Атырау, 25 сәуір 19:31
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Отбасын ғылымға айырбастаған жан

2 734 просмотра

Өлкетанушы Вячеслав Афанасьев –Атырау облысының энциклопедиясы

Егер Карло әкейдің ақкөңілділігі мен еңбекқорлығын, Эйнштейннің кемеңгерлігін, Вассерманның ғұламалығы мен зерделілігін бір ыдысқа араластырып, оған Том Сойердің пәктігі мен Индиана Джонстың беймәлім нәрсеге құштарлығын қосар болсақ, өзгеше коктейль шығатындығымен келісетін шығарсыз. Егер Атырау мұнай және газ институтының профессоры Вячеслав Константинович АФАНАСЬЕВКЕ осы коктейлдің дәмін татқызса, оның ашырқанбайтынына бәс тігемін. Осы қоспалардың барлығы оның ДНК бұрандасына баяғыда-ақ өріліп қойған. Егер бұл адамды дүйім жұрттың бәрі біледі десем, бір тамшы да қателеспеймін. Бірақ егер оны ешкім де білмейді деп айтар болсам, бұл да шындық болмақ.

 

Соңғы самаурынын сатып...

Вячеслав 1940 жылы Гурьевте дүниеге келген. Анасы аспаз боп жұмыс істеген, ал әкесі әскери адам болған. Соғыс жылдары ол үйіне келген кезде, күтпеген жерден ақсақ бейтаныс жанның (анасы госпитальде емдеген жаралылардың бірінің) үйінде жүргенін көреді. Осы көріністі көрген Константин Афанасьев етігін сықырлатып, кері бұрылады да, есікті тарс жауып, отбасынан біржола кетіп қалады. Тек әкесі туралы естелік ретінде «Гулливер», «Тимур и его команда» және «Дети капитана Гранта» деген мұқабалары әдемі үш кітап қана қалған. Әкесі оларды өзі кеткен соң бірнеше жылдан кейін жолдаған болатын. 

Московский көшесіндегі саман тастан салынған суық үйшікте анасымен бірге тұрған кішкентай Слава еденде, ал анасы жалғыз ғана кереуетте ұйықтайтын. Жылына бір рет, көктемде және күзде Афанасьевтер үйдің қабырғасын жылқының қиымен майлайтын еді, бұл шамалы болса да аяздан қорғайтын.

Шамамен сол кезде Афанасьевтің құлағы мүкістеніп қалған.

- Соңғы самаурынын сатқан анам мені қолтығына қысып алып, дәрігерге апарды: құлағымдағы ау-ру түрлі сырқаттарға ұласып кеткен еді,- деп жалғастырады сөзін өлкетанушы.– Бірақ кеш болатын: есту қабілетімді ақыры толығымен қалпына келтіре алмады.

… Көне Сарайшық қалашығының маңында мекендеген атасы Григорий ТАМБОВЦЕВТІҢ арқасында, Слава археологиямен әуестеніпті. Ескі монеталарды, көне құмыраларды, амфораларды, ыдыс-аяқтар мен әшекейлердің сынықтарын қазып алып жүретін жасөспірім тарих қойнауының тұңғиығына батып, қиялға шомып, армандап, таң қалып жүргенде археология мен тарихтың өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын сезбей де қалады. Ал немересінің жалындаған жанарын көрген қырағы атасы оның қызығушылығына үнемі қолдау көрсетіп жүрді.

 

Сарайшыққа ішкі түйсік апарды

9-сыныпта оқып жүргенде Слава өзінің алғашқы туристік жорығын ұйымдастырды. Өзі секілді қолды-аяққа тұрмайтын жасөспірімдерді жинап алып, қажетті деген заттарын арқалап, балалармен жолға шығады. «Қайда бара жатсыңдар?» - деп айқай салған мектеп директоры, топ басында Афанасьевтің бара жатқанын көріп, ол болса далада қалмайды деп, қолын бір-ақ сілтейді. Дегенмен, уайымдайтын да жөні бар еді. Осы жорыққа сай келмейтін саяси картаны (кеңес кезінде елді мекендердің орналасқан жері мұндай карталарда әдейі бұрмаланған болатын) қолдарына алған оқушылар Сарайшыққа жол тартады. 50 шақырым жол жүргесін адасып кеттік деп ойлайды. Ар-қақаптарын тастап, әлдері кетіп, қарындары ашқан (тамақ алу ешкімнің ойына келмеген) олар төбе басына жайғасып, тәтті ұйқыға кетеді. Ал таң атқан кезде қараса, көне қалашыққа тіке шыққан екен. Болашақ археологтардың түйсіктері мен сезімдері алдамапты.

Үйде оларды ата-аналарының сөгісі күтіп тұрған еді. Балаларды Сарайшықтан кері алып келу үшін оларға тіпті машина да жіберген. Бәрінен бұрын Слава мықтап сазайын тартты. Сол жолы ешкім бұрын назар аудармайтын Афанасьев аяқ астынан мектеп жұлдызына айналды.

 

Вагон орнынан қозғалды

Мектепті тәмамдағаннан кейін Слава құрылысқа ағаш ұстасы боп жұмысқа кіреді: ол кезде бұл беделді жұмыс болатын. Афанасьев Гурьевтегі химия зауытының іргетасын алғаш қалаған жандардың біріне айналды.

