Атырау, 29 наурыз 10:30
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Жатақхана тұрғындары енді уәдеге сенбейді

3 166 просмотра

Бірнеше жылдан бері апатты деп танылған Говоров көшесі, 12-үй мекен-жайындағы бұрынғы жатақхананың тұрғындары үйлері күреледі деп күтуде. Атыраудағы көптеген апатты үйлердің тұрғындары да осы жағдайды бастан кешіруде. Алайда осы үйдің тұрғындардына билік жаңа баспана береміз деп әлденеше рет уәде беріп, нақты мерзімдер белгілеген болатын. Уәде етілген мерзімдер өтіп кетті, алайда жаңа пәтерлер әлі жоқ.   

Тұрғындар бұған төзбеді – 2009 жылдың 13 қарашасында өткен тікелей желіде президентке шағым жазып жібереді. Айта кетелік, ол кезде халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері қазақстандықтарды көп мазалайтын проблемалар бестігіне енген болатын. Келесі күні тұрғындарға әкімдіктен өкілдер келіп, құжаттарын жинақтай беруге тапсырма беріп, маусым айында Алмагүл-2 ықшам ауданынан пәтерлер беруге уәде беріп кеткен. Оның үстіне, тіпті болашақ баспаналарын - 6-шы қабаттан балконы жоқ мансардты пәтерлерді көрсетіп, жазбаша келісім берулерін сұраған. «Біз ол кезде осы тозақтан кету үшін кез-келген шарттарға дайын болған едік, - деп әңгімелейді Говоров, 12 үйінің тұрғындары. – Біздің үйіміз көптен бері антисанитарлық жағдайда тұр. Анайы түрде айтсақ, аулада әжетхана қазатын жер де қалмаған. Суды үнемі ажыратып тастайды, қыста тұрба құбыры қатып қалады. Ал өзіміз көше аралап, су іздеп кетеміз. Электр энергиясы туралы айтатын ештеңе де жоқ, желді күндері желілер үзіліп, бірнеше күн бойына жарықсыз отырамыз. Үйде үлкендігі мысықтай егеуқұйрықтар қаптап кеткен, тіпті балаларымызды бір минутқа да жалғыз қалдыруға қорқамыз. Өйткені балалары түрлі сырқатқа (мәселен, туғаннан жүрек ақауы бар, психикалық дамуы кешеуілдегендер) шалдыққандар есебінде тұрған отбасылар көп, бір әйелдің денесінің бір бөлігі сал боп қалған, өзі әзер қозғалып жүр».

Маусымда да, шілдеде де оларға пәтер берілмеген. 2010 жылдың 20 тамызында олар облыс әкімінің қабылдауына жазылу үшін облыстық әкімдікке барған. Оларды ғимараттың ішіне кіргізбепті. Алайда жиналған топ өздеріне назар аудартып, кешікпей оларға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі Нұрлы Хабиева келіп, оларды өз кабинетіне шақырған. Сол жерде Хабиева ханым Алмагүл-2 ықшамауданындағы алтыншы қабаттардағы пәтерлердің барлық тұрғындарға жетпейтіндігін, сондықтан оларды 2010 жылдың қарашасында Нұрсая ықшамауданындағы баспанадан беру ұйғарылғандығын түсіндірген. «Бізге пәтер кілтін міндетті түрде қараша айында алатынымызға сендірді, бірақ көшуді кідірте тұруға тура келетінін, өйткені әрлеу жұмыстары шамамен наурыз айында аяқталатынын айтты. Пәтерлерді күзде бөліп тастады, ал уәде етілген кілттер қолымызға тиген жоқ. Тұрғын үй-шаруашылық бөліміне жұмысқа барғандай үнемі барып, табалдырығын тоздырдық, бөлім мамандары біздің бет-жүзімізді жаттап алған», - дейді жатақхана тұрғындарының бірі Айнагүл. Оларды тағы да алдап кетеді деп қауіптенген тұрғындар барлық инстанцияларға қайтадан хат жазуды қолға алған.   

Біздің жазбаша сауалымызға қалалық әкімдіктен қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВТІҢ қолы қойылған ресми жауап келді. «Соңғы жылдар ішінде қаланың мемлекеттік тұрғын үй қоры уақытында оны қолдау жөніндегі қаржыландыру жұмыстары болмағандықтан апаттық жағдайда тұр. Говоров көшесіндегі 12-ші үй облыстық сәулет-құрылыс бақылау департаменті ғимаратының техникалық жағдайы туралы қорытындының негізінде күреуге кететін апатты көппәтерлі үйлердің тізіміне енгізілген. Нұрсая ықшамауданындағы жаңа коммуналдық үйлерге тұрғындарды көшіру 2011 жылға жоспарланған».

Біз көшіру мерзімі туралы қалалық тұрғын коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы Марта НҰРҒАЛИЕВАДАН нақтыламақ болғанбыз. Нақты қай ай екенін ол атамады, бірақ жоспар бойынша 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында Нұрсаядағы үйлер тапсырылғаннан кейін көшірілетінін айтты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

19 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.