Атырау, 18 сәуір 15:08
 ашықВ Атырау +21
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Бруно Жарден: «Қашаған шығынды жоба болуы мүмкін бе? Бұл өте жақсы сұрақ!»

3 534 просмотра

Біздің газетімізге берген өзінің алғашқы сұхбатында North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) консорциумының басқарушы директоры Бруно ЖАРДЕН (суретте) Қашаған жобасына салынған инвестициялар сомасын нақтылап, таяудағы 50 жылда құбырларды ауыстыруға тура келмейді деген үмітін білдірді.

«ҚҰБЫРЛАРДЫ АУЫСТЫРУ ӨТЕ ҚЫМБАТҚА ШЫҚТЫ»

- НКОК жарылған құбырларды жеткізген компаниядан зиян өтемақысын алды ма? Тигізілген зиян қаншаға бағаланды?

- Бізге құрлықтағы және теңіздегі кешенді жалғайтын екі құбырды ауыстыруға тура келді. Мәселе шешілді. Құбырларды ауыстыру құнына келер болсақ – бүкіл жұмыс құны өтелмейді және оны біздің акционерлер консорциум қаржысынан төледі.

- Әңгіме қандай сома туралы болып отыр? Консорциум апатқа кінәлілерден өз ақшасын ала алады ма?

- Бұл сұрақты инвесторларға қою керек сияқты. Мен не айта аламын? Иә, сақтандыру құжаты бар. Қазіргі кезде консорциум төлем мөлшері туралы сақтандырушымен келіссөздер жүргізуде. Бірақ, процесс енді ғана басталды, ол өте күрделі, бәрі енді басталып жатыр. Бұл әдеттегі келіссөздер процесі.

- Ауыстыру жұмыстарының құны қандай? 

- Бұл сізбен бөлісе алатын ақпарат емес. Бірақ, мұның өте қымбатқа шыққанын айта аламын. Бұл өте күрделі операция болды. Өздеріңіз білесіздер, бізге ауыстыруға екі жыл уақыт кетті. Солтүстік Каспийдің тайыз суларындағы онсыз да ауыр жұмыс жағдайы климаттық ерекшеліктермен тіпті қиындап кетті. Біз бетпе-бет келген қиындықтардың бірі – қысқы маусымдағы Каспийдің ерекшеліктері болды. Сол кезде құбырларды жүргізе алмадық, оған қоса құбыр ерекше экологиялық талаптар әрекет ететін аймақ арқылы өтті. Біз өте жоғары сапалы құбыр жүргізгенімізді атап өткім келеді. Құбыр жүргізу кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі компанияларды жұмылдыруға тура келді. Бүкіл материалдардың жеткізілуін күтудің өзіне бір жылдай уақытымыз кетті.

- Демек, алғашқыда мердігер сапасыз тұрбаны таңдаған ба?

- Бұл сұрақ бізге әлденеше рет қойылды. Бірақ, олар таңдаған материал сол уақыт аралығында, 2004-2005 жылдары қолданыста болған бүкіл стандарттарға сай келді. Орындаушы компанияның өзі мен инвесторлар да осы сұрақты қояды. Біз осы құбырларды пайдалану сәйкес келетін техникалық талаптарды дұрыс таңдадық. Қашағаннан мұнай өндірудің бірегей, өте қиын екенін ескеру керек. Не болғанын біз қазір түсініп отырмыз – тұрбада өте қатты учаскелердің түзілуі салдарынан коррозия орын алған. Әлі күнге дейін талдау жасап жатырмыз, оның нәтижесі бүкіл сала үшін сабақ болады. Бірақ қазір, егер осындай санаттағы салыстыруды алатын болсақ, біз роллс-ройс машинасының деңгейіне сәйкес келетін құбырлар таңдадық. Біз екі қабатты құбыр желісін орнаттық. Ішкі қабат былғары секілді, коррозияға өте берік. Жоғарыдан қажетті беріктілік деңгейін көміртекті болаттан жасалған қабат қамтамасыз етеді. Бұл анағұрлым қымбат және оны салу анағұрлым күрделі, алайда бұл өте жоғары қорғау деңгейін қамтамасыз етеді.

