Атырау, 28 наурыз 22:04
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

2016 жылы «Ақ Жайық» не туралы жазды?

4 796 просмотра

Қаңтар. 2015 жылдың 13 сәуірінде Теңіздегі 0130 КТЛ алауында шикі газды өртегені үшін ТШО-дан 125 миллион теңге мөлшерінде экологиялық айыппұл өндіріліп алынды. Құтқарушылар қуатты «Трэкол» көлігімен боранды далаға абайламай қарапайым көлікпен шыққан облыс тұрғындарын қар күртігінен құтқарып алды.

Тек 1-2 қаңтарда 82 адам құтқарылды. 7 қаңтарда облыс орталығынан 360 тоннадан астам қар шығарылды. «АЖ»-да неліктен екені белгісіз құрылыс барысында әрқайсысының алаңы 250 шаршы метр болатын элиталы 12 пәтерлік тұрғын үйге айналған жаңа ІІД ғимараты туралы және бір жарым миллиондай долларға ІІД сатып алған су полициясына арналған итальяндық «суперкатер» туралы алғашқы жарияланым жарық көрді.

Атырауда өткен жылдың жазында филиалдан жетіспейтін 26 тонна жанар-жағармайды анықтаған астаналық тексерушіні ұрлаған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының қатардағы екі қызметкеріне үкім шығарылды. Ұрлаушылар оны қала сыртына шығарып, өлтіреміз деп қорқытып, тексеру материалдары салынған папкасын тартып алған. Екеуі де үш жарым жылға жаза алды, бірақ, оларға бұйрық берген кім?

Ақпан. Батыс өңірінің әскери прокуроры Атырау гарнизонының әскери қызметкерлері алдында «Біз іс жүзінде дедовщинаны» түбегейлі жойдық, деп сөз сөйледі.

Қалалық әкімдік 2012 жылы инженерлік коммуникацияның жоқтығы салдарынан тоқтатылған жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беруді жалғастырды. Жыл аяғына дейін жерді 1998-2003 жыл аралығында өтініш берген кезекке тұрушылар алуы тиіс. Барлығы 69 мың қала тұрғындары кезекте тұр.

«Бергей Рысқалиевтың ҰҚТ» туралы ісінің басты фигуранттарының бірі – Олег Павличенкоға үкім шығарылды. Ол мүлкін тәркілеумен қатар, 15 жылға сотталды. Павличенко ұсталып, Атырауға әкелінгенге дейін ұзақ уақыт бойына Ресейде жасырынғандықтан, үкім кеш шықты. Қылмыстық қауымдастықта ол ұрланған бюджет қаржыларының «ізін жасырумен» айналысқан.

Облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов кеңесте «Сарайшық» коммуналдық базарында «алыпсатарлық бағамен» ет сатылатынын мәлімдегеннен кейін базар директоры сөрелерге өз баға көрсеткіштерін қойды, ал келіспеген саудагерлерді қуып жіберді. Нұрсаяда «2020 жылға дейін өңірлік даму бағдарламасы» аясында көппәтерлі 11 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Облыс орталығы тұрғындарының саны 2015 жылдың аяғында 301 мыңды құрайды деп мәлімделді (2014 жылдың аяғында 291 мың болатын).

Жайықта мұз ойылып, Құрманғазы поселкесінің 50 жастағы балықшысы суға батып кетті. Бұл жыл басынан бергі алғашқы жағдай. Алайда, бұл соңғы оқиға емес, жазда және күзде өзенде тағы бірнеше кісі өлімі орын алды.

Наурыз. Атырауда «Ренессанс» қонақ үйінің алдында Фариза Оңғарсынованың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Сот «Атырау Жарық» АҚ-нан 2014 жылы электр қосалқы станциясының аумағынан тоқ соққаннан кейін екі қолынан айырылған 12 жастағы баланың пайдасына 17 миллионнан астам теңге өндіріп алды. «Ақ Жайық» газеті өзінің 25 жылдығын атап өтті. Бұл біз бен сіздің ортақ мерекеміз, құрметті оқырмандар.

