Атырау, 29 наурыз 11:56
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Есiмдi жисам – гипс...

2 489 просмотра

Қалың қар басқалы бері травматология мамандарының жұмысы күрт көбейді.

26 қаңтарда облыстық аурухананың травматология бөлімшесіне 7 адам түсті.

- Қар көп жауып, тайғақ басталғалы бері біздің пациенттеріміздің саны айтарлықтай артты. Қазір бізге тәулігіне орташа есеппен алғанда түрлі жарақаттармен 5 адамнан түсіп отырады. Негізінен білек, иық және тобығы шыққандар келеді. Егде жандармен қатар жастар да зардап шегуде,-деп әңгімелейді травматология бөлімінің меңгерушісі Асхат БИСЕНҒАЛИЕВ. Оның осы айтқандарын растағандай бөлмеге 18 жастағы Ерболат ӘКЕНИЯЗОВ кірді (суретте оған гипс салуда). Жас жігіт кешқұрым тайып құлап, жай ғана қолын шығарып алдым деп ойлаған. Түсірілген рентген жарылған сүйекке гипс салмай болмайтындығын көрсеткен. Енді жас жігітке бір айдай уақыт өз қозғалысын шектеуге тура келеді. 

Травматолог-дәрігердің айтуынша, сирек жүретін көшелер мен қоқыс контейнерлерінің маңында қаптаған қаңғыбас иттер боранды күндері тұрғындарға бас салуда. Ал, жол-көлік оқиғасына тап болған пациенттер саны керісінше, азайып кеткен. Автоәуесқойлар тайғақтың салдарынан сақтықпен жүргізетін болған немесе мұндай ауа-райында жүруге тәуекел етпей отыр, соның нәтижесінде жолдағы көлік саны азайған.

Бағымызға қарай, біздің облысымызда солтүстік аймақтағыдай салқындық жоқ, содан да болар, үсікке ұрынған пациенттер жоқтың қасы.

- Өткен жылы біз ондай пациенттердің 35-ін емдеген едік, -дейді  2-ші хирургия бөлімінің меңгерушісі Сайын ШУМИРОВ. Ал, биылғы жылы үсікке шалынған шағыммен барлығы 10 адам ғана түсті, олардың көпшілігінің нақты тұратын мекен-жайлары жоқ. Олардың барлығы да аяқ-қол саусақтары, кейде толығымен тобыққа дейін үсіп кеткендер. Далада немесе ауа-райының қолайсыздығы кезінде өндіріс-те  жұмыс жасап, үсікке шалынған адамдар бөлімшеде жоқ. Үш пациентті біз өткен аптада шығарып жібердік, бүгінгі күні бөлімшеде тағы да үш адам жатыр.

Хирургтің айтуынша, ондай пациенттерді емдеу қиын емес, ауруханадан шығару жағы қиындық туғызады, өйткені, олардың баратын жерлері жоқ. 

- Бұл медициналық емес, әлеуметтік проблема, - дейді Сайын Шумиров. – Үсіктен жаңа ғана емделіп шыққан адамды аязға қалай шығарып жібересің, сондықтан көктемді күтуге тура келеді. Бірде сондай бір пациентпен төрт ай жүрдік, тіпті, құжаттарын қайта жасауға да атсалыстық.

- Осылайша, үйсіз-күйсіз қаңғыбастар ең көп дегенде алты апта емделеді, ал, ауруханада 3-4 ай жатады. 

Бір ғажабы, осы қарлы күндерде көшеден бірде-бір қаңғыбас көрінбейді.

- Бұған өзіміз де таң қалып отырмыз,– дейді Атырау облысы ІІД қабылдау-тарату орынының бастығы Өмірбек МЕҢДІҒАЛИЕВ. Полиция қызметкерлері мен біздің қызметкерлер құжатсыз жүрген және тұрақты мекен-жайы жоқ азаматтарды анықтау бойынша үнемі рейдтер жүргізіп отырады. Алайда, жыл басынан бері бізге ешкім түсе қойған жоқ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор  

2 ақпан 2012, 14:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.