- Өндіруші қандай кепілдік мерзімін береді?

- Осы ретте неге кепілдік болу керек? Материалды таңдауда. Бұл құбыр желісі коррозияға берік, ол коррозияға қарсы қорытпалардан тұрады. Бұл ондаған жыл қызмет етеді дегенді білдіреді. 

- Жоспарлы ауыстыру қарастырылған ба?

- Таяу уақытта ештеңе ауыстырмаймыз. Ол жердегі тұрбалар кем дегенде 50 жыл тұрады.

- Яғни, егер ауыстырса, сіз қарсы болмайсыз?

- Иә, әрине!

- Құбырларды ауыстыру жұмыстарын оларды бірінші рет жүргізген сол компания жасады. Неліктен? Әдетте, біреулер өз міндеттемелерін орындамаған кезде олармен өндірістік қатынастар бұзылады ғой.

- Олар бірнешеу еді, негізгі және қосалқы мердігерлер болды. Негізгілердің біреуі сол, өйткені Каспийдегі құбыр желісін монтаждау үшін қолдануға болатын жабдықтар тек сонда бар.

- Шын мәнінде, сіздің басқа таңдауыңыз болмады ма?

- Солай деуге болады. Алайда, жекелеген қосалқы мердігерлер басқа болды.

- Өткен жылдың желтоқсанында Астанада ҚР энергетика вице-министрі Мағзом МЫРЗАҒАЛИЕВ NCOC өз мердігерлерімен соттасайын деп жатыр, деп мәлімдеді. Сол мердігерлерді атасаңыз.

- Мен сіздің министрлік жасаған мәлімдемеге қатысты комментарий бере алмаймын.

«ӨЗІНДІК ҚҰН БА? АЛ ОЛ ТЕҢІЗДЕ ҚАНДАЙ?»

- Жобаға салынған инвестицияның жалпы сомасын атасаңыз.

- Бүгінгі күні біз 55 млрд-тан астам АҚШ долларын жұмсадық. (Естеріңізге салсам, өткен жылдың желтоқсанында Қашаған ресми түрде іске қосылған кезде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жобаға 60 млрд-тан астам қаржы салынғанын растаған еді – З.Б. ескертпесі)

- Қазақстан жұртшылығының ешқайсысы Солтүстік Каспий Консорциумына қатысушылар мен Қазақстан арасында жасалған өнім бөлінісі туралы келісімнің (ӨБК) толық мәтініне заңды түрде қол жеткізе алмады. Бұл құжаттан қазақстандықтар тараптардың міндеттері мен инвестицияларды өтеу шарттары туралы тармақтарды білгісі келеді. Өнім бөлінісі туралы келісімнің мәтіні қандай ниетте құпияланған?

- Иә, өнім бөлінісі туралы келісім – бұл келісімшарттың осындай түрі, әдетте, белгілі бір елдің үкіметі немесе компания/компаниялар арасында жасалған жабық құжат. Мұндай келісімшарттарда құпиялылық қарастырылады. Біз осы ережелердің барлығын сақтауға міндеттіміз. Өйткені, Қазақстан Республикасының алдында жауапкершілікте боламыз. Жалпы, бұл барлығына тән. Өйткені, бұл коммерциялық құжат. Компаниялардың өзара бәсекелес екенін білесіз ғой.

- Бүгінгі күні Қашаған мұнайының өзіндік құнын атасаңыз.

- Міне, бүгін сізбен бөлісе алмайтын ақпараттың бір түрі осы. Бұл коммерциялық ақпарат, ол бәсекелестікпен байланысты. Міне, маған Теңіз мұнайының өзіндік құнын білген қызықты болар еді, бірақ өкінішке орай, менде ондай ақпарат жоқ. 