Бір тәуліктей уақытқа созылған жауыннан кейін облыс орталығында жеке сектордағы көптеген үйлер суға кетті. Құлсары мен Мақатта да осындай жағдай орын алды. Ресми мәліметтер бойынша, Атырау облысында Мәжіліске және жергілікті мәслихаттар сайлауына бару 85,37%-ды құрады: біздегі дауыс беруші қандай белсенді десеңізші!

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов Атырау облысының жаңа әкімін - бұрын Батыс Қазақстан облысын басқарған Нұрлан Ноғаевты таныстырды.

Атырау қалалық ІІБ бұрынғы полиция лейтенанты Манарбек Өтеуовтің ісіне қатысты сот процесі басталды. Ол Өзбекстан азаматы Дмитрий Кимді пайдакүнемдік мақсатта қатыгездікпен өлтірді деп айыпталуда. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде Өтеуовтің резонансты хаты жарияланды. Онда ол марқұмның туыстарының алдында өкініш білдіріп, бұрынғы басшылығын көптеген қылмыстар жасады деп айыптайды. Бас прокуратура хатта баяндалған фактілер бойынша тексеруді бастады. Атырау облысындағы бұрыннан келе жатқан үкіметтік емес ұйымдардың бірі – экологиялық «Каспий Табиғаты» ҚБ өз қызметінің аяқталғаны туралы мәлімдеді. Баспасөз конференциясында себебі айтылды: «Бізде қоғамдық ұйымдарға арналған жаңа заңның «құбыжық» нормаларын орындауға, айыппұлдар төлеп, бізді қашан таратып жібереді деп күтуге құлқымыз да, мүмкіндігіміз де жоқ».

Атыраулық Альмира Ахатова «Қазақ аруы - 2016» республикалық сұлулық байқауында жеңімпаз атанды.

Сәуір. «Алқымнан алу»: облыстың жаңа әкімі Ноғаев өзінің алғашқы үлкен кеңесін браконьерлік проблемасына арнады. Қызу әңгіме барысында ол браконьерлік «мафия» тарапынан балық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне төнетін қауіп-қатер туралы еске салды: «Адамдар қорқады. Осы рас па?». Залдағылардың көпшілігі бастарын изеп, мақұлдады.

24 сәуірде Атырауда Исатай мен Махамбет алаңында бірнеше мыңдаған адам қатысқан рұқсат етілмеген митингі өтті. Олар жерді ұзақ мерзімді жалға беруге, соның ішінде, шетелдіктерге жалға беруге және сатуға мүмкіндік беретін ҚР Жер кодексіндегі өзгерістерге наразылық білдірді. Алаңға келген облыс әкімі Ноғаев митингіге шығушылардың талаптарын Астанаға жеткізуге уәде беріп, сонымен қатар, қатысушылар қудаланбайды деп кепілдік берді. Осыдан кейін 4 сағаттай уақытқа созылған митингі аяқталып, адамдар бейбіт түрде үйлеріне тарасты. Сол күні Құлсары қаласында 300-дей адам қатысқан «жер» митингісі өтті.

Мамыр. Манарбек Өтеуов полиция лейтенанты атағынан айырылумен қатар, қатаң режимдегі колонияда 22 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді.

