Атырау, 19 сәуір 16:05
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Атырау» ФК бюджеті - екі миллиард

3 045 просмотра

Футбол маусымы басталар алдында «АЖ» «Атырау» ФК директоры Тимур НИГИМОВКЕ (суретте) бірнеше сауал берді.

«ОЙЫНШЫЛАРДЫ САТЫП АЛУҒА АҚША ЖҰМСАҒАНЫМЫЗ ЖОҚ»

- Тимур Аманғалиұлы, Премьер-Лига клубтары арасындағы чемпионат қашан басталады? Старттық матчтарда біздің қарсыластарымыз кімдер болмақ? 

- Чемпионат 8 наурызда басталады. Алғашқы екі матчты біз сыртта өткізбекпіз: 8 наурызда «Тобылмен» (Қостанай), 12-ші наурызда «Ордабасымен» (Шымкент). 18 наурызда өз алаңымызда «Ертісті» (Павлодар) қабылдайтын боламыз. 

- «Атыраудың» 2016 жылдың маусымындағы ойындарына баға бере кетсеңіз? 

- Біздің команда үшін 8-ші орын әрине, жақсы көрсеткіш емес. 2016 жылдың маусымындағы ең үлкен бір проблема бұл қосалқы ойыншылардың санының аздығы болды. Негізгі құрамның ойыншылары Ұлан Қонысбаев, Алдан Балтаев, Владислав Кузьмин, Валерий Коробкин, Берік Айтбаев ауыр жарақаттар алған кезде оларды ауыстыратын ешкім болмады. Өткен жылы команданы Владимир Никитенко, ал одан кейін Стойчо Младенов басқарды. Олар «Атырауды» дамытуға өз үлестерін қосты. Ал қазіргі маусымдағы бас бапкер – хорватиялық маман Зоран Вулич.

- «Атырау» ФК 2017 жылға арналған бюджетін атап өтсеңіз? 

- Бюджет сол 2016 жылғыдай 2 миллиард теңге болып қалды. 

- Ойыншылар мен бапкерлер қанша табады? 

- Әркімнің келісімшарттарында бұл ақпараттың құпия екендігі және оны екінші тараптың рұқсатынсыз жария еткен жағдайда жауапқа тартылатындығы жазылған.

- Спорт сайттарында алдағы уақытта командадағы қазіргі немесе  басқа да, оның ішінде «Атырау» ФК келісімге отырған ойыншылардың трансферлік құны туралы әдеттегідей жарияланымдар қаптай жөнеледі. Сондай қауесеттердің анық-қанығын бірден сейілтіп жіберуге болмай ма? Кім қаншаға сатып алынды? 

- Жариялылық саясатты ұстану аясында «Атырау» ФК трансферлік төлемдердің жүргізілмегендігін хабарлайды. 

- «Атырау» ФК негізгі құрамының тізімін жариялап кетсеңіз? 

- Команда құрамдалып болғасын маусым алдында біздер оның тұсаукесер рәсімін өткізетін боламыз, оның уақыты мен қай жерде болатынын кейін хабарлайтын боламыз. 

Тимур НИГИМОВ

«ЖАНКҮЙЕРЛЕРГЕ ҮЛКЕН АЛҒЫС БІЛДІРЕМІЗ»

- Чемпионат регламентіндегі өзгерістерді айта кетсеңіз? 

- Шынында да өзгеріс бар: біріншіден, чемпионат матчтары «әркім әркіммен» принципі бойынша үш айналымнан өткізіледі. Алғашқы екі айналымды (22 кезең)  командалар өз алаңдарында  және қарсыластарының алаңында «әркім әркіммен» өткізеді. Үшінші айналымның күнтізбесі цифрлық күйде белгіленеді. Алғашқы екі айналым аяқталған соң үшінші айналым матчтарының күнтізбесі командалар атауының цифрлық күнтізбесіндегі цифрларды ауыстыру жолымен жасақталады. Бұл жағдайда әрбір командаға 22-ші кезеңнің қорытындысы бойынша командалардың орындарына сәйкесті сан беріледі. Үшінші айналымның күнтізбесінде бірінші ойын жұбындағы көрсетілген команда матчтың ұйымдастырушысы (қабылдаушы клуб) болып табылады. 

Екіншіден, қорытынды кестеде 10-шы орын алған команда өтпелі матчта 2017 жылғы маусымның бірінші лига клубтарының арасында біріншіліктің қорытынды кестесінде 3-ші орын алған командамен кездеседі.


Үшіншіден, қорытынды кестенің 11-ші және 12-ші орындарын иеленген Премьер-лига клубтарының командалары Бірінші лиганың келесі маусымына қалады. 

- Жанкүйерлердің рөлі туралы айтыңызшы? 

- Өткен маусымда біздің жанкүйерлеріміз команданың жетістіктері мен сәтсіздіктерін бізбен бірдей көтерісе білді, стадионға ауа райының қолайсыздығына қарамастан келді. Олардың қатарында жастар да, қарттар да бар. Оларға деген алғысымыз шексіз және келесі маусымда олармен бірге жеңістің қуанышын бірге бөлісеміз деп ойлаймын. Ал сәтсіздіктер бізді шыңдай түспек, алға қарай да жетістіктерге қол жеткіземіз деген сенім ұялатады. 

