Атырау, 29 наурыз 19:07
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Рахман Әлжанов: « Алтын үшін көп еңбек ету керек»

3 392 просмотра

25 жастағы Рахман ӘЛЖАНОВ Атыраудың мықты боксшыларының бірі. Ол 2015 жылғы ҚР спартакиадасының жеңімпазы. Рахман біздің бүгінгі қонағымыз.

БОКСТЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАДЫҢ?

- Бала кезімде мен еркін күреспен, дэюдо, футбол және баскетболмен айналыстым. Спортқа өте құмар болдым, бірақ, көпке дейін өзім қалайтын секцияны таңдай алмай жүрдім. Сөйтіп жүріп 11 жасымда «Мұнайшы» спорт кешеніндегі бокс секциясына жаттықтырушы Владимир Пакқа жазылдым да, сол жерде қалып қойдым. Үш жыл бұрын Владимир Андреевич зейнеткерлікке шықты, ал менің тәлімгерім облыстың аға жаттықтырушысы, халықаралық санаттағы спорт шебері Қанат Орақбаев болды.

- Өзіңнің алғашқы медаліңді қашан жеңіп алдың?

- Бокста бірден жеңіске жету мүмкін емес, жылдар бойы техниканы жетілдіріп, біліктілікті арттыру керек. Мен алғашқы медалімді жаттығуды бастағаннан кейін бір жылдан соң облыс біріншілігінде алдым. Одан кейін тағы да алтын медальды Мәскеуде өткен халықаралық турнирде иелендім. 2008 жылы ҚР мектеп оқушыларының спартакиадасында чемпион атандым. Сондай-ақ, Бекзат Саттархановты еске алу құрметіне орай өткізілген халықаралық турнирдің және Менгерей Хайрутдиновті еске алуға арналған халықаралық турнирде жеңімпаз болдым және ҚР жастар ойындарында алтынды жеңіп алып, Жетісу кубогінің иегері атандым.

- Өзіңнің ересектер санатына өтуің қалай болды?

- Еш қиындықсыз өттім. Мен бірден С. Қонақбаев жүлдесі үшін болған турнирде жеңімпаз болдым. 91 келіден жоғары ең жоғары салмақ дәрежесінде бақ сынауға тура келді. 2010 жылдан бастап Қазақстан бокс федерациясының кубогіне қатысып, бірде-бір жекпе-жектен ұтылғаным жоқ. 2012 жылы Маңғыстау командасы үшін алаңға шығып, осы кубоктің жеңімпазы атандым. Өсек-аяң болмауы үшін айта кетейін мені онда ҚР Батыс Қазақстан облыстарының құрамасына шақырды. Онда мынадай ереже болды: тең есептегі матчтық кездесу жеңімпазы өте ауыр салмақ дәрежесіндегі боксшылардың жекпе-жегінің нәтижесі бойынша анықталады. 4:5 есеп бойынша Оңтүстік Қазақстан командасының пайдасына мен Нұрлан Нұрсейітовті жеңіп, есепті теңестіріп, кубокті жеңіп алдым. 2011 жылы Атырауда сәуір айында дәстүрлі түрде өтіп тұратын халық батырлары И.Тайманов және М.Өтемісовті еске алуға арналған ірі халықаралық турнирде мен «алтынға» ие болдым. Кейін осы турнирде тағы да екі рет жеңіске жеттім.

«ЖАРАҚАТЫМ МЕН АҚШАНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІНЕН КЕТТІМ»

- Сенің спорттан кеткен кезің де болды ғой. Оған не себеп болды?

