның 12-і күні Алматыға жеткізген.

Адвокатпен әңгімеде Макс Боқаев Ақтөбеде тергеу абақтысында болған кезде Талғат Аян екеуі өздерін сот жазасын өтеуге Петропавлға жіберу қылмыстық атқару кодексінің 88-і бабына қайшы екендігін айтып, өздерін тұрғылықты жері Атырауға қайтаруды сұрап Ақтөбе прокуратурасына арыз жазғанын айтқан. Боқаевтың сөзінше, оларды Ақтөбеден Алматыға жеткізген «столыпиндік» вагонда жеті адамға арналған жатын орында 11 тұтқын отырып келген.

Алматыдағы ЛА-155/1 қамау мекемесі және қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша департаменті Макс Боқаев пен Талғат Аян туралы Азаттық сауалдарын жазбаша жолдауды сұрады.

Өткен жылы қарашада Атырау облыстық соты Макс Боқаев пен Талғат Аянды "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыптап, 5 жылға соттаған. Үкім бойынша, белсенділер жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс. Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды.

Дереккөз: Азаттық

17 ақпан 2017, 10:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.