- Алайда, түрлі сенім деңгейіндегі түрлі дереккөздер сіздің және Теңіз мұнайының бағаларын айтты ғой. Демек, олар коммерциялық құпияны жария етті. Неліктен олар жауапкершілікке тартылмады?

- Шығындар есебі алуан түрлі болуы мүмкін. Тасымалдау шығындары есептелуі де, есептелмеуі де ықтимал... Түрлі компаниялар өзіндік құнды түрліше есептейді, оған көптеген факторлар ықпал етеді. Тағы да атап өткім келеді, бұл коммерциялық ақпарат, сондықтан мұндай сұрақтарға жауап беруге өкілетті емеспін.

- Мен келесі сұраққа сіздің беретін жауабыңызды болжап отырмын (күледі). Өнім бөлінісі туралы келісім әзірленіп жатқанда әлемдегі мұнай бағасы анағұрлым жоғары болды. Өнім бөлінісі туралы келісімнің негізіне қандай есептеу тарифі алынған?

- Неліктен мен бұл сұрақтың жауабын білмеймін? Өйткені, бұл операторға арналған сұрақ емес. Өнім бөлінісі туралы келісімде баға саралау деген бар. Мұнай бағасына байланысты, акционерлер мен республика арасындағы табыстылықтың қалай белгіленетіндігіне қарай бұл сома өзгеріп отырады.

- Яғни, ол белгіленген емес пе?

- Жоқ, ол нарықтық ахуалға байланысты өзгеруі мүмкін.

Бүгінде бізде жеті акционер бар. Өзіңіз білетіндей, акционерлер саны өзгерді. Әр акционер бұл жобаға салынатын инвестицияға қатысты өздігімен шешім қабылдады. Әр ұстаушы мұнай құнының өз сомасын басшылыққа алды. Сіздің сұрағыңызға жауап беру өте қиын. Өйткені, түрлі акционерлер қолданған бірнеше түрлі баға мәні болды.

- Қалай дегенмен де, мұнай бағасы төмендеу бағытына қарай қатты өзгерді. Жобаның өтелімділік мерзіміне бұл қалай әсер етті?

- Мен жауап беруге тырысайын. Жобаның өтелімділік кезеңінде мұнай бағасының әсер ететіні айқын. Яғни, біз инвестор емеспіз, біз оператормыз – іске қосу үшін, өндіру үшін, жүзеге асыру үшін жауап береміз. Инвесторлардың экономикалық көрсеткіштерді 1-кезең бойынша есептейтіндігін, экономикалық аспектілерге қарайтынын білемін. Бәлкім, олар қазір көріп отырған құбылыстарға риза емес шығар. Сіздің сұрағыңыз болжаумен байланысты. Сондықтан қазір біз болашақтағы жобаларды қарастырамыз. Біздің міндетіміз кенішті игерудің әрі қарайғы кезеңдерін жүзеге асыру, Қаламқас кеніштерін дамыту және экономикалық тұрғыда тартымды ету. 

Біз болжамды пайдаланамыз – бұл халықаралық консультант компаниялардың ұсынатыны, бұл болжамдар ашық дереккөздерде бар. Бірақ, инвесторларға шешімді өздіктерімен қабылдауға тура келетінін түсіну керек. Бәлкім, инвесторлар басқа болжамдардың мәліметтерін қарайтын болар.

- Соңғы мәліметтер бойынша Қаламқаста мұнай қанша және мұнай игеруді қашан аяқтау жоспарланып отыр?

