Атырау, 20 сәуір 17:49
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Ауғанстанда Атыраудағы терактілерді басты ұйымдастырушы ұсталды

3 350 просмотра

Лаңкестік үшін іздестіріліп жатқан Атырау облысы тұрғындарының тізімі. Фото: «Азаттық радиосы»

Ауғанстанда 2011 жылы Атырау қаласындағы терактілерді ұйымдастырғаны үшін Қазақстанның арнайы қызметтері іздестіріп жатқан Атырау облысының тұрғыны ұсталды.

Бұдан бұрын afghannews.com.af  басылымы елдің солтүстігінде Сари-Пуль провинциясында ауғандық полиция күштері екі лаңкестің - Қазақстан мен Түркіменстан тумаларының қамауға алынғаны туралы хабарлаған еді. Олар Саяд ауданындағы Кафлатун деген жерде өткізілген түнгі операция барысында ұсталған. Оларды ұстау кезінде «Талибан» қозғалысының төрт содыры өлтірілген. Ауған билігі ұсталғандардың екеуінің аты-жөні Демир Зенлиев (Demir Zenliyov) пен Абдул Матин (Abdul Mateen) деп атады. Олар өздерін Қазақстан мен Түркіменстанның азаматтарымыз деп мойындаған. Басылым олардың жанкешті лаңкестерді даярлаумен айналысқанын және миналы-жарылғыш істер бойынша сарапшылар болғанын растайды.  

Ауғанстанда ұсталған содырлар. Фото: afghannews.com.af

Шынымен де, ұсталушылардың бірі (суретте оң жақта) қазақ, Атырау тұрғыны Дамир ЗНАЛИЕВ болып табылады.

Оны қазақстандық құқыққорғау органдары Ауғанстанда тәліптердің жағында соғысушы «Джунд-аль-Халифат» («Халифат сарбаздары») террористік тобындағы бригадалардың бірінің жетекшісі деп атады.

Зналиев туралы оның 1989 жылы Атырауда дүниеге келгені, Авангард ықшам ауданында тұрғаны белгілі. Шамамен 2008 жылы басқа атыраулықтармен бірге тәліптер жағында әскери іс-қимылдарға қатысу үшін Ауғанстанмен шекаралас жатқан Солтүстік Уәзірстан (Пәкістан) аумағына кетіп қалған болатын. Біраз уақыттан кейін оларға әйелдері мен балаларының қосылғаны белгілі.

Қазақстанның сұранысы бойынша бүкіл атыраулық «интернационалист сарбаздарға» Интерпол  желісі бойынша халықаралық іздеу жарияланды.

2011 жылдың 31 қазанында Атырауда лаңкестік терактілері орын алды. Облыстық әкімдік пен облыстық прокуратура ғимаратының жанында қолдан жасалған бомбалар жарылды. Бомба жарылған кезде бомба тасыған лаңкестің бірі қаза болды. Лаңкестікті тергеу барысында  скайп бойынша оларға теракт жасауға Зналиевтің нұсқау бергендігі анықталды. Ол Атырау облысындағы террористік құпия әрекеттерге шетелде отырып басшылық еткен.

Қазіргі кезде Қазақстанның құзырлы органдарымен бірге Зналиев Дамирді Қазақстанға экстрадициялау мәселесі талқылануда. Тарихи отанында оған лаңкестік үшін ғұмырын абақтыда өтеу жазасы күтіп тұр.

Азамат МАЙТАНОВ

27 қаңтар 2017, 19:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.