Атырау, 25 сәуір 16:17
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Енді жүйеге қосылу оңай

2 155 просмотра

Электрмен жабдықтау жүйесіне қосудың жаңа ережелері туралы «ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша аумақтық департаменті» ММ бөлімінің басшысы Қуанышбек ЖҰМИЕВ әңгімелейді.

- Электрмен жабдықтау тораптарына қосу тұрғысында ҚР заңнамалық актілеріне қандай өзгерістер енгізілген?

- Елімізде бизнес үшін жағдайды жақсартатын елеулі реформалар жүзеге асырылды. ҚР заңнамалық актілеріне электр энергетикасы саласында өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, электрмен қамту тораптарына қосуға техникалық шарттарды беру мерзімі қысқартылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат алу қажеттілігі жойылды. Енді жобалаушыға электронды түрде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жұмыстардың басталғаны туралы хабарлама жолдаса жеткілікті. Бұдан басқа, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау органынан электр тораптарына қосуға рұқсат алу қажеттілігі жойылды. Электрмен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтау келісімшартын жасауға арналған бір апта мерзім үш күнге дейін қысқарды.

Сонымен қатар, 2017 жылдың 1 ақпанынан бастап «Электр энергиясын пайдалану қағидаларына» электр қондырғысын пайдалануға беру алдында энергетикалық сараптама жүргізу қажеттілігін жоятын өзгерістер енгізілді. 

- Нысан қожайыны өзгерген жағдайда электрмен жабдықтауға жаңа техникалық шарттар мен келісімшарт алу қажет пе?

- Бұл жағдайда жаңа меншік иесі меншік құқығы тіркелген сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде жазбаша түрде энергия өндіруші және энергиямен қамтушы ұйымдарға нысан қожайынының өзгергені туралы жазбаша хабардар етеді және энергиямен жабдықтау келісімшартын жасау үшін құжаттар ұсынады. Меншік иесі ауысқан кезде бұдан бұрын берілген техникалық шартты қайта ресімдеу жүргізілмейді.

- Техникалық шарт қандай мерзімге беріледі?

- Қағидаларға сәйкес, энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан өтінім алғаннан кейін төмендегі мерзімде жаңа енгізілген немесе жаңартылған электр қондырғыларын қосуға техникалық шарттар береді: қуаты 200 килоВаттқа дейінгі электр қондырғыларына - 5 жұмыс күнінің ішінде; қуаты 200 кВт - 1000 кВт аралығындағы электр қондырғыларына - 10 жұмыс күнінің ішінде; қуаты 1000 кВт жоғары электр қондырғыларына - 15 жұмыс күнінің ішінде. Салынып жатқан нысандарды электрмен жабдықтау үшін тұтынушыға құрылыс кезінде уақытша техникалық шарттар беріледі. Техникалық шарттар энергия беруші ұйымның электрлік желілеріне немесе энергия өндіруші ұйымның электр қондырғыларына қосылуға техникалық мүмкіндігі болған жағдайда беріледі. Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін төлем алынбайды.

- Егер тұтынушы техникалық шарттардың талаптарымен келіспесе, не істеу керек?

- Онда тұтынушы сараптама жүргізу үшін сараптама ұйымына жүгінуі тиіс. Егер сараптама техникалық шарттарда көрсетілген талаптардың негізсіз екенін көрсетсе, тұтынушы техникалық шарттарды алуға қайтадан өтінім береді.

- Жобалау құжаттамасы қандай мерзімде мақұлданады?

- Тұтынушылардың электр қондырғыларының құрылысына, реконструкциясына немесе жаңғыртылуына арналған жобалау құжаттамасы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғанға дейін техникалық шарттарды берген энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйыммен мақұлданады. Электр қондырғыларының жобалық шешімдері төмендегі мерзімде мақұлданады: қуаты 200 кВт дейінгі электр қондырғыларына - 3 жұмыс күнінің ішінде; қуаты 200 кВт - 1000 кВт аралығындағы электр қондырғыларына - 7 жұмыс күнінің ішінде; қуаты 1000 кВт жоғары электр қондырғыларына - 12 жұмыс күнінің ішінде.

- Кернеу қандай мерзім ішінде беріледі?

- Электрмен қамту келісімшартына қол қойылғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде беріледі.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

16 ақпан 2017, 17:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.