- «Мұнайшы» стадионы не болмақ? Біздің команда  «Судоремонтникте» ойнайтын бола ма және қашанға дейін?  
- «Мұнайшы» стадионын қайта жарақтау бойынша жобалау-сметалық құжаттары бүгінгі күні аяқталып қалды. Өз алаңымызда өтетін ойындар сәуір айының аяғына дейін «Судоремонтник» стадионында өтеді. 

ГЕРМАНДЫҚ ҮЛГІ БОЙЫНША

- «Атырау» ФК балалар футбол орталығының табыстары және биылғы жылғы балалар арасындағы ел біріншілігінің күнтізбесі туралы айта отырсаңыз?

 - «Атырау» ФК жанындағы футбол орталығы 2013 жылы 16 ақпанда ашылды. Барынша талантты деген балаларды таңдап, оларды алға қарай футбол академиясына тарту негізі үшін германдық үлгіні алдық. 2013 жылдан бастап балалар арасында футболдан ҚР біріншілігін өткізу жүйесі өзгерді. Енді ол «Премьер-лига клубтарының академиясы және футбол орталықтарының  жасөспірімдер командалары арасында футболдан ҚР біріншілігі» деп аталады, яғни, Премьер-лиганың әрбір командасынан жас ерекшеліктеріне қарай (1999, 2000, 2001, 2002, 2003, 2004, 2005 ж. т.) жеті команда қатысады.  Сәуір айынан қараша айына дейін «әркім әркіммен» қағидаты бойынша төрт командадан бес кезең, ал кейін жартылай финалдық және финалдық кезеңде ойнайды. Бұдан басқа міндетті болып табылатын жыл сайынғы республикалық екі турнир бар: 18 жасқа дейінгі балалар үшін Таразда өткен «Арман», 16 жасқа дейінгі балалар үшін Шымкентте өткен «Жастар». 
2017 жылы футбол орталықтары мен академиясының жасөспірімдер командасының арасында ҚР біріншілігін өткізу күнтізбесі Қазақстан футбол федерациясына 9 ақпанда ұсынылды. Футбол орталықтарынан басқа «Қайрат», «ЮГ»  (Шымкент қ., «Ордабасы» ФК бөлек), «Астана» сияқты академиялар бар. Олардың барлығы да біріншіліктің толық қатысушылары бола алады. Біздің 1999 ж. т. тәрбиеленушілеріміз ҚР чемпионы болды. 1995 ж. т. тәрбиеленушілер қола жүлдеге үш ұпайды жинай алмай 4-орынды жеңіп алды. 1997 ж. т. тәрбиеленушілер де қола жүлдеге бір ғана ұпаймен жетпей, 4-орынды місе тұтты. Біріншіліктерден басқа біздің тәрбиеленушілеріміз жыл сайын түрлі республикалық және халықаралық турнирлерге қатысып, бірнеше жыл қатарынан жүлделі орындар алып жүрді. 

АУДАНДАР ДА ҚОСЫЛДЫ 

- Биылғы жылы футбол орталығына балаларды қабылдау жүргізіле ме? 

- Бүгінгі таңда футбол орталығында 12 топ жұмыс жасап жатыр. Ақпан айындағы балалардың жалпы саны 533, жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, 7 жастан 18 жасқа дейін. Барлық жаттығулар ФКФ талаптарына сәйкес, бірыңғай жүйе бойынша өткізіледі. Кіші топтағылар үшін голландиялық оқыту әдістемесі қолданылса, үлкендер үшін неміс үлгісі алынған. Әрбір жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген топтарға екі бапкер (аға жаттықтырушы және көмекші) бекітілген. Бүгінгі күні футбол орталығында бес жаттықтырушы «А» UEFA санатына ие, төрт жаттықтырушыда – «В» UEFA, алтауында «С» (бұқаралық футбол) санаты бар. Биылғы жылы  «В» UEFA санатына оқыту Қазақстан футбол федерациясының техникалық орталығында жүргізіледі. Футбол орталығына қабылдауды маусым бойына жыл сайын өткізеді. Қабылдау негізінен кіші топтарға (2010 ж.т. - 2005 ж.т.) жүргізіледі. Атырау облысында футболды дамыту мақсатында 2016 жылдың ортасына қарай Махамбет, Аққыстау, Индер аудандары мен Миялы ауылында, сондай-ақ, Құлсары қаласында және қала маңындағы Дамбы, Геолог-2 поселкелерінде (2004-2008 ж. т. балалар арасында) өкілдіктер ашылды. 

«Атырау» ФК алдында жоғары білікті және кәсіби білім алған  жергілікті футболшыларды болашақта «Атырау» ФК негізгі құрамын және ел құрамасының командасын толықтыру үшін  тәрбиелеп шығару міндеті тұр. Жас футболшыларды сапалы дайындау үшін «Атырау» ФК жоғары білікті «А» UEFA санаты бойынша кәсіби лицензиясы бар бес шетелдік жаттықтырушы шақырылды. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ


16 ақпан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.