Атырау, 19 сәуір 16:02
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Спорт жаңалықтары

2 475 просмотра

БАСКЕТБОЛ

Image 0

Атырауда 4-ші ықшам ауданындағы №1 олимпиадалық резервтегі балалар спорт мектебінің залында 2001 ж.т. жасөспірімдер арасында баскетболдан еліміз чемпионатының финалы өтті.

Бұл екінші қорытындылаушы тур болды. Наурыз айында Щучинскіде өткен бірінші турдың қорытындысы бойынша «Атырау барыстары» баскетбол академиясының командасы барлық жеті матчта жеңіске жетіп, турнирлік кестеде бірінші орынға жайғасты. Екінші турға он команда қатысты. Бастапқы матчта алдын ала өткен айналымда «барыстар» күтпеген жерден қостанайлық құрдастарына есе жіберіп алды. Ұтылғанына ызаланған олар өз бапкері Саламат Торғаевтың басшылығымен жіберген қателіктері бойынша жаттығу жүргізіп, келесі матчта Орал қаласынан келген команданы 65:15 есеппен ойсырата жеңді. Одан кейін ересектер тобындағы «Төрттік финал» бойынша топтағы мықты командалар екі-екіден өзара ойнады. Оған «барыстардан» басқа Алматы, Шымкент және Қостанайдан келген командалар да қатысты. «Атырау барыстары» барлық үш ойында да жеңіске жетті.Нәтижесінде финалда «Қостанай» командасымен бақ сынасты. «Алматы» және «Шымкент» командалары «қола» үшін ойнап, шымкенттіктер басым түсті. Ақтық сайыста «Атырау барыстары» қостанайлықтарды тізе бүктірді, барлық талаптар бойынша 12 ұпай жинады. Жерлестеріміздің жеңіске жетсек деген армандары орындалды.

- Қостанайлық қорғаушылар біздің команданың шабуылшысы Нұртас Телеубаевты тоқтата алмады. Ол барлық команда ұйымдастырған ойынның шабуыл шебінде жүрді.Бұл матчта команда 42 ұпай жинады. Шабуылдай отырып біздің балалар шебер қорғана да білді, - дейді С. Торғаев. – Сондай-ақ, қарсылас команданың торына түспеген допты шабуылшыға қайтара алып беріп отырған біздің орталық ойыншысы Темірлан Қабдоловтың керемет ойыны мен қорғаушы Нұрасыл Өтегеновтың (ол Ганюшкеннен) шеберлігін атап өтуге болады. Біздің «Қостанай» командасының құрамында Алматы спорт интернатының негізгі алты ойыншысының болуына қарамас-тан қол жеткізген жеңісіміз осынысымен де бағалы болды.

Image 1

«Барыстықтардың» бапкерлері чемпионаттың екінші турына команданың жете дайындалғанын атап өтті. Жас спортшыларға ата-аналар комитетінің қаржысы есебінен ұйымдастырылған «Сосновый бор» пансионатында өткізген оқу-жаттығу жиындары пайдасын тигізді.

Турнирге қатысқан ҚР мемлекеттік жаттықтырушы Иван Сергеевич Гайна «барыстықтардың» ойынына риза болып Н. Телеубаевты, Т. Қабдоловты және Н. Өтегеновты ҚР жасөспірімдер құрамасына қабылдады.

Сурет С.Торғаевтікі

***

ТЕННИС

Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-нің «Жайық» спорт кешенінде ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған үстел теннисінен халықаралық турнир өтті.

Жарысқа Ресей, Өзбекстан және Қазақстан ұлттық құрама ойыншылары қатысты. Атырау намысын жергілікті теннисшілер (Айбек Қайралиев, Иван Усачев және Алексей Хен) командасы қорғады. Өкінішке орай, біздің спортшыларымыз алдын-ала өткізілген айналымда ұтылып, медаль үшін таласқа қатыса алмады. Командалық есеп бойынша бірінші орынды Орынборлық команда иеленді, екінші орын Қазақстан құрамасына бұйырды, үшінші орынды Өзбекстан құрамасы еншіледі. Жеке біріншілікте «алтынды» 2016 жылғы олимпиадаға қатысушы өзбекстандық Захит Кенжаев жеңіп алды, «күміске» 2016 жылғы олимпиадаға қатысушы Сергей Андрианов (Орынбор), «қолаға» - ҚР құрамасының мүшесі Кирилл Герасименко ие болды.

Халықаралық турнир аяқталғаннан кейін спортшылар мен жанкүйерлер «Нұрсая» спорт кешеніне орналастырылып, үстел теннисінен ҚР суперлигасының ашық командалық чемпионатының финалдық турына қатысты.

Чемпионат қорытындысы бойынша «алтынды» ташкенттік «Хван Ман Гым» командасы жеңіп алды, «күмісті» - «Атырау» командасы (Тимур Келбұғанов, Денис Желудев, Эрик Райтер, А. Қайралиев және И. Усачев), «қоланы» - «Астана» үстел теннисі клубының командасы иеленді.

***

ТАЕКВОНДО

Өскеменде жастар арасында таеквондодан ел чемпионаты өтті.

Атыраулық Жадыра Хайруллина 63 келіге дейінгі салмақ бойынша ел чемпионы атанды. Мерген Гайниев 73 келіге дейінгі салмақта «қола» жүлдеге ие болды.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

22 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.