16 мамырда Атырауға (айлық норма 23 мм) бұршақты нөсер жауын кезінде 24,5 мм жауын-шашын түсті. Наурыздағы нөсерден әлі бас көтермеген жеке сектор тағы да су астында қалды. Қоғамдық белсенді Макс Боқаев 21 мамырда Жер кодексіндегі өзгерістер тақырыбында митингі өткізуге өтініш берді. Бірақ, оған рұқсат берілмеді. Ал бірнеше күннен кейін ол Талғат Аянов екеуі «рұқсат етілмеген митингіге қатысуға үндегені үшін» 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Осыдан кейін екеуі де қамаудан шықпады: әкімшілік мерзім аяқталуға бір күн қалғанда олар өздеріне қарсы қозғалған қылмыстық істің аясында тергеу абақтысына ауыстырылады. 21 мамырда таңертеңнен бастап Атырауда полиция мен штаттық киім кигендер Исатай мен Махамбет алаңын қоршап алып, ол жерге ешкімді жібермеді. Алаңға жақын маңда әр жерде бөлек жүрген адамдар тобы әрі қарай не істеу керектігін талқылады, кейбіреулері Жеңіс бағы жаққа қарай қозғалды. Полицейлер оларды ұстап алып, автобустармен алып кетті. «Қолы бұралғандар» қатарында «АЖ» тілшісі Мұрат Сұлтанғалиев та болды. Атырау қалалық жергілікті полицей қызметінің бастығы Ерлан Биғамбаевтың бұйрығымен төрт полицей журналисті аяқ-қолынан ұстап, автобусқа сүйреп апарған. Биғамбаев одан редакцияның ұялы телефонын тартып алып, оны ІІД-де жауап алуға алып кеткен кезде, бүкіл бейнежазба мен фотосуреттердің барлығын жойып жіберген. «АЖ» Бас прокурорға, ішкі істер министріне, ақпарат министріне полицейлерді ҚР ҚК-нің 158-бабы («Журналистiң заңды кәсіби қызметiне күш қолданып кедергi жасау») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ашық хат-шағым жолдады. Сонымен қатар, бұл күні халықаралық трассадан қалаға кіретін жол ұзақ уақытқа жабылды. Полицейлер қалада төтенше жағдай енгізілді деп желеуретті.

Жарбосынов көшесінің бойындағы «Ақ Жайық» ЖШС-де Атырау қаласындағы Ұлттық баспасөз клубының ашылуы өтті.

Облыстық «Атырау» футбол командасының бас бапкері Владимир Никитенконың орнына болгар маманы Стойчо Младенов тағайындалды.

Маусым. Атырау қаласындағы Ұлттық баспасөз клубында Қазақстандағы танымал журналистер мен құқыққорғаушылардың қатысуымен 2016 жылдың сәуір-мамырында бейбіт митинг өткізу бастамасы үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды қолдау үшін құрылған «Араша» комитетінің баспасөз конференциясы өтті.

15 маусымға қараған түні «Сарайшық» коммуналдық базарының ғимаратында күшті өрт болды. Өрт сөндіріліп, базар белгілі бір уақытқа жабылды.

Ай соңында Атырау әлденеше рет түнгі «газ шабуылына» ұшырады. Экология департаменті тағы да ауа ластану көздерін анықтау шараларын алуға» уәде берді.

Шілде. Облыстық мәслихат сессиясында облыс әкімі Н.Ноғаев депутаттардың бірінің сұрағына жауап бере отырып, «Бейбарыс» хоккей клубының таратылмайтынын, бірақ, оның бюджеті шамамен екі есеге қысқаратынын хабарлады. 6 шілдеде Құлсары-Теңіз трассасында «Шевроле Трекер» мен «Лада» бетпе-бет соқтығысты. «Лада» жүргізушісі мен оның екі жолаушысы сол жерде көз жұмды. Ал екі күннен кейін Атырау-Орал трассасында кісі өлімімен аяқталған көлік апаты орын алды. Көліктер бетпе-бет соқтығысып, үш адам қаза болған.

Наурызда телефон арқылы полицияға Геологтағы автобус аялдамасында жарылғыш құрылғысы орнатылғаны туралы хабарлаған Атыраудың 30 жастағы тұрғынына үкім шықты: ол екі жыл жарым жаза алды. Бұдан басқа, ол жоқ бомбаны мұқият іздестірген саперлерге 74 мың теңге төлейді.

Атырауда Жер реформасы бойынша республикалық комиссия отырысы өтті. Көптеген комиссия мүшелері мен залдағы тыңдармандар тергеу абақтысындағы М.Боқаев пен Т.Аяновқа қолдау білдіріп, сөз сөйледі.

Құрманғазы, Исатай аудандары мен Атыраудың екі ауылдық округінде мүйізді ірі қараның нодулярлы дерматит індеті шықты: 2,5 мың сиыр ауруға шалдығып, 230 сиыр өлді. Бұл аумақтарға карантин жарияланды.