- Қашағанмен салыстырғанда, әрине, анағұрлым аз – көршілес екі Қаламқас пен Хазар кеніштерінде 67 млн тонна. Ағымдағы қалыптасқан жағдайда шығындардың тиімділігі тұрғысында оларды игеруді дәлелдеу өте қиын болды. Сондықтан ҚР үкіметімен және тағы бір – CMOC (КМОК) Консорциумымен Қаламқас пен Хазар кеніштерін бірлесіп игеру мүмкіндігін қарастырудамыз. Соның арқасында біз шығындарды азайтып, бұл жобаны экономикалық тұрғыда тиімді етіп жүзеге асыра аламыз. Жалпы, бұл жер жүзі бойынша орын алып отырған типтік жағдай. Мәселен, Солтүстік теңізінде белгілі бір учаскелерге лицензиясы бар компания басқа компаниямен бірлесіп, лицензия аясында бірлесіп игереді.

«БІР ЖЫЛДАН СОҢ ТӘУЛІГІНЕ 370 МЫҢ БАРРЕЛЬГЕ ШЫҒАМЫЗ»

- Қашағандағы бірінші кезеңді қашан аяқтау жоспарланып отыр?

- Бүгінгі күні біздің өндіруші қуаттылығымыз тәулігіне 180 мың баррель деңгейінде. Біз қуаттылықтардың барлығын енгізген кезде, өндіру деңгейі 370 мыңға жетеді. Бәлкім, бізге осы деңгейге шығу үшін бір жыл қажет болатын шығар. Күн сайын біз бір нәрселерді енгізіп, іске қосамыз. Газды айдау бойынша қуаттылықтарымызды іске қосу ілгері қадам болары анық. Біз мұны мамырда бастауды жоспарлап отырмыз. Біртіндеп газ айдау деңгейі өсе бастайды. Газды кері қабатқа айдай бастағанда, біз үшін бұл алға қарай өте ірі қадам басу болады. 

- Әзірге сіздер кері айдауды бастаған жоқсыздар, мұнайдан айырмашылығы, ішкі нарыққа келіп түсетін газ қандай кіріс әкеледі?

- Біздің газдың құрамында күкіртсутек өте көп, ол өте уытты. Сондықтан оны тазартып, әзірлеу керек. Бұл өте қымбат тұрады және шығар кезде өте көп күкірт түзіледі. Бұл біздің «Болашақ» зауытында жасайтынымыз. Газ тазартылған кезде, біз оны сатамыз. Ол Атырауға ішкі нарыққа түседі - «ҚазТрансГазАймақ» сатып алады. 

- Қандай бағамен?

- Баға акционерлер мен ҚТГА арасында белгіленген, яғни, сізге солардан сұрау керек.

- Желтоқсаннан бері қанша мұнай мен газ өндірілді?

- 8 қаңтардағы мәліметтер бойынша: біз миллион тонна мұнай конденсаты мен 260 млн стандартты текше метр тазартылған газ өндірдік. 

- Соңғы жылдары жиілеп кеткен техногендік жер сілкіністерін облысымыздағы өндіруші компаниялар қызметінің салдарымен байланыстырады. Соңғы жер сілкінісі төрт баллға жетті. Жер қойнауынан әжептәуір қорларды алып шыққан кезде компания тектоникаға ықтимал әсерді зерттеу жөнінде қандай да болмасын жұмыстарға тапсырыс берді ме? 

- Резервуардың өзі өте тереңде, 4 шақырым деңгейде жатыр. Қабаттағы резервуар аузындағы қысым 770 бар (атмосфер). Біз қабаттық қысымды ұстап тұру үшін және мұнай шығару коэффициентін максималды көбейту үшін газды жер қабатына айдаймыз. Біз газды қабатқа айдап, қысымды қажетті деңгейде ұстап тұрамыз. Бірақ, мен геология маманы емеспін, бәлкім, ақпаратты Балтабай білетін шығар.

- Мұнай өндіруге байланысты сейсмикалық белсенділіктің артуына қатысты қауіп болған емес және болмайды да. Менің білуімше, әлдебір арнайы зерттеу жүргізілген жоқ. Дегенмен де, мамандар үшін, геологияны түсінетін адамдар үшін бұл қауіп немесе алаңдаушылық тудыратын нәрсе емес, - деп әңгімеге НКОК-тың корпоративтік қызмет жөніндегі директоры Балтабай ҚУАНЫШЕВ араласты. 

