Атырау, 19 сәуір 04:54
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Бұл жерде мамырға дейін тұрамыз, әрі қарай өзіміз күн көреміз ғой»

3 415 просмотра

Николай ОРЛОВ пен Елена ПРИДАНОВАНЫҢ отбасы Жаңа жылды Әлеуметтік бейімдеу орталығында өткізеді. Отағасына әзірге құжаттарын қалпына келтіру мүмкін болмай отыр.

Естеріңізге салсақ, бұл отбасының тауқыметі Атырау тұрғыны Мұхамметдин ОРАЗЫМБЕТОВТІҢ арқасында жұртшылыққа мәлім болған еді. Елена мен Николайдың әрқайсысының өмір жолдары оңай болмады, ақырында тағдыр оларды бір-біріне жолықтырды. Көп жыл бойына олар басқа адамдарға жұмыс істеді, олардың шаруашылықтарына күтім жасады, туыстарынан да, биліктен де көмек сұрамады. Кейіннен баспасөзбен тілдескен соң, тіпті, дәрігерге қашан қаралғандарын да естеріне түсіре алмады. Балаларының үшеуін де Елена үйде медиктердің көмегінсіз өзі босанған, олардың кіндігін Николай кесіпті.

Өткен жылы желтоқсанның басында олар уақытша тұрып жатқан жұмыс берушінің үйі өртеніп кетті. Ата-анасының да, балаларының да қолдарында ештеңе қалмады, тіпті, жеке басын куәландыратын құжаттар да.

Бастапқыда оларға қолдарынан келгенше көршілері көмек көрсетті, уақытша баспана жалдап беріп, азық-түліктер алып берді. Содан кейін жұртшылық қосылды. Істің егжей-тегжейін анықтау үшін сол кезде қалалық әкімдік жанынан комиссия құрылды. Билік оларға құжаттарын қалпына келтіріп, жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге көмектесуге уәде берді.

Бастапқыда ең алдымен Еленаға қатысты проблемалар туындауы мүмкін сияқты болатын. 2010 жылы оны қателесіп, ресми түрде қайтыс болған деп таныған: әйелдің туыстары фотосуреттер арқылы мүлдем басқа әйелдің мүрдесін «таныпты». Кейінірек сот қайтыс болғаны туралы акт жазбасының күшін жойды. Әлеуметтік бейімдеу орталығы қызметкерлерінің қолдауымен жазда Елена жеке бас куәлігін алды, одан кейін балалардың құжаттары ресімделді. Қарашада қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі балалар жәрдемақысын тағайындап, отбасына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлей бастады.

Ал Николайдың құжаттарын қалпына келтіруде қиындықтар туындады. Оның ешқашан қазақстандық жеке бас куәлігі болмаған, тек кеңестік дәуір үлгісіндегі төлқұжаты ғана болыпты. Жеке бас куәлігін ресімдеу үшін туу туралы куәлігі қажет. Ал ол Жезқазған облысының тумасы, бұрын фамилиясы басқаша болған (анасының фамилиясы бойынша - Орлов). Осыған байланысты 2016 жылдың ақпанында көші-қон полициясы арқылы Жезқазған қалалық азаматтық хал-актілерін тіркеу бөліміне сауал жолданды. Бірақ, әзірге жауап жоқ. Осы себепті орталық Николайға жеке бас куәлігін ресімдей алмай отыр.

– Біз Жезқазғанға үнемі қоңырау шалып отырмыз. Бірақ, әзірге жауап болмай отыр. Ережеге сәйкес, отбасы біздің орталықта тек бір жыл ғана бола алады. Тіпті, мамырда олардың қайда жіберілетінін білмеймін, - дейді белгілі бір мекенжайы жоқ тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Өміржан ЖҰМАНИЯЗОВ.

Орталықта құжаттары жоқ адам жалғыз Николай емес. 31 тұрғынның төртеуі де ҚР азаматтарының тізімінде жоқ.

– Николай мен Еленаның отбасына пәтер бөлуге біздің құқығымыз жоқ – олар кезекке тұрмаған. Осы себептен жатақханадан да жекешелендіру құқығынсыз бөлме ұсына алмаймыз, - дейді қала әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ.