Славаның қолы күстеніп үлгерместен, оны қалалық партия комитетінің тапсырмасымен Қазан қаласына автомеханик мамандығына оқуға жібереді. Алайда, ол барған кезде сабақ басталып кеткен екен. Сөйтіп, Гурьевке қайта оралуға тура келген. Үйіне бара жатқан жолда болашақ профессор жанқалтасының тесік екенін байқайды. Бөтен жерде ақшасыз, ата-анасына хабарласа алмай, ешкімге керексіз болған жігіт бір апта бойына аштан-аш вокзал жағалап күн көреді. Қалған заттарын да сығандар ұрлап кеткен еді.

Слава туған қаласына кетіп бара жатқан пойыздарды сағынышпен шығарып салатын. Ол қалай еткенде де үйге жетуді ұйғарады. Бір күні тәуекел етіп, бірінші вагон мен тепловоздың арасындағы буферге секіріп мінеді.

Слава үйіне осылай жеткен еді.

Сәл кейінірек, ол Орал университетіне оқуға түседі. Қолында дипломы бар тарих пәнінің мұғалімі атанады. Басқа кім болушы еді? Ол ашқан керемет әлем анағұрлым айқындалады. Ал Атырау облысының ең құпия жерлеріне жорыққа шығуға жасы жетпістен асса да әлі күнге дейін талпынып тұрады. Күн сайын арқасының ауырғанына қарамастан, бұрынғысынша жаттығуын жасап, күйбің тіршіліктен қол үзіп, өзінің ғылыми еңбектері мен еліктіретін зерттеулеріне кіріседі.

 

Мотороллерді ерттеп мініп...

Осыдан үш жыл бұрын Афанасьев атам заманғы екі мотороллерді сатып алыпты. Енді оның бірін ерттеп алып, велотуристерге туған өлкесінің көрнекі жерлерін көрсетеді екен.

Ал, жеке өмірін ақыры құра алмады. Афанасьевтің ғылымға берілгені сондай, отбасылық өмірдің тірлігімен үйлеспеді. Үйленгеннен кейін бірнеше жылдан соң жұбайы өзімен бірге баласын алып кететінін айтқан. Алайда ғылымға деген қызығушылығы жеке өмірін ойлап, сарыуайымға салынуға мүмкіндік бермеді.

Жұмысына келгенде алдына жан салмайтын ол өзі туралы сыр шерткенді қаламады. Неліктен ұзақ жылдар бойына өз көлеңкесі оның жалғыз ғана серігіне айналғанын ол ақыры түсіне алмаған секілді.

- Соңғы кездері отбасылы болған жаман болмас еді деп сезіне бастадым, - деді ашылып.– Көмекші қажет: жас келіп қалғасын жұмыс жасау қабілетің де нашарлайды екен, үлгермейтін болдым. Егер өлкетану мұражайындағы құрбыларым Елена ПРИДАНОВА мен Наталья КУЗНЕЦОВА болмағанда, мұның бәріне қалай үлгеретінімді білмеймін. Жұмыс сондай көп!».

Жұмыс, жұмыс, жұмыс... Мен оның жеке басы туралы мағлұматтар білмек болып отырсам, ол кезекті олжасы туралы, қаза болған жауынгерлерді іздеу әдісі жөнінде қызыға әңгімелеп берді. Төрт сағаттан кейін қажетті және қажетсіз ақпараттың көптігінен блокнотым, шыдамым және Афанасьевтің қандай адам екенін түсіну үшін миға сақтау қабілетім жетпей қалды.

 

Шежіре әлі аяқталған жоқ

Мен мойынсұнған күйде ол ұсынған мандариндерді сүтпен іше отырып, профессордың көптеген еңбектерін түртіп алып отырдым.

«Археологические открытия» деп аталатын кітапқа Афанасьевтің біршама зерттеулері енгізілген. «Атырау облысының археологиялық ескерткіштерінің тізілімі» - оның зор еңбегінің жемісі. «Памятники северо-восточного Прикаспия», «Ногайская орда», «Сарайчик» еңбектері таңғажайып жаңалықтарға толы. Большевиктер қолынан қаза болған панфиловшылар, Гурьев тарихы мен оның әйгілі тұрғындары, ескі артефактар мен фотосуреттердің көптеген көрмелері, жасырын қоймалар мен жерасты жолдарын іздегендігі жөніндегі ерекше зерттеулері туралы журналдар мен газеттерге шыққан екі жүзден аса мақалалары бар. Осылар жөнінде газетіміздің беттерінде әлденеше рет жариялаған болатынбыз. Афанасьев тапқан жәдігерлерсіз өлкетану мұражайы қаңыраған залға айналып, ал Сарайшық поселкесіндегі мұражайдың ашылуы неғайбыл болар еді. Бес ескерткіш осы адамның ыждағаттылығымен ашылды... Жазып үлгерер емеспін.

Ал оның жоспары әлі де көп екен, зейнеткерлікке шығу туралы ойламайды да, әлі ерте дейді.

- Менің әлі үлгермегенім көп. Гурьевтен соғысқа кеткен жауынгерлердің толық тізімін басып шығаруды және солардың құрметіне Жеңіс бағына обелиск қоюды армандаймын. Жоқ, төрт қабырғада жайбарақат қарттықты өткізу маған қол емес.

Суреттер автордікі және Владимир Истоминдікі

1 ақпан 2012, 20:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.