Атырау мұнай және газ институты университет мәртебесін алды.

Тамыз. Бюджет қаржысын ұрлады және мердігерлерден пара алды деп айыпталған қалалық құрылыс бөлімінің бұрынғы бастығы С.Жұмашбаевқа және оның қарамағындағы С.Қайыров пен А.Бижановқа үкім шығарылды. Процесс барысында олар мемлекетке тигізілген бүкіл зиянды (64 млн теңгеден астам) өтеді. Жұмашбаев пен Қайыров 2 жылға бас бостандығынан, Бижанов – шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айырылу жазасын алды.

Жергілікті тұрғындардың бірі Атыраудағы кілем дүкендерінің бірінен Лолита Милявскаяны камераға түсіріп алған. Кейінірек танымал әншінің бұл жерге Роза Рымбаевамен, Дильназ Ахмадиевамен, Стас Ярушинмен және Арарат Кещянмен (ресейлік «Универ» телесериалы) бірге бұрын облыс әкімінің орынбасары лауазымын атқарған, қазір Астанада жұмыс істейтін шенеуніктің қызының тойына келгені анықталды. Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазба үлкен резонанс тудырды. Онда Кещянмен бірге Астраханнан Атырауға көлікпен келе жатқан Ярушин: «Есім шығып кетті. Астрахан-Атырау жолын жөндеумен айналысыңыздаршы, бұл жермен жүру мүмкін емес қой, бұл жерде күні кеше соғыс болған сияқты», деді. Атырау облыстық әкімдігінің көлік жолдары басқармасы әртістің бұл тосын сөзіне: мынадай жол учаскелеріне жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, жұмыс құны мынадай, жұмыстар мынадай уақытта басталады, деп ресми түрде жауап берді.

Қыркүйек. Атырауда орталық көпір маңында мұнай өндіруші саланың символы – тербелме-станок орнатылды. Бұл шынайы ұңғыма механикалық тартпа арқылы бірқалыпты «басын изеп» тұрады. Тек мұнай өндірмейді.

Атырау облыстық мүгедектер спорт клубы жеңіл атлетика бойынша чемпионат өткізді: қатысушылар 100 және 200 метр жерге жүгіру, дискі мен найза лақтыру, ядро лақтыру бойынша сайысты. Протез киген, көру қабілеті бойынша, тірек-қозғалту аппаратында проблемасы бар және балалардың сал ауруына шалдыққан жандардың осылайша беріле сайысқанын көргенде, аяқ-қолы сау адамдардың тұрмыстық кикілжіңдер үшін ренжуі ұят деп ойлайсың.

Қазан. Атырау қалалық №2 сотында азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аяновқа қатысты қылмыстық іс басталды. Олар ҚР ҚК-нің 174-бабы («Әлеуметтік алауыздықты қоздыру»), 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») және 400-бабы («Митингілердi, көше шерулерiн және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн бұзу») бойынша айыпталуда.

Атырауға Қорғаныс министрлігі және ҚР Экологиялық бақылау комитеті өкілдерімен бірге сенатор С.Еңсегенов келді. РФ әскери полигон ретінде жалға алып отырған аумақты қысқарту бойынша штаб отырысында мынадай цифрлар айтылды: Атырау қаласындағы Ақсай ауылдық округіндегі 753 га жердің 740 га-ын, Тайсойғандағы 749 мың га жердің 624 мыңын ресейлік тарап қайтарады. «Ал енді бізге мұншама жерді атыс үшін ұстау қажет те емес, - деді «АЖ» тілшісіне полигон басшысы, ресейлік №15650 әскери бөлімінің командирі В. Задорожный. – Қазір Ресейдегі әскери техниканың деңгейі, тіпті, сіріңке қорабын атып түсіруге мүмкіндік береді».