«ОПЕК ЕШТЕҢЕ ТАЛАП ЕТКЕН ЖОҚ»

- Бүгінгі күні қанша ұңғыма бұрғыланды және іске қосылды?

- Біз мұнай өндіруді А аралынан бастадық, ол жерде сегіз ұңғыма бар. Оның жетеуі пайдалану режимінде тұр. Үш күн бұрын біз D аралында мұнай өндіруді бастадық. Бұл бүкіл мұнай мен газ жиналып, «Болашаққа» жіберілетін негізгі арал. Бізде D аралында 12 ұңғыма бар. Қазір олардың ішіндегі екі ұңғымадан өндірілуде. Олар бір-бірден енгізіледі, әрқайсысын іске қосу үшін бір айдай уақыт кетеді. Барлығы 1-кезеңде жоспарланған 40 ұңғыманы бұрғыладық. Бастапқыда оларды өндіруші ретінде салды, бірақ, енді олардың бір бөлігі газды жер қабатына айдау үшін жұмыс жасайтын болады. 

- Қаңтарда Қазақстан ОПЕК талаптарының аясында тәулігіне 20 мың тоннаға мұнай өндіруді төмендетті. Бұл жылына 7,3 млн тонна. Ал ОПЕК консорциумның басқа мүшелеріне осындай талап қойды ма?

- Айтарым, бүгінгі күні өндіруді төмендету жөнінде бізге өтініш түскен жоқ.

- Жобаға қанша персонал жұмылдырылған және бүгінде қаншасы жұмыстан босатылды?

- Жобаның қызған шағында 42 мыңдай адам жұмыс жасады. Негізінен жергілікті кадрлар болды және олар құрылыста жұмыс жасады. Мұнай өндіруге ауысқаннан кейін (құрылыс кезеңі аяқталғанда) олардың саны едәуір азайды. Бүгінде бізде 15 мыңдай адам жұмыс жасайды. Шетелдіктердің көпшілігі кетіп қалды. Қазіргі кезде біз адамдарды қабылдауды да, жұмыстан босатуды да жоспарлап отырған жоқпыз, персоналды тұрақтандыруға тырысудамыз.

- Сіздің болжамыңыз бойынша толықтай жоба қуаттылығына қашан шығасыздар? 

- Біздің жоспарымыз – бірінші жылдың аяғында бірінші кезеңнің жобалық қуаттылығына шығу. Бұл цифр 370 мың тонна. Егер сіз 450 мың тонна көлем туралы айтып отырсаңыз – бұл екінші жобаның бір бөлігі.

- Қашаған мұнайы қайда кетеді?

- Ықтимал үш жол бар: КТК арқылы Новороссийскіге, Өзен-Атырау-Самара құбыр желісі арқылы (ол жерден «Транснефть» жүйесіне кіреміз) және шығыс бағытта Атырау-Алашанькоуға шығу.

- Әңгімеміздің соңында сұрақ қойғым кеп отыр: Қашаған мұнайының өзіндік құны оның табыстылығынан асып, сол кезде инвесторларға осынау өте қымбат жобаны жабуға тура келуі ықтимал ма?

– Бұл өте жақсы сұрақ. Бұл сұрақты мен өзіме де қоям. Ертең мұнай бағасының қалай болатынын ешкім де білмейді. Мәселен, мұнай дағдарысына байланысты бір кездері Америкада табысты болған кеніштер жабылып қалды. Өйткені, өндірудің өзіндік құны шекті рұқсат етілген деңгейден асып кетті. Дүние жүзінде ешкім де мұндай тәуекелден сақтандырылмаған. Соның ішінде, біз де. Сондықтан біз ағымдағы шығындарымызды төмендетіп, мұны болдырмау үшін бәрін жасаймыз. Сеніңіз, тырысып жатырмыз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА


16 ақпан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.