Атырау, 29 наурыз 15:58
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Науқастардың қалтасын қағуға үйреткен бас дәрігер қызметінен босатылды

2 834 просмотра

Алматы қалалық №7 клиникалық аурухананың бас дәрігері Әнуар Аманов (суретте) қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасындағылар комиссия атқарған жұмыстың қорытындысына қатысты ресми мәліметті айтты.

"Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының 2017 жылғы 27 қаңтардағы бұйрығымен қалалық №7 клиникалық аурухананың бас дәрігері Ә.Т.Аманов қызметінен босатылды. Бас дәрігердің міндетін енді аурухана басшысының орынбасары Ж.С. Шерияздан атқарады", - деді Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Жадыра Шерияздан Алматыдағы мемлекеттік медициналық институтын дәрігерлік емдеу ісі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын интернатура мен резидентура кафедрасының көмекшісі қызметінен бастаған. 2013 жылы қалалық №7 клиникалық аурухананың гематология бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған. Ал 2015 жылдан бері клиникада бас дәрігердің орынбасары болып жұмыс істеген.

"Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен құрылған комиссия видеожазбаның 2015 жылы №4 қалалық клиникалық ауруханасының жұмыс жиынында түсірілгенін анықтады. Жиынды аурухананың бұрынғы бас дәрігері А.Т.Аманов өткізген. Ол 2016 жылы ротация аясында №7 қалалық ауруханаға ауыстырылған", - деп растады басқарма өкілдері.

Еске салайық, WhatsApp мессенджерінде және Facebook әлеуметтік желісінде медициналық жұмысшылардың медициналық мекемелердің бірінде өткізген жиыны түсірілген видео пайда болған еді. Онда медициналық мекеменің бас дәрігері әдеп нормасын бұзып, "медициналық жұмысшының атына кір келтіретін әрекет жасаған".

"Ендігіде медициналық жұмысшылар мұндай ережебұзушылық жағдайларын жасамауы үшін қалалық медициналық ұйымдарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Денсаулық сақтау басқармасында құрылған комиссия №7 қалалық аурухананың қызметіне тексеріс жүргізуді жалғастырып жатыр", - делінген хабарламада.

Дереккөз: Tengrinews.kz

27 қаңтар 2017, 15:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.