Атырау, 20 сәуір 21:26
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Қазақстанда уақытша тіркеуге қарсы петиция жарияланған сайт бұғатталды

2 698 просмотра

Қазақстандықтар уақытша тіркеуге қатысты жаңа ережелерге қарсы қол жинай бастады. Жақында Avaaz.org сайтында азаматтардың осыған қатысты үндеуі жарияланған еді,- деп хабарлады Baq.kz.

Алайда кеше Қазақстан аумағынан ол сайтқа кіру мүмкін болмай қалды. Аталған петиция Қазақстан парламентінің депутаттарына жолданған және алты мыңнан астам қол жинап үлгерген еді.


«2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген заңға сәйкес, азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша 1 ай ішінде тіркелуі тиіс. Жаңа талапты орындамаған азаматтарға 16 мың теңге айыппұл салынады. Заңның бұл нормасы азаматтардың еркін жүріп-тұруын шектейді деп санаймыз. Сондай-ақ бұл Қазақстан ратифициялаған БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтары туралы халықаралық пактісін өрескел бұзу болып табылады. Елімізде жүз мыңдаған азаматтың көшіп-қонып жүретінін ескерсек, бұл заң оларға үлкен зиянын тигізеді. Тұрғылықты жері бойынша дер кезінде тіркелуге бәрінің бірдей мүмкіндігі бола бермейді. Дамыған мемлекеттің ешбірінде мұндай заң жоқ. АҚШ, Германия, Италия, Испания және Швецияда және басқа елдерде де мұндай талап жоқ. Азаматтар өз елінде еркін жүріп-тұра алады және бұл үшін тіркелуі міндет емес. Керісінше, басқа елге уақытша келген шетелдіктер тіркелуі тиіс. Неге біз, Қазақстан азаматтары, өз елімізде тіркелуге тиіспіз? Өз азаматтарымызды әуре-сарсаңға салудың қажеті қанша?

2017 жылдан бастап 48 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады. Тіпті кейбір мемлекеттердің азаматтарына елімізде 3 айға дейін болу мүмкіндігі беріліп отыр. Осыдан кейін қазақстандықтарды 1 ай ішінде тіркелуге міндеттеу ақылға сыймайтын талап секілді көрінеді. Қазақстан шетелдіктердің елге кіруіне жағдай жасап жатыр, ал өз азаматтарына керісінше кедергі келтіруде. Мұның себебі неде? Логика қайда?

Оның үстіне, полицейлер заңды бұзған азаматтарды қалай іздемек? Әр пәтердің есігін қағып, әр үйге кіріп жүре ме? Бұл жұмыс үшін полиция қызметкерлері жеткілікті ме? Тіркеусіз жүрген азаматтарды іздеуден басқа олардың басқа міндеттері құрып қалып па?

Тағы бір мәселе, полиция қызметкері азаматтың қалаға қашан келгенін, қашаннан бері тіркеусіз тұрып жатқанын қалай анықтайды? Жер үй салып, алайда мүлкін заңдастырып үлгермеген азаматтардың жайы не болмақ? Баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұратындардың халі не болады? Біздің елімізде үйсіз-күйсіз, пәтер жалдаған азаматтар жетіп артылады емес пе. Полицейлер олардың бәрін ұстап, айыппұл салмақшы ма?!

Заңның бұл нормасы террористер мен қылмыскерлерді ұстауға ешқандай септігін тигізбейді. Террорист тіркелмейді немесе айыппұл төлемейді. Бұл жаңашылдық қылмыскерлерді анықтауға еш көмектеспейді. Керісінше, түрлі себеппен өз үйлерін тастап, басқа қалаға көшіп, онда уақытша тұрып жатқан миллиондаған адамға кесірін тигізеді. Жаппай айыпұл қоғамда дау туғызып, жағдайды ушықтырады. Осыған байланысты біз, Қазақстан азаматтары, заңның бұл талабын алып тастауды өтінеміз», - деп жазылған үндеу мәтінінде.

Дереккөз: Baq.kz

9 қаңтар 2017, 09:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.