Атырау, 25 сәуір 12:18
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Әкімдер есебі: Қызылқоға, Құрманғазы, Исатай

4 144 просмотра


Аудан әкімдерінің есеп беру жиындары жалғасуда.

 

ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫ

Аудан әкімі Мақсот МҰҚАНОВ өзекті мәселеден бастады. Ауданда өткен жылы пастереллезден 600-ге жуық қой өлім-жітімге ұшыраған. Және бруцеллез ауруы жойылмай отыр.    

- Дегенмен, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында өнім өндіруде алға жылжушылық бар, - дейді М. Мұқанов. – Былтыр аудан бойынша 11 616,4 тонна ет, 13 243,7 литр сүт, 329 дана жұмыртқа  өндірілді. Жалпы мал шаруашылығы иелеріне 153 млн теңгеге жуық субсидия төленді. Ауданда бір мал сою пункті және үш мал сою алаңы тұрақты жұмыс жасауда.

2016 жылдың қорытындысымен бюджеттік салықтар және басқа да міндетті төлемдер 1 млрд 149,3 млн теңгеге жеткен. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 110 пайызға өскен.

Бұдан бөлек, былтыр жергілікті бюджетке 1,1 млрд теңге түсім түскен. Сондай-ақ, 14 шаруа қожалығына барлығы 83 450 га жер телімі жалға берілген.

Былтыр аудан бойынша жұмыссыздар қатарында есепте тұрған 1 348 адамның 905-і жұмысқа орналастырылған. 630 бала дүниеге келген, бір жасқа дейінгі сегіз сәби шетінеген.     

 

ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫ

Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз ШАЯХМЕТОВТЫҢ есеп беру жиынына дейін ауданда облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ қатысуымен көшпелі кеңес өтті. Онда балық шаруашылығын дамытудың тың әдістері ұсынылды.

- Атыраулық балықты ресейлік кәсіпкерлер балық сатып алып, терең өңдеп сатып отыр. Мұны біз неге жасай алмаймыз? Экономиканы әртараптандыра отырып, экспортқа терең өңделген өнімді шығаруға ден қоюымыз керек, - деді Ноғаев.

Әкімнің айтуынша, бұл тұста түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Әйтсе де, түптің түбінде кәсіпкер үшін де, қарапайым тұрғындар үшін де орасан зор пайда болары сөзсіз. Бүгінде облыс бойынша балық аулап сатумен айналысатын 20-ға жуық мекеме бар. Олар өндірілген өнімнің 90 пайызға жуығын Ресейге, Украина, Германия, Франция елдеріне сатылғанымен, оның көбі өңделмеген күйде кетіп жатыр. Айта кету керек, «Каспий-Балық» пен «Амангелді» өндірістік кооперативтері өнімді өңдеп сатумен айналысады. «Каспий-Балық» ӨК қалдықсыз жұмыс жасап, балық қалдығынан ұн жасап, оны мал азығы ретінде пайдалануда.

Жергілікті балықшылар балық шаруашылығын дамытуға кедергі болып отырған мәселелердің бірін атады. Олар аулаған балықтарды зертханалық тексеруден өткізу үшін уақыттарын кетіріп, Атыраудағы ветеринариялық-санитариялық зертханаға апаруға мәжбүр. Балықшылар облыс әкімінен анализ жасайтын осындай зертхананы кеңейтуді сұрады. Облыс әкімі өз орынбасарына ауданнан зертхана ашуды қамтамасыз етуді тапсырды.   

Құрманғазы ауданынының әкімі Бибоз Шаяхметовтың ақпараты бойынша, 2016 жылы ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 11 млрд 294,8 млн теңге. Фермерлік қожалықтар 11 645,5 тонна ет, 11 571,1 тонна сүт, 145 200 дана жұмыртқа өндірді.

Мүйізді ірі қара 51 155, қой мен ешкі 176 612, жылқы 18 659, түйе 4 828, құс 3 126-ге  жеткізілген.

Есеп беру жиынында сондай-ақ, аудандағы өзендер мен өзекшелердегі судың таяздығы да сөз болды. Осы себептен, балық азайып отыр. Бұл сұраққа облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жауап берді:

- Су түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталып жатыр. Құжаттар наурызда әзір болуы тиіс. Жұмыстар мамырда басталатын болады. Кудряшовтағы ММС мекемесін жандандырып, мемлекеттің қарауына алып, өзендерді тереңдетуді өз күштеріңізбен неге жүргізбейсіздер деген сауалдар туындады. Былтыр премьер-министр келгенде, бұл жұмысқа қаражат бөлуге уәдесін берді және облыстық бюджеттен де ақша бөлеміз деп шештік. Бірақ, біз ММС мекемесін өз балансымызға ала алмаймыз. Себебі, ол бәскелестік ортаға берілетін қызмет түрі. Атыраудан, Ресейден бірнеше компаниялар, өздеріңіздегі «Арна» АҚ тендерге қатысуға ұсыныс беріп жатыр. Сіздерді бұл жұмыстардың менің бақылауымда болатынына сендіргім келеді. Оған қазіргі таңда бізде де қаражат бар.

Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындар жағалауды бекіту мәселесі,  балалар туризмін дамытуға арналған ғимараттың құрылысы, Ш.Уәлиханов орта мектебінің құрылысын тездету, Дәшін ауылында мәдениет үйінің жоқтығы, жүзбелі көпір мәселесін көтерді.

 

ИСАТАЙ АУДАНЫ

Исатай ауданының әкімі Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВТЫҢ өткен жылдың есебінде мұнай бағасының тұрақсыздығына қарамастан ауданда өндірілген мұнай көлемінің 2015 жылмен салыстырғанда еш өзгермегенін айтты.

Ауданда өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 134 млрд 214 млн теңгені құрады. Мұнай өндірісі саласында 1 217, 5 мың тонна мұнай, 42 млн текше метр ілеспе газ өндірілген.

- Мұнай өндіру көлемі 2015 жылмен деңгейлес сақталған. «Жайықмұнайгаз» МГӨ басқармасы бойынша жаңадан 18 ұңғы іске қосылып, бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Ал іске қосылған құны 1,4 млрд теңгені құрайтын «Кен орындарында газды дайындау мен тасымалдауды кеңейту» жобасы бойынша өндірілген газ Исатай, Зинеден, Аққыстау ауылдарына жеткізіледі, - деді  Т. Сұлтанбеков. - Манаш учаскесінде «ВетроЭнергоТехнологии» ЖШС-і қуаты 13 140 кВт, құны 12,3 млрд теңге тұратын желілік жел қондырғылардың құрылысын бастады. Және «КҚК» АҚ-тың тапсырмасымен салынып жатқан мұнай айдау станциясының құрылысы биыл пайдаланылуға беріледі деп күтілуде.

Жел электр станциясының құрылысы 2016 жылдың шілдесінде басталған. Оны 2020 жылдың қарашасында пайдалануға береді. Бұл жел электр станциясы бүкіл облыс бойынша қуат тапшылығының орнын толтырады деп күтілуде.

2016 жылы ірі қара малдың өсімі байқалған. Ет, сүт өндіруде ілгерілеушілік бар. Шаруа қожалықтары ірі сабақты мал азығын дайындағаны үшін 23,4 млн теңге субсидия, «Құлан» бағдарламасы бойынша жылқы өсіруден 78,9 млн теңге несие алған. Нарын, Бақсай каналдарын сумен толтыру үшін 40,8 млн теңге қаржы игерілген. Өткен жылы ауданда нодулярлы дерматит жұқтырған 108 ірі қара өлген. Бюджет есебінен мал иелеріне 17 млн теңге өтемақы төленген. Ауданда шағын және орта бизнес дамуда. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 9 жобаға 24 млн несие, бір жобаға мемлекеттік грант берілген. «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша 10 жобаға 98 млн теңге несие берілген. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында құм ортасында орналасқан Қызыл үй мен Жасқайрат елді мекендеріне су құбырын тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаты жасақталды. Қызыл үйдегі 80 орындық мектеп құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.

Аудандық ветеринария стансаның басшысы, аудандық мәслихат депутаты Аманжол РАХМЕТОВ нодулярлы дерматиттің шығуына байланысты шаруа қожалықтарына ірі қараға тиесілі субсидия берілмегенін айтады.

- Мал шаруашылығы дамыған Қызыл үй елді мекеніне ерекше көңіл бөлініп жатқаны тұрғындарды қуантып отыр. Осы елді мекенге инфрақұрылым тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаты жасақталды, - дейді Рахметов.

Бұдан соң ол Томан елді мекеніне су, газ жүйелері тартылғанымен, ескі мектеп пен клубтың жағдайы сын көтермейтінін айтып өтті. Сондай-ақ, Томанда жол мен  балабақша мәселесі өзекті.  

Аққыстау ауылының тұрғыны Нұралы ҚҰТТЫҒҰЛОВ өткен жылы үздіксіз жауған жаңбырдың салдарынан 250-дей үйдің суға кеткенін, бірақ ауданда төтенше жағдайдың жарияланбағанын айтты. Сондай-ақ, тұрғындарды ауылдарда букмекерлік кеңселердің көбеюі мазалап отыр. Бүгінде Тұщықұдық ауылының өзінде сондай бес клуб жұмыс істейді екен.

Сөзін қорытындылай келе Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков былай деді:

- Қоғамдық пікірлерді зерделеу үнемі назарымызда болады. Ауданымыз Каспий теңізінің етегінде орналасқандықтан туризм көп пайда әкелері сөзсіз. Ол үшін инвесторлар тарту қажет. Бүгінде теңіз жағасына инфрақұрылым тарту туралы ұсынысымызды облысқа жібердік.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

 

6 ақпан 2017, 23:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.