Атырау, 25 сәуір 04:59
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Жұмекен оқуларының жеңімпазы анықталды

5 774 просмотра

Махамбет атындағы облыстық драма театрында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Мемлекеттік әнұранның (мәтіні) авторы, көрнекті ақын Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің I республикалық байқауы өтті.

Байқау ұйымдастырушысы - Атырау облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы. Байқауға 18-35 жас аралығындағы еліміздің әр өңірінен келген 17 қатысушы қатысты. Байқау шарты бойынша олар кәсіби актерлар және өнер саласының кәсіби мамандары болмауы тиіс болатын.

Байқауға қатысушылар Жұмекен Нәжімеденовтың поэзиялық және прозалық шығармаларынан үзінді оқыды. Мәтінді оқу уақыты 5 минуттан аспауы керек болды және дайын фонограммаларды пайдалануға тыйым салынды. Одан бөлек, мәтіндерді жатқа білулері тиіс болды. Қазылар алқасы қатысушыларды көркем мәтінді оқу шеберлігі, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына қарап бағалады.

Сонымен, Нәжімеденовтың «Бір үзім нан» әңгімесінен және «Кішкене баллада» өлеңінен үзінді оқыған астаналық қатысушы Жақып МАДИЯРҒА көрермендер ықыласына бөленгені үшін сыйлық табысталды. Арайлы АЛТАЕВА (Шығыс Қазақстан облысы) мен Назерке КУЛЖАБАЕВА (Оңтүстік Қазақстан облысы), Нұрдаулет ТАБЫЛДИЕВ (Атырау қаласы) III орынды иеленді. Айдос ЖҰМАБАЕВ (Маңғыстау облысы) пен Перизат ЖАҢҒЛЫШБАЕВА (Ақмола облысы) II орын алды. Ал Нәзира ӘШІМ (Атырау қаласы) I орынға ие болды. Бас жүлде (ақшалай сыйлық 300 000 теңге) алматылық Гүлім САДЫРБЕКОВАҒА бұйырды. Ол да «Бір үзім нан» әңгімесінен үзінді оқып, «Дала» өлеңін мәнерлеп жатқа айтып берді.

Айнұр САПАРОВА

15 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.