– Мен 2012 жылдың желтоқсанында кеттім. Бұған менің алған жарақатым және маған еңбекақы төленбегендігі себеп болды. Жұмыс іздедім, мейрамханаларда күзетші болып нәпақамды тауып жүрдім. 2013 жылы мен №3 БЖСМ директоры Сейтжан Бегісіновті кездестірдім, ол мені жаттықтырушы етіп жұмысқа алды, жаттығуға оралуыма кеңес берді. Мен 91 келіге дейінгі салмаққа көштім, Атырауда өткен еліміз чемпионатында бірінші жекпе-жекте төрешілердің шешімімен Азия чемпионы Антон Пинчуктен ұтылдым. Бұл жекпе-жекті көргендер маған сен онымен тең түстің, тіпті, кей тұстарда мықтырақ та болдың дегенді айтады. Қызығушылығым артып, мен жаттығуға барымды сала бастадым. 2014 жылы Атырау құрамасымен бірге Моңғолияның Баян-Өлгей қаласында болған халықаралық турнирге қатыстым. Бұл турнирге мықты деген былғары қолғап шеберлері қатысты, оның ішінде 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының финалисі Тугстсогт Ньямбаяр болды. Мен онда «алтынға» ие болдым. Кейін осындай турнирдің А санаты бойынша Кабардино-Болкарда финалист болдым. 2014 жылдың қарашасында ел чемпионатында ширек финалға дейін жеттім. 2015 жылы мен ҚР спартакиадасында жеңіске жеттім. Бұл менің күнделікті жаттығуларымның арқасында мүмкін болды. Мен жарыстарға көп бардым, жекпе-жектерді көп өткіздім, соның жемісі болса керек, басты жарыстарда төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында да жеңіске жеттім. Осылайша мен ҚР құрамасына ендім. Онда бірінші орында Василий Левит, екінші - Антон Пинчук, үшінші мен болдым. Олимпиада алдындағы жылы барлық жарысқа Левит барды, ол Рио Олимпиадасында финалға дейін жетті. Атырау құрамасымен бірге мен Эрзурумеде өткен Түркия президентінің кубогіне қатысып, күміс медальды иелендім. 2015 жылдың қарашасында Финляндияда халықаралық турнирде бақ сынап, финалист болдым.

Рахман Әлжанов (оң жақта) пен Азамат ДОСМАҒАМБЕТОВ

«ПАВЛОДАРДА БІЗГЕ АШЫҚТАН-АШЫҚ БҰРМАЛАП ТӨРЕЛІК ЕТТІ»

- «Астана Арланс» кәсіби бокс клубына өзіңнің қалай қатысқаның туралы әңгімелеп өтсең?

- «Астана Арланс» клубына мені 2015 жылдың желтоқсанында алды. Екінші болдым. Бірінші - Еркін Мұхамеджан. Матчтық кездесулерге барғаным жоқ, спарринг-серіктес болдым. «Астана Арланс» мен үшін пайдалы болды деп есептеймін. Кәсіби бокста жекпе-жек 3 минуттан 5 раундқа дейін созылса, әуесқой бокстан – 3 раунд қана. Сондықтан да әуесқойлар жекпе-жекке ұпай жинау үшін бірден кіріседі. Ал кәсіби боксшылар болса, қарсыласын тактикалық жағынан ұтуға тырысып бағады.

- Кәсіби бокстан оралған соң немен айналыстың?

- 2016 жылдың мамыр айында алған жарақатымның салдарынан оралдым. Емделдім. Қазан айында Шымкентте Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған турнирге қатыстым, толық емделмегесін болар, онда екінші орынды ғана жеңіп алдым. Жақында менің өмірімде маңызды жағдай орын алды, мен үйлендім.

- Құттықтаймын! Павлодарда өткен ҚР чемпионатында атыраулық боксшылардың бірде-біреуіне медаль бұйырмады...

- Атырау атынан 49 келіге дейінгі салмақтан басқа барлық салмақ дәрежесі бойынша спортшылар шықты. Ширек финалға төрт боксшы: Ержан Ордабаев, Азамат Досмағамбетов, Асылхан Ұзақбаев және мен шықтым. Өкінішке қарай, одан әрі ешкім де шыға алған жоқ. Мен және Азамат ринг қожайындарының өкілдерімен өз жекпе-жектерімізде басым түскенімізбен бізді жеңілді деп есептеді. Павлодарлықтар біздің жекпе-жектерімізді барынша әділ бағаламауға тырысты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

8 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.