Атырау, 24 сәуір 18:08
 ашықВ Атырау +13
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

ММА федерациясы үшін табысты жыл

2 993 просмотра

Атырау облысының ММА (аралас жекпе-жек) федерациясы 2016 жылға қорытынды жасады.

ММА – Қазақстанда кеңінен дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Бұл жекпе-жек ешқандай ережесіз жүргізіледі десек, қателескен болар едік. Спорттың басқа кез келген түрі секілді ММА-ның да өзінің нақты ережесі мен қауіпсіздік техникасы бар. Ресми статискаға жүгінсек, бүгінгі таңда Қазақстанда спортшылардың жарақат алып, зардап шеккендігі туралы бірде-бір оқиға тіркелмеген. ММА федерациясы өз жұмысын 2013 жылы бастады. Оны Қазақстанға танымал спортшылар – ҚР ММА бойынша төрешілер алқасының мүшесі, ММА бойынша халықаралық санаттағы төреші Манап Қабдиев және жауынгерлік самбодан (кәсіби нұсқа) әлем чемпионатының күміс жүлдегері, грек-рим күресі, карате, джиу-джитсу және жауынгерлік самбодан ҚР чемпионы Бауыржан Берғали басқарды.

М.Қабдиев 2016 жылы әлем және Макао (Қытай) мен Оңтүстік Кореяда ММА бойынша Азия чемпионаттарында төреші болды. Онда ол төрешілер алқасы мен спортшылардың жоғары бағасын алды.

«Өткен жылы біздің тату-тәтті командамыз бірнеше ірі турнирлерді табысты өткізді: «Ембімұнайгаз» АҚ жүлдесі үшін халықаралық турнир, Батыс Қазақстан ашық кубогі (жалпы командалық есеп бойынша 1-ші орын жеңіп алды), облыс чемпионаттарын табысты өткізді, - дейді федерацияның вице-президенті Болат Бащжанов.

- Осы үш турнирдің жеңімпазы Исатай Теміров ММА бойынша ҚР спорт шебері атағын алды. Сондай-ақ, ҚР спорт шебері, панкратион бойынша әлем чемпионы, «Ембімұнайгаз» АҚ жүлдесі үшін ММА бойынша өткен халықаралық турнирдің және Ақтауда болған NFC-4 ММА халықаралық турнирінің жеңімпазы Самат Жағыпаровтың да есімін айта кеткен жөн.

Өсіп келе жатқан жас спортшы оғландар өздерін қазірден-ақ облыстық және республикалық жарыстарда көрсетіп жүр. Федерация спортшылары өз шеберліктерін үнемі шыңдап отырады. 2016 жылы олар Дағыстандағы «FightingEagles» спорт клубында және Пхукет (Таиланд) қаласындағы танымал «TigerMuaiThai» жаттығу лагерінде оқу-жаттығу жиынын өткізді.

«Облыс федерациясында жаттығу үшін барлық жағдайлар жасалған. қазіргі заманғы нормаларға сәйкес жеке спорт залы бар федерациялар облыста жоқтың қасы. Бүгінгі күні біздің спорт залдарымызға ММА спортшыларының басым көпшілігі жиналады. Оның құрылысына М.Қабдиев, Б.Берғалидың жеке қаржылары, облыстық ММА федерациясының спортшылары мен достарының барлық күш-жігерлері жұмсалды. Спорт зал 1-ші участоктегі Б.Берғали үйінің ауласында салынды. 2017 жылдың жоспары бойынша ақпан айында Қарағандыда наурызда өтетін ҚР чемпионатына іріктеу бойынша облыс чемпионаты өткізілмек. Сондай-ақ, Атырауда ММА бойынша екі не үш турнир өткізу көзделіп отыр. Алдағы уақытта ержүректер клубын ашпақ ойымыз да бар», - деді Б.Бащжанов

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

12 қаңтар 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.