Ал Еленаның өзі құжат алғанына қарамастан баспанаға кезекке тұрмаған.

Алина мен Валентин

Осы хикаяның бүкіл егжей-тегжейін анықтау үшін біз Орталыққа бардық. Балалар бір жылдың ішінде өсіп қалыпты. Өткен жылы анасының құшағында отырған кішкентай Светлана құлдыраңдап шауып жүр. Осы үш баланың ішінде білімқұмары - әпкесі Алина. Ол фотокамера объективінің алдына бой түзей қалып, сол мезет көрсетуді талап етті. Әдемі қызға көйлек кигізіп қойғың-ақ келеді, ал ол үнемі шалбар киіп жүреді. Үлкені Валентин салмақты бала, келесі жылы мектепке барады екен. Туған кезден бастап олар табиғат аясында өмір сүрді, бірде-бір рет ауырмаған. Бақтарына қарай, қалаға ауырмай-сырқамай бейімделді. Балалар сол қалпы, аса жүдемеген. Емханада оларға барлық қажетті екпелер егілді. Олар жаңа өмірге, орталықтың басқа тұрғындарына тез үйренісіп кетті. Ата-аналарына да балаларынсыз қызық емес, балалар өз бөлмелерінде отырып қалса, оларды іздеуге шығады. Ал 28 желтоқсанда орталық әкімшілігі жаңа жылдық шырша мерекесін өткізуге уәде берді. Сәбилер үшін бұл тұңғыш мереке болмақ.

– Бұл жерде іш пыспай ма, ұзақ жыл еркін өмір сүріп қалғаннан кейін жұмыссыз режим бойынша уақыт өткізу жалықтырмай ма? – деп сұрадым мен ересектерден.

– Мен қолымнан келгенше табыс тауып жүрмін, кафеде түрлі жұмыстар жасаймын, бір таныс егде әйелдің шаруашылығына көмектесемін. Ал Николай бұл уақытта балалардың қасында болады. Оған құжатсыз ресми түрде ешқайда жұмысқа орналасуға болмайды. Полиция да кез келген уақытта тоқтатуы мүмкін. Ал оның жеке бас куәлігі жоқ, проблемалар туындауы мүмкін, - дейді Елена.

– Күні бойына төбеге қарап жату қиын екен. Не істейін, балалардың да қасында біреу болуы керек. Құжаттарымды алуға көмектеседі деп сенемін, қызметкерлерге, әсіресе, орталық директорына рахмет. Олар барынша қол ұшын беруде. Бұл жерде мамырға дейін боламыз, әрі қарай өзіміз бірдеңе етіп күн көреміз ғой. Қолымыздан келеді, - дейді Николай сеніммен.

Мен Еленадан неліктен құжат қолына тиген бойда баспанаға кезекке тұрмағанын сұрадым.

– Ал менің Балықшыда пәтерім бар. Рас, інім қайтыс болған соң оны келінім өз атына ресімдеп алған, бірақ, менің оған құқығым бар ғой. Неліктен бізге әке-шешемізден қалған пәтерде ол тұруы тиіс? Мен кезінде үйден сол үшін кетіп қалған едім, - дейді Елена. Ол өз мұрасы үшін келінімен соттаспақшы. Орталық заңгері оған кеңес беріп, арыз ресімдеуге көмектесуге әзір.

Қоштасар кезде біз, бәлкім, отбасына әлдебір көмек керек пе деп сұрадық. Ерлі-зайыптылар ештеңе қажет емес деп, бас тартумен болды, алайда, менің балалар үшін сыйлықтар жөнінде айтқанымды естіген соң, Елена «жақсы болар еді» деп, қуана басын изеді. Және ең кенжесі үшін 5-ші өлшемді жөргек (памперс) қажет екен. Тағы байқағаным, Николайға 42-ші өлшемді қысқы аяқ киім мен шамамен 46-48-ші өлшемді күрте керек. Ал ол бізді маусымдық бәтіңкемен және жеңіл күртемен шығарып салды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

29 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.