Қараша. «Жер митингісі» туралы іс бойынша процеске төрағалық етуші судья Г. Дәулешова қорғау тарапының шақыртуы бойынша Атырауға арнайы келген Қазақстандағы адам құқықтары жөнiндегi халықаралық бюроның директоры Е.Жовтисті тыңдаудан бас тартты. Алматыға кері ұшар алдында Жовтис «АЖ» тілшісіне бұл процесті саяси процесс деп есептейтінін айтып, «Қазақстанда бейбіт жиын еркіндігі жөніндегі құқық саласын менен көп білетін адамдар аз екенін нақты білемін, мен осы саланың сарапшысымын. Мен ҚР Конституциялық Кеңесіне бірнеше рет тұжырым бердім, ал ол жерде еліміздегі үздік заңгерлер отыр деп ойлаймын. Олар менің білімімді елемей қалған жоқ, ал Атырау қаласындағы судья өзіне менің білімім керек емес деп есептейді» деді.

АМӨЗ-дің бұрынғы бас директоры Талғат Байтазиевтің «АЖ» үшін арнайы «Мен қашқын олигарх емеспін» деп аталатын резонанстық үлкен сұхбаты жарияланды. №2 қалалық соты дәлелдерді бұрмалау, билікті асыра пайдалану, сыбайлас жемқорлыққа, қызметтік жалғандыққа және басқа да бірқатар қылмыстарға айыпталған Атырау қаласындағы ІІБ-нің 9 қызметкеріне қатысты қылмыстық істі қарауды бастады. Олардың барлығы Д.Кимді өлтіргені үшін 22 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесіліп, «өкініш білдірген полицей» М.Өтеуовтің хаты бойынша прокурорлық тергеу нәтижесімен сотталушыларға айналды. Қалалық криминалдық полицияның бұрынғы басшысы Н.Қабдешевке және аға жедел уәкіл Б.Шалтеновке қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлінді. Ол бойынша тергеу ісі әлі аяқталған жоқ.

«Эйр Астана» Атыраудан және Атырауға ұшатын бірнеше рейсті тоқтатып тастады. Әуе компаниясының баспасөз қызметі мұның себебін - «Атырауда атмосфералық қысымның әуе кемесін пайдалану үшін жоғарғы шекті мәннен асуына байланысты» деп хабарлады. Ал «Бекэйр» және «Скат» компанияларының ұшақтары бұл күндері ештеңе болмағандай ұшып келіп, кетіп жүрді.

«Жер митингісі» туралы іс бойынша сот процесінде М.Боқаев пен Т.Аяновқа қатысты үкім жарияланды: екеуіне де 5 жылға бас бостандығынан айырылу үкімі шығарылды.

Желтоқсан. Интернетте Атырауда өткен тойдың бейнежазбасы пайда болды. Әдеттегідей шара секілді, алайда, залда орнатылған экраннан салтанатқа қатысушыларды парламенттің бұрынғы депутаты әрі Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың інісі,

Атырауда Ахаман есімімен танымал Аманжан құттықтайды. Бұл бейнежазба қашқын ағайындылардың қазір Ұлыбритания астанасы Лондонда аман-сау өмір сүріп жатыр деген көптен бері айтылып жүрген бейресми ақпаратты жанама түрде растайды. Атырауда Нұрсұлтан Назарбаев «іске қосу» түймесін басып, телекөпір арқылы Қашаған кеніші нысандарының бірінен кейін бірінің іске қосылуына бақылау жасады. Іс жүзінде шара шартты түрде өтті. Қыркүйек айында NCOC консорциумы сынама мұнай өндірудің басталғаны туралы хабарлады, ал қарашада коммерциялық мұнайдың жөнелтіле бастағаны туралы ресми хабарланған болатын. ТШО-да «ерікті түрде жұмыстан кету бағдарламасы» жүзеге асуда. Бейресми мәліметтер бойынша: шамамен 300 қызметкерге өз қалауы бойынша 20 мың доллар өтемақы алып, жұмыстан кету ұсынылған.

1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасына қатысушы оқиғаны «Жаппай аяусыз соққыға жықты» деп еске алады.

Қалалық мәслихат депутаттары Атырау қаласының 2017 жылғы бюджетін бекітті: ол 99 миллиард теңгені құрайды, мұндағы 70 миллиард облысқа жұмсалады.

8 жыл бұрын құрылысы басталған облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының ғимараты пайдалануға берілді.

29 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.