Атырау, 20 сәуір 02:24
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Қызылқоғада бруцеллез неге жойылмай тұр?

3 246 просмотра

Қызылқоға ауданында бруцеллез індеті жойылмай тұр. Жергілікті билік себебін анықтап, бруцеллездан құтылу жолының бар-жоғын анықтауға тырысуда.

САНДАР СӨЙЛЕСІН

Соңғы 15 жылда ауданда ірі қара малдың арасында бруцеллезге шалдығу фактілері жиілеп кеткен болатын. Аудандық ветеринария бөлімінің мәліметінше, соңғы үш жылда бруцеллезге шалдыққан мал саны бір кеміген емес. Мысалы, 2014 жылы 355 бас мал ауырса, соңғы екі жылда 800 бас мал ауырған. Індет әсіресе, Ойыл, Көздіқара, Жанкелдин, Тайсойған ауылдық округтерінде кеңінен тараған. Ал Мұқыр ауылдық округінде 2014 жылы үш бас мал ауырса, 2015 жылы 62, 2016 жылы 66 ірі қара ауруға шалдыққан. Түйе арасында аурушаңдық деңгейі көп болмағанымен, қой-ешкі арасында өсіп кеткен. 2014 жылы 1 844, 2015 жылы 1 866, 2016 жылы 2 697 бас қой-ешкіден бруцеллезге оң нәтиже берушілік орын алды. Әсіресе, Ойыл ауылдық округінде 2014 жылы 102, 2016 жылы 902 бас мал бруцеллезбен ауырған. Тайсойған ауылдық округі де бұдан қалыспайды, 2014 жылы 183 мал ауырса, 2016 жылы 507 мал ауырған.

Енді адамдар арасында ауру жұқтыру фактілеріне тоқталсақ. 2016 жылы аудан бойынша 31 адам бруцеллез жұқтырған, соның ішінде Миялыдан - 8, Ойылдан - 10, Көздіқарадан - 5, Жамбылдан - 4, Тайсойғаннан - 2, Жанкелдин мен Тасшағылдан бір-бір адамнан бар.

АУРУ МАЛ ҚАЛАЙ ЖОЙЫЛАДЫ?

Ауру малды жою жөніндегі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаулылары сан өзгеріске ұшырады. ҚР үкіметінің 2003 жылғы 14 сәуірдегі №407 қаулысына сай, 2014 жылы аудандағы 1 844 бас қой-ешкі өртелген болатын. Мал иелері бұған қарсы болатын. Кейін олар көзі жойылған ауру мал үшін өтемақы алды.

ҚР АШМ бұйрығына сәйкес, 2015 жылдан бастап ауру жұқтырған қой-ешкі мал сою цехтарына жіберілді. Одан шұжық дайындалады. Ал мал иелеріне көзі жойылған малдың орнына төленетін өтемақының 50 пайызын мал сою цехы, ал қалған жартысын жергілікті бюджет төлейді. Өткен жылдың өзінде қой-ешкі үшін жергілікті бюджеттен 29 млн теңге төленген. Ал ауруға шалдыққан ірі қара малы мал сою цехында сойылып, иесіне қайтарылып беріледі. Оны өзі тұтына ма, жоқ, базарға апарып сата ма, өзі таңдау жасайды.

- Біз осы салада жұмыс істегенімізбен, түсінбейтін жеріміз көп. Мәселен, ауру мал бөлектенеді, бөлек жайылады, оқшауланады. Себебі, бірнеше рет малдан қан алынғанда ауру білініп, олар мал сою цехтарына жіберілді. Сол оқшауланған малдан екінші, тіпті, үшінші рет қан алғанда ауру мал шығады. Неге олай? Мамандар мал әлсірегенде ауру байқалып жатады, дейді. Ал бұған күмәнім бар. Голландияға барғанымда бұл ауру тіптен жоқ екен. Себебі, вакцина мал ауырмай тұрып алдын ала егіледі екен, - дейді «Назгүлім» ШҚ басшысы Мәрзия ӘБІШЕВА.

ҚАТАҢ РЕЖИМ ҚАЖЕТ

Сонымен, мыңдаған мал дерттің құрбаны болуда. Аула-қораларды дезинфекциялаудан бөлек, шектеу мен оқшауландыру жұмыстары нәтиже бермей отыр. Шектеу қойылған ауылдарда ауру жұқтыру фактілері қайталануда. Өткен жылы ауру ошағы саналған Мұқыр ауылдық округіне қарасты «Талқұдық» қыстағына, «Бекасыл» ШҚ шектеу қойылды. Бірақ, мұнда да сол, мал ауруы жойылмай отыр.

- Ереже қатаң сақталып отырған жоқ. Ауру мал шыққан жерге карантин жариялап, түгел жабу керек. Мал бірге жайылады, содан ауру бір-біріне жұғады. Себебі, жайылысы мен суаты бір жерде ғой, - дейді фермерлердің бірі.

Ал аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай ЛАТИЕВ қой-ешкі малдары арасындағы бруцеллез өршуінің бірден-бір себебі, есептегі малдың толық тексерілмеуі екенін айтады.

– Бруцеллездің алдын алу үшін мал басы 7-8 рет тексерілуі тиіс, - дейді С.Латиев. - Бұл тексерулерді жүргізу әзірге тек шектеу белгіленген жағдайда мүмкін болып отыр. Жеке тұрғындар, шаруа қожалықтары қыс айларында іш тастаған малдарын ветеринар мамандарға уақытында айтпай жасырады, мұны тек мал анықталғанда ғана мойындап жатады. Осы себепті, ауру малға уақытында диагноз қойылмайды, шектеу белгіленбейді. Сонымен бірге, жеке тұрғындардың, шаруа қожалықтарының ауданнан тыс жерден немесе ауру асқынып тұрған округтерден алған ешқандай құжатсыз әкелген малдарын (мәселен, аталық қошқарлар) мамандарға хабарлап, дер кезінде есепке қоймайды, ешқандай тексерусіз, екпеден өткізбей тұрып, малдарын жан-жаққа қосып жібереді. Оның үстіне округтер бір-біріне жақын орналасқан. Осының барлығы аурудың таралуына себепші болып отыр.

ІНДЕТТЕН ҚҰТЫЛУДЫҢ ЖОЛЫ БАР МА?

Қызылқоға ауданының прокуроры Бахтияр ТОҒЫЗБАЕВТЫҢ айтуынша, ветеринария саласында заңбұзушылықтар жойылмай отыр.

- Мәселен, өткен жылы Ойыл ауылдық округіндегі ветеринариялық пункттің мамандары малдан қан алу кезінде «Жасқайрат» ЖШС-нің шопандары серіктестікке тиесілі қойларды жеке тұрғындардың ірі қара малымен біріктіріп баққаны анықталды. Сонымен қатар, ЖШС-нің қарамағындағы 4 851 қойдың 3 181-нен қан алынбағаны белгілі болды, - дейді аудан прокуроры Б. Тоғызбаев. - Сөйтіп, заңбұзушылыққа жол берген ЖШС шопандарына 10 АЕК көлемінде айыппұл салынып, Ойыл ауылдық округінің ветеринариялық пункт меңгерушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған ескерту берілді.

Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот МҰҚАНОВТЫҢ пікірінше, індеттен құтылудың бір ғана жолы бар, ол малдарға қарсы вакцина егу.

- Ал бруцеллезге қарсы вакцина, өкінішке орай, бізде жоқ, - дейді әкім.

Айта кетейік, бруцеллезге қарсы вакцина елімізде «Антиген» ЖШС және «ВИТО СТ» ЖШС-терінің зертханаларында жасалады. Бұрын мұндай вакцина елімізде 2007 жылға дейін мал өсірушілерді бруцеллезге қарсы вакцинамен мемлекет қамтамасыз ететін. Қазір шаруалар оны өздері сатып алады. Вакцинаның 1 мл/дозасы 25 теңге тұрады. Бір малға салынатын екпенің дозасы - 2 мл.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

19 қаңтар 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.